Үкімет пен ұлттық компаниялар жасанды интеллект технологиясын енгізуді қолға алу керек – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажеттігі жөнінде тапсырмалар берді.

− Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет, - деп атап өтті Президент Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.
Президент жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керегін де айтуда. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн.
Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс.
− Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын мақұлдады, бірақ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін баса айтты.
Сонымен қатар Үкімет келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлейтіні туралы айтлыған еді.