Үкіметте көмір химия зауытын салу мәселесі талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов Shandong Energy Group Co. басшысы Ли Вэймен 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін көмір химия зауытын салу мәселесін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Shandong Energy Group Co. басқарма төрағасы Ли Вэймен кездесу өткізді. Онда энергетика саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде Қазақстанда көмір химия зауытын салу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
QazaqGaz және Shandong Energy Group Co. компанияларының Қарағанды облысындағы көмірден газ өндіретін көмір химия зауытының құрылысы бойынша бірлескен жоспарларына назар аударылды. Жобалық қуаты жылына 2 млрд м3 газ. Өндірісті іске қосу Қазақстанның көмір-химия саласының дамуына жаңа серпін береді. Газдың қосымша көлемі, 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу, экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды дамыту, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтеді деп күтілуде.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі Қытай Халық Республикасымен экономиканың түрлі салаларында, оның ішінде көмір химиясы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретіне тоқталды.
Shandong Energy Group Co. басқарма төрағасы Ли Вэй Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға және өнеркәсіптің келешегі зор бағытына инвестиция салуға мүдделі екенін айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жоспарды жүзеге асыру үшін сындарлы диалогқа ниетті екенін жеткізді.
Анықтама: Shandong Energy Group Co. (SEG) – Қытайдың энергетика, көмір және көмір химиясы саласында көп жылдық тәжірибесі бар жүйе құраушы кәсіпорын. Инновациялық тәсіл арқылы компания ҚХР-да көміртегі, метанол және көмір негізінде өндірілетін басқа да химиялық өнімдерді өндіруде көшбасшы болды. SEG-тің ҚХР провинцияларында және 17 елде орналасқан 608 еншілес кәсіпорны бар.
Айта кетелік Қазақстан мен Қытай 25 млрд долларға 60 келісімге қол қойды.