Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы бекітілді. 

Үкімет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Біз шағын бизнестің әлеуетін барынша ашуды мақсат етіп отырмыз. «Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді оқыту мен оларға сервистік қолдау көрсетуді ұйымдастыруды тапсырамын. Бюджеттің кіріс бөлігін жаңа салық-бюджет саясаты есебінен ұлғайту қосымша қаражатты қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағыттауға мүмкіндік береді. Осыны тағы да баса айтқым келеді, — деді отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкімет қарауына ұсынылған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын кәсіпкерлердің, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы бизнес өкілдерінің сұраныстарына дер кезінде берілген жауап ретінде бағалады.

— Аталған бағдарламаға сәйкес біз жай ғана субсидия бөлу әдісінен, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеміз. Біздің мақсатымыз — тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету, — деді Үкімет басшысы.

Осыдан кейін Олжас Бектенов «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы қаулыға дауыс беруді ұсынып, ол қолдау тапты.

Бұған дейін «Іскер аймақ» бағдарламасы қандай бағыттарда іске асырылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар