Үкіметте жаңартылатын энергетика, суды тұщыту және «жасыл» сутегі өндіру мәселелері талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ACWA Power компаниясының бас директоры Марко Арчеллимен кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
ACWA Power компаниясы – суды тұщыландыру бойынша әлемдегі ең ірі жеке компания және дәстүрлі энергия көздерінен экологиялық таза технологияларға көшу саласындағы көшбасшы, соның ішінде «жасыл» сутегі өндіруде жетекші компания болып саналады.
Марко Арчелли ACWA Power компаниясының Қазақстандағы инвестициялық портфелін кеңейтуге дайын екенін және жаңартылатын энергия, суды тұщыландыру және «жасыл» сутегі өндірісі салаларында ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Ол Қазақстанның кең табиғи ресурстарымен және стратегиялық орналасуымен осы технологияларды дамытудағы үлкен әлеуетін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Роман Скляр Қазақстан Үкіметі ACWA Power компаниясымен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін және алдағы уақытта да тығыз қарым-қатынасқа дайын екенін растады.
Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Dalian Hesheng Holding компаниясының (ҚХР) төрағасы Ван Вэньфэнгпен кездесті. Компания астықты терең өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.