Үкімет Парламентке хат жазу арқылы мәселені шешуді әдетке айналдыра бастады – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет заңға бастамашылық етудің орнына Парламентке хат жазу арқылы мәселені шешуді әдетке айналдыра бастады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты.

- Конституция бойынша, депутаттармен қатар Үкіметтің де заңға бастамашылық етуге құқы бар. Алайда заң жобасын өздері әзірлеу орнына, министрліктер мәселені депутаттардың түзетулері арқылы немесе Парламентке хат жазу арқылы шешуді әдетке айналдыра бастады. Үкімет регламенті бойынша, түзетулерді заң жобасын Мәжілісте талқылау кезеңінде енгізу туралы норма бар. Бірақ министрліктер тарапынан ол нормаға тым жиі жүгіну орын алып отыр. Кейде ондай түзетулер тіпті жалпы отырыс өтетін күні келіп түсіп жатады, - деді Мәжіліс спикері.
Оның атап өтуінше, осы сессияда аталған тармақ бойынша Үкіметтен келіп түскен хаттар саны екі есе артты.
- Ал бұл тармақ ерекше жағдайларда, Мемлекет басшысының шұғыл тапсырмаларына немесе дереу шешуді қажет ететін маңызды мәселелерге ғана қолданылуы керек. Негізінде мұндай маңызды мәселелер Үкімет қабырғасында жан-жақты пысықталып, терең зерттеліп, хат түрінде емес, заң жобасы ретінде рәсімделіп барып Парламентке түсуге тиіс. Мұның бәрі заң жобаларының Парламенттен өтуін қиындатады және сапасын төмендетеді, - деді Ерлан Қошанов.
Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.