Үкіметте бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысы шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен сенбіде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жиында бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысы қаралды.

Онда айтылғандай, ерте піскен өнімді жаппай жинау басталысымен, алдын ала күтілгендей, әлеуметтік маңызы бар көкөністер бағасының өсуі тоқтап қана қоймай, төмендей бастаған.
—Егер сәуірде әлеуметтік өнімдердің орташа баға индексі 1,6%-ды құраса, мамырда өсу қарқыны 1%-ға, ал маусымда - 0,7%-ға төмендеді. Соңғы аптада өсім небары 0,1% болды. Сонымен қатар, үш апта қатарынан картоп бағасының 1,3%-ға төмендеуі байқалды. Өткен аптадан сәбіз бағасы 0,9%-ға арзандай бастады. Күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макорон өнімдерінің бағасы түсіп жатыр. Нан мен сүт бағасы тұрақты болып тұр, — деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Қазақстанда отандық азық-түлік өндірісі артып келеді. 2025 жылдың 5 айында оның көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде ең көп өсімді қызылша қанты (4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы (316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін), сары май (13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін), ұн (1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері (102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін), өңделген сүт (264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін) және тағы басқалары көрсетті.
Қазақстан ЕАЭО елдері арасында әлеуметтік азық-түліктерге ең қолжетімді бағаға ие
Жиында Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түліктің қолжетімділігі бойынша жетекші орынды сақтап отырғаны атап өтілді. ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының нарықтық бағасын салыстырмалы талдау олардың Қазақстанда анағұрлым қолжетімді екенін көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстанда тауық жұмыртқасы, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз ең төмен баға тіркелген.
Төрт позиция бойынша: қарақұмық, қант, сиыр еті және сүт бойынша Қазақстандағы бағалар Беларусьтегі бағаға жақын. Сары май бойынша еліміз Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында, ал құс еті бойынша Беларусь пен Ресейден кейін.
Коммуналдық қызметер тарифі
Ақылы қызметтер бірінші жартыжылдықта инфляция өсімінің негізгі факторы болды (16,1%). Осыған байланысты Үкімет коммуналдық қызметтер тарифінің өсу қарқынын реттеу туралы шешім қабылдады. Олардың өсуін ішінара кейінге қалдырды. Бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға және инфляция деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бүгін Үкіметте мал шаруашылығын цифрландыру мәселесі талқыланады.