Үкімет су шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері су шаруашылығына қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқыға салады. 

Үкімет су шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылайды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Нақтырақ айтқанда, отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу шаралары жайлы баяндама жасайды. Министр су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ведомство атқарып жатқан жұмыстарға тоқталады. Сондай-ақ ол Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі туралы да есеп береді.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының жыл соңына дейін барлық елді мекенді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау үшін ведомство тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталады. Сондай-ақ ол Президенттің ерекше бақылауында тұрған Маңғыстау өңірі халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларына баса назар аудартады. Мұнан бөлек, су жүйелерін басқару мен тиімділігін арттыру үшін қолға алынған цифрлық шешімдерді атайды.

Үкімет су шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылайды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Отырыс қорытындысында баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Онда мына Үкімет мүшелері БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді:

1. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов;

2. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтынан, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді. Баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Онда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев негізгі баяндама жасаса, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық және мәдени құндылықтарды ілгерілету, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепке дейінгі және мектептегі экологиялық тәрбие, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек экологиялық білім беру деңгейін арттыру, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов экотуризм мен салауатты өмір салтын насихаттау туралы сөз сөйледі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, биыл «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елімізде республикалық және халықаралық акцияларды қоса алғанда барлығы 573 іс-шара өтті

Іс-шаралардың нәтижесінде:

— 189 мың тонна қоқыс жиналды;

— 735 мың га аумақ тазартылды;

— 2 млн-нан астам ағаш отырғызылды.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Таза Қазақстан» бастамасы аз уақыт ішінде жалпыұлттық сипат алып, халқымызды ортақ мүддеге біріктірген үлкен идеологиялық платформаға айналғанын айтады.

— Министрлік өткен жылы кино саласындағы идеологиялық басымдықтарды нақтылады. Қазіргі кезде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» — басты тақырыптардың біріне айналуда. «Таза Қазақстан» идеясы шетелдегі мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар мен фестивальдер, Мәдениет күндері аясында да кеңінен таныстырылып келеді. Телеарналарда «Таза Қазақстан» брендімен сериалдар, деректі фильмдер мен арнайы жобалар қосылады, — деді ол.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тағылымы терең «Таза Қазақстан» ұғымын іс жүзінде жүзеге асыру — озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу нәтижесінде мүмкін болатынына назар аудартты.

Ғани Бейсембаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, аталған жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады, — деді министр.

Саясат Нұрбек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жоғары білім саласында жүйелі түрде жүзеге асыру жайына тоқталды.

— Жалпы, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясын жариялағаннан бері жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының қатысуымен 1500-ға жуық әртүрлі іс-шаралар өткізілді. Бұл шараларға жоғары оқу орындарынан 240 мыңнан аса адам қатысты. Барлық жоғары оқу орындары студенттері арасында «Taza Like» іс-шарасы шеңберінде экосағаттар өткізілді, — деді Саясат Нұрбек.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов болса «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясындағы бастамалар «Таза тән, таза жан, таза сана» қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

Үкімет су шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылайды
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Қазақстанда экотуризм серпінді дамып келеді. Бұған табиғи әртүрлілік, мемлекеттік қолдау және халықтың қызығушылығы әсер етуде. 2024 жылы ұлттық парктерге 2,8 миллионнан астам адам барды. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. Ең танымал парктер: Іле-Алатауы, Шарын, Алтын-Емел және Көлсай. Соңғы бес жылда ұлттық парктерде 2,1 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, 8 жоба іске асырылды, — деді ол.

Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов мынадай тапсырмалар берді:

Үкімет су шаруашылығына қатысты мәселелерді талқылайды
Фото: ҚР Үкіметі

— қоршаған ортаны ластаған адамдарға қатысты қатаң шаралар қолдана отырып, кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу;

— өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге жұртшылықты, қауымдастықтар мен бірлестіктерді кеңінен тартуды қамтамасыз ету; 

— отбасылық дәстүрлі құндылықтарды, қоғамдағы дұрыс мінез-құлықты, мәдени мұраларға ұқыпты көзқарасты, отаншылдық қасиеттерді сіңіру;

— Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір елді мекен бойынша барлық бұқаралық спорттық іс-шараның бірыңғай күнтізбесін әзірлеу

— жалпыға бірдей пайдалануға арналған негізгі экотуризм объектілерінің картасын жасап, онда орналасқан жері, туристік объектілер және басқа да қажетті мәліметтер көрсету;

— Мәдениет және ақпарат министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде халық арасында экологиялық және рухани мәдениетті тәрбиелеу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу;

— атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша экологиялық мәдениетті дамытудың «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын өзектендіру.

— Еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге және табиғи байлығымызды сақтауға тұрғындар да барынша атсалысып келеді. Білім ошақтарында «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында балаларға экологиялық тәрбие беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған бастамаға ата-аналар мен ұстаздар қауымы да қатысып жатыр. Мұндай экологиялық мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамының күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Бәріміз осы қарапайым ғана қағиданы үнемі жадымызда ұстағанымыз абзал, — дейді Олжас Бектенов. 

Соңғы жаңалықтар