Үкімет жыл сайын 100-ден астам инвестициялық жобаны іске қосады
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенде жыл сайын 100-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
- Сіздің қарауыңызға Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының жобасы шығарылды. Бағдарламаның басымдығы - экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен халықтың нақты табысын арттыру. Ол үшін бағдарламада экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының шаралары мен құралдарының жиынтығы қарастырылған, - деді ол Үкімет басшысына қарата.
Оның дерегінше, экономиканың сапалы өсуі биыл да жалғасты. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,4 пайызды құрады. Нақты сектордағы өсім - 8,2, қызметтер өндірісі 5,3 пайызға өсті. Салалар арасында көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі ең жоғары өсімді көрсетеді. Сауда – 9, өңдеу өнеркәсібі 5,8, ауыл шаруашылығы 5,4 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасауда өңдірістің 11,5 пайызға, оның ішінде автомобиль жасауда – 13,3, тамақ өнімдерінде – 9,1, сусындарда – 8,7, химия өнеркәсібінде – 10,9, мұнай өңдеуде – 6,3, металл бұйымдарында – 14,1 пайыз өсімі қамтамасыз етілді.
- Сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылатын болады. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенінде 100-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы және агроөнеркәсіптік кешенде жоғары деңгейде өңдеудің 17 ірі жобасын іске асыру жалғасады. 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асыру маңызды рөл атқарады. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру белсенді кезеңге енеді. 2026-2028 жылдары экономика жылына орта есеппен 5 пайыздан төмен емес деңгейде өсетін болады, - деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.