Үкімет жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдарын талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында жаңа Конституциясының нормаларын жүзеге асыру жолдары пысықталады.
Айта кетейік, кеше Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда өткен жаңа Конституция жобасына қатысты референдумның түпкілікті қорытындысын шығарды.
Комиссия мәліметінше, референдумға қатысуға құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны 12 млн 482 мың 613 адам болды. Оның ішінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны — 9 млн 127 мың 192 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады. Жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап, 7 млн 954 мың 666 адам немесе 87,15 пайызы дауыс берді.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Республикалық референдум туралы коституциялық заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, атап айтқанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша шешім егер оны жақтап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептелінеді. Бұл ретте әр өңірде осы шешімді жақтап азаматтардың басым көпшілігі дауыс берді.
— Осылайша, Республикалық референдум туралы заңнамадағы елдің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап дауыс беруі туралы талап сақталды. Сондықта жаңа Конституция қабылданды деп танылады, — деді Нұрлан Әбдіров.
Оның мәліметінше, жалпыхалықтық іс-шараны 38 шет мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның 359 халықаралық байқаушысы, шетелдік БАҚ-тың 206 өкілі қадағалады. Дауыс беру күні референдум учаскелерінде 256 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың 45 мыңнан аса өкілі, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының 1 817 өкілі қатысты. Байқаушылар дауыс беруші жастар санының артқанына және мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін комиссия мүшелерінің барлық ұйымдастырушылық, техникалық жағдаймен қамтамасыз еткенін, дауыс беру учаскелерінде жақсы ахуал қалыптасқанына назар аударды.
— Осы ретте алғаш рет дауыс беруге қатысқан 18 жасқа толған азаматтардың саны — 137 093. Референдумда дауыс беруге қатысқан ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар азматтардың саны — 46 624, — деді комиссия төрағасы.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, өткен жылғы жоспар 19,2 млн шаршы метр болды.

Жыл қорытындысы бойынша аталған жоспар асыра орындалып, рекордтық көлемде, яғни 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, жоспарлы көрсеткіш он сегіз өңірде артығымен орындалды. Биыл тұрғын үй құрылысының болжамды көлемі 18,5 млн шаршы метр және қосымша шаралар қолданған жағдайда бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар.
– Құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтуде. Осы жаңалықтарды бекіту және саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биыл 9 қаңтарда қол қойылды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензияларды электронды тексеру және инженерлерді кезең-кезеңімен сертификаттау енгізіледі, - деді министр.
Ал Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев құрылыс саласын цифрлық трансформациялау картасы іске асырылып жатқанын айтады.

Құжат процестерді цифрландыру арқылы саланың тиімділігін арттыруға және қала құрылысы жоспарлау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда 20 бизнес-процесс цифрландырылды. Вице-премьердің айтуынша, құрылыстағы бірыңғай цифрлық тәсіл 3 бағытқа негізделген.
Деректерді орталықтандыру барлық жүйелерді біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіреді. Сәйкестендірудің ашықтығы нысандарға цифрлық паспорттар беруді қамтамасыз етеді. Өзара іс-қимылды автоматтандыру адами фактордың әсерін төмендетеді. Бұл құрылыс саласын басқару тиімділігін арттырады.
– Объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңінде бірыңғай деректер негізінде цифрлық басқару моделі енгізіліп жатыр. Цифрлық құралдар процестердің ашықтығын арттырып, шығындар мен тәуекелдерді азайтады және алдын ала басқаруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына ықпал етеді, - деді ол.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстары артқанын, моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керектігін айтты.

– Министрлікке және «Бәйтерек» холдингіне әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды іске асыруды жандандыруды тапсырамын, – деді ол.
Сонымен қатар Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын және тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарын одан әрі жетілдіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.
Мұнан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 шілдеге дейін қабылданған Құрылыс кодексі аясында нормативтік актілерді уақытылы жаңартып, қабылдауды, оларды іске асыру кезінде үздіксіз бақылап отыруды жүктеді.
– Тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мақсатында қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтарын шығару жүзеге асырылып жатыр. Биыл елімізде осындай 38 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Өнеркәсіп министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, олардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етсін, – деді Олжас Бектенов.