«Украин қызының махаббаты арада 41 жыл өткенде» - баспасөзге шолу

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің қараша айларындағы сандарына жасалған шолудың төртінші бөлімін ұсынады.
None
None

Шымкенттен Р.Сүлейменова «Украин қызының махаббаты арада 41 жыл өткенде» деп мақала жазған.
Туған ел, өскен жерге әр барған сайын үлкен сағыныш арқалап келемін.
Елде қанша болсам да, сағынышым басылмайтын секілді. Пойызда кетіп бара жатып та, өзім бір кездерде тұрған Жаңатаң ауылы (бұрынғы «Мирон» мал бордақылау совхозы) мен қазіргі Болашақ (бір кездегі К. Маркс атындағы колхоз немесе Богатырев селосы) ауылының өзім білетін әр адамын ойша түгендеумен боламын. Ішімнен олардың жолдары болып, аман-сау жүрсінші деп тілеймін. Жаңатаң ауылынан 12 шақырым жердегі Болашаққа 5-10-класс оқушылары күн сайын, жазда машинамен, қыста үлкен жабық шана тіркеген «ДТ-54» тракторымен қатынап оқитынбыз. Ауылым үшін басқалай жақсылық жасау қолымнан келмейтінін сезіп, тек жұпыны ауылдың қарапайым адамдарының үлкен сезімі туралы жазсам деймін.

* * *

Кластас досым Гүлсара екеуміз таксиге отырып, қала шетіндегі диспансерге бет алдық. Алдында қалта телефоны арқылы Шынтемірмен сөйлесіп келіскенбіз, күтіп отыр екен. Көзіндегі күннен қорғайтын қара көзілдірігі сол жас, сырбаз кезінің бір белгісіндей. Бір кезде мектептегі бозбалалардың алды болатын. Небір соңғы үлгідегі қымбат киімдер оның үстінен табылатын, шалбарының қыры бір сынбайтын. Ол аралас мектебіміздің (қазіргі жастар бір кезде мектепте орыс кластары болғанын да білмейді екен) оқу ісінің меңгерушісі болған туысы Бақтығали ағай мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мінауара апайдың үйінде тұрып оқыған. Міне, ол алдымызда отыр.
Науқастармен кездесетін бөлме Гүлсара үшеуімізге тарлық еткендей. 1972 жылдың түлектері арада өткен 44 жылды артқа тастап, сол балалық, жасөспірім шаққа қайта оралғандаймыз. Кішкене бөлмеден шыққан күлкілеріміз алысқа кетіп, күміс сәулелердей шашырап, жан-жаққа төгіліп жатты. Не айтқанымыз қазір есімде жоқ, тек үшеуміздің қайсысымыз сөйлесек те, мәз болып сылқылдай күлумен болдық. Үстімізде алаңсыз балалық шақтың аспаны қалықтап тұрғандай еді.
«Марусяның көрмеген қиындығы жоқ, сонда да бар қиындыққа шыдап келеді», - дейді Шынтемір аса бір ризашылық сезіммен. Бұл сөздерінде сезім басым ба, сыйластық басым ба, тап басып айта алмаймын, меніңше, екеуі де бар.
«Бақыттысыңдар ма?» деймін. Ол үнсіз «Білмеймін» дегендей екі иығын қозғап, алысқа көз тігеді.
Ол жақта қол жетпеген армандары, орындалмаған мақсаттары қыр асып кеткендей. Жүзінде «Маруся екеуміздің өміріміз басқашалау, бұдан да артығырақ, жақсырақ болуы да мүмкін еді» дегендей өкініш те жоқ емес секілді. «Шын айтамын, мен Марусяға бір көргеннен ғашық болғанмын ғой», - дейді ол. Гүлсара екеуміз оған имандай сенеміз.

* * *

Мен украин келіншегін үйіне әдейі іздеп барып кездестім. Үйінде ортаншы қызы Ақсамал мен немерелері бар екен. Алдымда ұқыпты киінген, сыры кетсе де, сыны кетпеген әдеміше келіншек. Арасында мақал-мәтелдерді қосып, таза қазақша сайрап отыр. Үйлену тойларындағы фотоларды көріп отырып, «Сен оны сүйдің бе?» деймін. Түу, аузыма да қайдағы бір сұрақтар түседі екен. Сүймесе, 41 жыл бойы Батыс Қазақстан облысының алыс ауданының жұпыны алыс ауылында Шынтемірмен бірге жұпыны күй кешіп жатар ма еді? «Сол 1975 жылы 26 тамызда Шынтемір 22-ге толды, ал 29 тамызда біз үйлендік, содан бері біргеміз», - дейді алдымда отырған әдеміше украин әйелі.
Мен ауруханада жатқан кластасымды ойлап кеттім. Маған кейде ол өміріндегі ең үлкен ісін осы 22 жасында жасаған секілді. Ол - қоғамда қалыптасқан түсінікке де, ауылдастарына да, туыстарына да - бәріне қарсы шығып, Марусяға үйленгені. Мүмкін өмірден тапқан ең үлкен бақыты да осы жұбайы шығар?

* * *

Маруся айтады: «Ол кезде ата-анамыз Кеңестер Одағы дейтін алып мемлекеттің үлкен құрылыстар жүріп жатқан ауылдарына жұмысқа баратын. Әкем ұста, анам аспазшы еді. 1975 жылы маусым айында Алғайға (Ресейдің Саратов облысының Александров Гай стансасы), одан Қараөзенге келген. Ата-анасының бірге ала келген үш қызының үлкені Маруся сол жылы 8-класты бітірген.
- Шынтемір мені сол көшіп келген күні көрген екен, - дейді Маруся сөзін жалғастырып. - Менің жаңа бой түзеп келе жатқан кезім. Сол күн кешегідей көз алдымда, жаңа жер, жаңа адамдар, жаңа әсерлер болғандықтан шығар. Сол күні ол бар орысшасын сарқып: «Сізбен танысуға бола ма?» - деді. Неге екенін білмеймін, сол кездегі «модный» есіммен өзін Тимур деп таныстырды. Әлде маған еске сақтауға қиындау Шынтемір дегеннен гөрі оңай болсын деді ме екен. Мамама да «Здравствуйте, мать», - деді. Мен бұлай дегеніне таңданып қалсам да, көңіл аудармадым. Одан кейін: «Қызыңызды киноға шақыруға бола ма?» - деді. Ол кезде Шынтемір қою қара шашын өсіріп жіберген, бакенбард қойған, үлкен көзді, көзіне үнемі күннен қорғайтын қара көзілдірік киіп, қолында папка ұстап жүретін, қауіпсіздік жөніндегі инженер болып істейтін 22-ге келген жас жігіт еді ғой...
Күз түсе Марусяның ата-анасы еліне қайтпақшы болады. Себебі қыздары мектепке бару керек. Ал Шынтемір мен Марусяның арасындағы қатынастың тез дамығаны соншалық, олар үйленуді шешеді. Шынтемір Марусяға: «Мен сені ешқайда жібермеймін, менің тағдырым сенсің», - дейді. Бірақ оларға жан-жақтан бәрі қарсы болады. Туыстары, жолдастары, ауылдастары - бірі «Әлі баласыңдар» десе, бірі «Ертең-ақ, өмірдің қиындығына шыдамай, ажырасып кетесіңдер» деген, ал біреулері «Қазақтан қыз табылмады ма?» десе, бірі «Кәмелетке жетпеген жас қыз, басыңа пәле болады» деп қорқытқан. Бірақ Шынтемірдің бойын өртеген сезім ештеңеге қарайлатпай, тосын шешімге барады.
Марусяның кететіні, оны енді көрмеуі мүмкін екенін сезгенде, біреу жас жігіттің кеудесінен жүрегін суырып жатқандай болады. «Жақын, қымбат адамымнан айырылғалы тұрғанымды сездім...» - дейді ол бізге әңгімесінде қысыла жымиып. Марусяны алып қашып, қырда мал бағып отырған шопанның үйіне апарып жасырады. Әрине, сүйгенінің ризашылығымен, келісімімен. Содан үш күннен соң тойға киетін ақ көйлек алып келеді. Жас отауды алда талай қиыншылықтар күтіп тұрады. Алғашқысы Маруся бір ауыз қазақша білмесе, үлкендер орысша білмейді, түсініскісі келсе, арадағы тілмәш - Шынтемірдің қарындасы Жұмағиланы көмекке шақыратын болған. Содан кейін Маруся бірте-бірте тіл үйреніп, қазақтың әдеп-ғұрпын бойына сіңіре бастаған. «Ауылдың келіні істейтін жұмыстың бәрін істедім, отқа нан көміп, тезек соғып, сақманға да бардым, жұмысты ауыр-жеңіл деп таңдамадым», - дейді ол.
- Бізге әкеміз ешқашан қатты сөз айтып, маңдайымыздан шерткен емес, - дейді қызы Ақсамал әңгімемізге араласып. Отыздың бел ортасына келген Ақсамалдың жұбайы Бақытжан - қазақ, екеуі бес ұл өсіріп отыр екен. Одан үлкен қыздары Дина Ресей жерінде, Алғайда тұрады. Күйеуі Ораз - қазақ, екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп отыр.
- Закарпатьені сағынасың ба? - деймін Марусяға. Сұрағымды айтып алып, өзіме-өзім ренжимін. Туған жерін сағынбайтын адам болушы ма еді?
- Әрине, - дейді Маруся. - Елімді сағынғанда, оңашада халқымның әндерін айтамын, кейде тойларда да айтатыным бар. Сәл күрсініп, ойланып қалды, туған жерінің тауы мен орманы, әдемі табиғаты, алыстағы анасы мен бауырлары есіне түсіп кете ме екен?..
Ақсамал айтады: «Мамам ылғи «Қазақ жеріне тамырым таралып кетті» деп айтып отырады».
- Иә, Құдайға шүкір, үш қыз, сегіз немере бар, - дейді Маруся. Ана көңілі қайтыс болған кіші қызын жоққа қиғысы келмегендей. Қазақта ұлдан туған балаларды немере десе, қыздан туған балаларды жиен дейді, ал славян халықтарында ұлдан да, қыздан да туғандарды бөлмей, немере дейтіні белгілі.
«Иә, Құдайға шүкір, ауылдастарым сыйлайды, маған қазақтардың ақкөңілділігі, қонақжайлылығы, ашық-жарқын мінездері, туысқаншылдығы ұнайды, біз 1982 жылы осы ауылға көшіп келгенбіз, содан бері біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өмір сүріп жатырмыз», - дейді Маруся сөзін жалғастырып. Шынтемірдің бұрын да жазатайым оқиғадан кейін мүгедек болып қалғанын, қазірде қатты ауырып, ұзақ мерзімге Оралда емделіп жатқаны жөнінде тіс жармайды.
Бүгінде біреуге жар, біреуге ана, біреуге әже болған украин қызы Мария Гавриловна Фонташтың 41 жыл бойы қазақ жігіті Шынтемір Құлбаевтың түтінін түтетіп отырған отауынан шығып бара жатып, қазірде кішкене қиындыққа шыдамай, ажырасып кетіп жататын жастарды есіме алдым. Оларға 40 жылдан кейін де бірге болуға не жетпейді екен деп ойладым...

Жәнібек ауданынан Н.Жапақов «Шаруасын шалқытқан Шалқар» жөнінде хабарлайды.
Бұрнағы жылы бойынан жастықтың жалыны ұшқындаған Шалқар Тұяқбаев отбасымен Орал қаласынан туған жері Жақсыбай ауылына көшіп келді.
Келген бойда ауылдан әудем жерден үй сатып алды. Жасы 23-тегі жігіттің жастардың басым көпшілігі қалаға кетіп жатқанда, керісінше, ауылға бет бұруының себебін сұрадық. Өзінің айтуынша, кішкене кезінде ата-анасы Оралға қоныс аударған. Мектепті де осыдан бес жыл бұрын қаладан бітіріп, сондағы кәсіптік-техникалық колледжде дәнекерлеуші мамандығын алған. Мамандығы бойынша төрт жыл қаладағы бір фирмада жұмыс іс-теген. Отбасында екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр.
- Ауылға оралып, мал ұстап, өсіргім келді, - дейді Шалқар бізбен әңгімесінде, - Дәнекерлеуші болып еңбек еткенімде «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасының өмірге еніп жатқанын басылым бетінен оқып, теледидардан көрдім. Сосын осы бағдарламаның жеке адамға тигізетін пайдасын білмек ниетпен жан-жақты зерттедім. Бағдарлама бойынша несие алған таныстарымның тұрмыс-тіршілігінен хабардар, қанық болдым. Қала берді, ғаламтор арқылы да бағдарлама шарттарымен мұқият танысып, басқа жобалармен салыстырғанда, әсіресе, ауылдағы тұрғындар үшін пайдалы да тиімді, қолжетімді, төлем жағынан пайызы төмен екендігіне көз жеткіздім.
Бағдарламаны жіті зерттеген жас жігіт, сөйтіп, туған ауылына отбасымен бірге жол тартады. Ауылға келместен бұрын да оның жақындарында азын-аулақ малы болған екен. Соны көбейтіп, жеке шаруашылығын дамыту мақсатымен биыл «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 600 мың теңге несиеге қол жеткізіпті. Сол несиеге ауылдан сүтті бағыттағы төрт бас сиыр сатып алған. Қазір жұбайы Анаргүл осы сиырды сауып, сүттен мол өнім алып отыр. Жаз бойы қол май жинап, жанұядан артылғанын ауыл тұрғындарына сатып, біраз табыс тапқан. Шалқар жас болса да, малдан түсетін пайданы бес саусағындай біледі. Сауын сиырмен қатар, көбіне етті бағыттағы еркек малды да ұстап, бағып, өсіруде.
- Бұқаларды үйден бордақылаймын. Тапсырғаннан кейін түскен пайдаға аналық мал сатып алып отырамын. Алдағы уақытта өзімнің шаруа қожалығымды ашып, бұйыртса, мал басын көбейте бермекпін. Әзірге жеке автокөлігім ғана бар. Жұбайымды жұмыспен қамтып отырмын. Келесі жылғы маусым айында бағдарлама шартына сәйкес каникул мерзімі аяқталады. Несиенің қалған қаржысын толықтай өтеймін де, қайтадан аталған бағдарлама бойынша қарыз алып, шаруашылығымды дамытуға жұмсаймын, - дейді іске ілкім-ділігі қимылынан білінетін жас жігіт.
Шалқарға ілесіп, оның далада жайылып жүрген малын көруге бардық. Биыл шөп ырғын болғасын шығар, сауын сиыры шетінен қоңды көрінеді. Саттыққа шығаратын бұқалары да ет алып, семірген. Күні бүгін оның қарамағында 60 шақты ірі қара, 17 жылқы, 20 шақты қой және қырыққа жуық тауық бар. Туысының «Т-40» тракторымен жаздай шөп шауып, мал азығына 450 дана орам шөп (рулон) жинап алған. Малға жемді Оралдан тасымақ.

Г.Жолдығали «Мирлан» базарында ұрлық көп» дейді.
Таяуда Орал қалалық прокуратурасында саудасаттық және ойын-сауық нысандарындағы ұрлықтың алдын алу шаралары бойынша кеңес өткізілді. Қала прокуроры А. Рашидовтың төрағалығымен өткен кеңеске жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы, сауда-саттық және ойын-сауық нысандарының иелері қатысты.
Ағымдағы жылдың он айына жасалған талдаудың қорытындысында аталмыш орындардағы ұрлықтың жасалу уақыты, неғұрлым криминалды нысандар айқындалып, кей нысандарда бейнебақылау камераларының, күзет дабылының, күзет фирмаларымен шарттардың ескерту сипатындағы хабарламалардың жоқтығы белгілі болды. Жыл басынан бері сауда-саттық және ойын-сауық нысандарында 1260 қылмыс тіркелген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының 61 пайызы - сауда-саттық орындарында, 16 пайызы - демалыс орындарында, 23,9 пайызы қызмет көрсету нысандарында жасалған.
Қылмыстардың басым көпшілігі базарлардың жұмыс жасап тұрған кезінде орын алған. Мәселен, «Мирланда» - 158, «Московский» базарында - 35, «Алтын алмада» - 29, «Ел ырысы» базарында - 21, «Сити-центрде» - 66, «Адалда» - 21, «Орал» сауда үйлерінде 17 қылмыс орын алған. Ал көңіл көтеру және ойын-сауық орындарында - 174, қызмет көрсету нысандарында - 82, кеңселер мен қоймаларда 194 ұрлық жасалғандығы белгілі болды.
Барлық ғимаратта күзеттің болуына қарамастан қылмыс тұрақты, еркін түрде жасалған. Кеңесті қорытындылаған қала прокуроры А. Рашидов тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін тілге тиек етіп, тиісті орындардан келген өкілдерді бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Кеңесте қылмыстың жай-күйінен басқа, жиі қылмыс жасалатын нысандарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету, қылмысты ашу тәсілдерін әлде де жетілдіру мәселелері талқыланды. Ұрлықтың алдын алу және себеп-салдарын жою бойынша, соның ішінде адамдар көп шоғырланатын орындарға қорғау және бақылау техникалық құралдарын орналастырып, аудио-бейне, қағаз жүзіндегі ескертпелерді орнату да бүгінгі күннің талабы екендігі айтылды.

Т.Тоқмамбетов «Жігіттер әскерге аттанды» деген ақпаратында Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің базасында күзгі әскерге шақыру науқаны аясында салтанатты шара өткенін жария еткен.
Бұл науқан қазан айында басталған болатын. Кезекті команда ҚР Қорғаныс министрлігі Ақтау әуе қорғаныс күштерінің №51809 әскери бөліміне әскер қатарына шақырылушы 40 жігіт аттанды. Желтоқсан айының соңына дейін өңірдегі 800-ден астам Отан қорғаушылар әскер қатарына алынбақ. Жас сарбаздар Ұлттық ұлан, ҚР Қарулы күштерінің әскери бөлімдері, Мемлекеттік күзет қызметі және шекара қызметіне әскер қатарына жіберілмек. Шара барысында Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәжіліс залында аталмыш мекеме басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары, подполковник Жақсылық Айтбаев, ауған соғысының ардагері Анатолий Боровский және әскерге шақырылушы Махамбет Махат сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Он бес-ақ минөттік қоштасу рәсіміндегі көріністер қиын да қызықты екен.
Сарбаздардың бірі ата-анасымен қоштасса, енді бірі жора-жолдастарымен төс қағыстырып жатты. Сәл оңашалау жерде бір-бірін жібергісі жоқ ғашықтарды да көзіміз шалып қалды. Міне, сондай сәттің бірінде жанарына қимастықтың жасы ұялап тұрған бойжеткенді байқадық. «Барлық сарбаздарға өздерінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, аман-есен оралуларына тілекшімін. Мен мұнда досымды шығарып салуға келгенмін. Жолына сәттілік жолдас болсын және асыға күтетінімді жеткізгім келеді», - дейді қазақ қызына тән ұяңдықпен Баян есімді ару.
- Өзім қаладағы №2 орта мектептің оқушысымын. «Ақжайық» футбол клубына барып жаттығып жүрмін. Әділ есімді ағамды әскерге шығарып салуға ата-анаммен бірге келдім. Ағама ақ жол тілеймін, - деген Әсет Мақсотов әскерге кетіп бара жатқан ағасын қатты сағынатынын байқатты.
- Балам Райымбек Қабдиевті шығарып салуға келіп отырмын. Жалғыз баламыз болса да, өзінің қалауымен бара жатқасын, жолын бөгемедік. Жоғары оқу орнын бітіріп, енді, міне, әскер қатарына ілігіп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы отыр. Аналық жүрегіммен жол жүргелі жатқан барлық сарбаздарға сәттілік тілеймін, - дейді Жаңақала өңірінен келген Айбарша Құспанова.
- Отан алдындағы борышты абыроймен атқару әрбір сарбаздың міндеті деп ойлаймын. Әскер қатарына алынып, еліме өз үлесімді қоссам деген мақсатыма бүгін жетіп отырмын. Барлық достарыма ақ жол тілеймін, - деді Шыңғырлау ауданынан әскерге аттанып бара жатқан Айбатыр Асу.
Шара 5517-әскери бөлімі жанындағы әскери оркестрдің шағын концерттік бағдарламасына ұласты.

Ғ.Бәймен «Ерболат - күміс жүлдегер!» деген ақпаратында Е.Байбатыров туралы қалам сілтеген.
Болгария астанасы София қаласында самбодан мәреге жеткен әлем чемпионатында батысқазақстандық палуан Ерболат Байбатыров күміс жүлдегер атанды.
Ерболат 57 келі салмақта финалда грузиялық самбошы Вахтанг Чидрашвилимен кілемге шықты. Ерболат Байбатыров осыған дейін төрт мәрте әлем чемпионы атанса, қарсыласы мұндай жеңіс тұғырына үш дүркін көтерілген еді. Бір-бірін жақсы білетіндіктен, бәсеке тартысты өтті. Екі ұпайға әдіс жасағаннан кейін грузин палуаны содан кейін Ерболаттың қолын байлап, күреспей жүріп алды. Төреші оған ескерту беріп, қазақстандық палуанның еншісіне бір ұпай жазылғанымен, бұл жеңіс үшін жеткіліксіз еді. Сөйтіп, В. Чидрашвили 2:1 есебімен ұтып, ол да Ерболат сияқты әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды. Грузиялық палуан жарыстан кейін Е. Байбатыровпен болған жекпе-жектің ең ауыр белдесу болғанын жасырған жоқ.
Соңғы жылдары әлем біріншілігінің жүлдесі бұйырмай жүрген отыз жастағы Ерболат Байбатыров үшін күміс медальдің өзі үлкен жетістік деуге болады. Дүниежүзілік додаларда жүлде алып жүрген ресейлік Аймерген Аткуновты, сондай-ақ тәжік палуанын тізе бүктірген Ерболат 57 кг салмақтағы мықтылардың бірі екендігін дәлелдеді. Осы чемпионатта оған қоса тағы екі батысқазақстандық спортшы Қазбек Сұпығалиев пен Темірлан Ихсанғалиев әскери самбодан 62 және 82 кг салмақта қола жүлдені иеленді. Қазақстан құрамасы бұл біріншіліктен қос күміс, бес қола медальмен қайтты. Батысқазақстандықтардан басқа әйелдер арасында Динара Жұмабаева (64 кг) екінші орынға көтерілсе, Ділдәш Құ-рышбаева (68 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) және әскери самбодан Нұргелді Қиялбеков (68 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиев баптайтын полиция аға лейтенанты Ерболат Байбатыров БҚО ішкі істер департаментінде қызмет етеді. Ол биыл Кстово (Ресей) мен Тбилиси қаласында өткен халықаралық турнирлерде күміс жүлдегер атанып, әлемдік додаға жолдама алған еді. Тбилисиде финалда дәл осы В. Чидрашвилиге есе жіберген болатын. Ал тағы бір полиция аға лейтенанты Темірлан Ихсанғалиев өткен жылғы әлем біріншілігінде әскери самбодан 74 келі салмақта күміс жүлдені еншілеген еді.

«QAZAQ AIR» Оралға келмек» - қысқы навигацияға ауысу қар¬саңында «QAZAQ AIR» әуе ком-паниясы Атырау қаласынан Орал мен Ақтауға тұрақты рейстерді орындайтынын мәлім еткен.
2016 жылдың 1 желтоқсанынан бастап аталмыш қалалардың арасы қысқарып, жолаушылар аптасына екі рет - жұма және жексенбі күндері заманауи аймақтық Bombardier Q400 NextGen бортында сапар шегуге мүмкіндік алады.
Атырау - Орал бағыты бойынша қатынайтын рейс билеттерінің құны, жолаушы мен әуежай те-рім¬дерін қоса есептегенде 14 707 тең¬геден басталып, жол жүру уа¬қыты небары 50 минутты құрай¬ды. Ал Атырау - Ақтау бағытында 40 минутта жетуге болады. Жолаушы мен әуежай терімдерін қоса есептегенде бір бағытты билеттің құны 11 007 теңгеден басталады.
Орал қаласы Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы ға¬на емес, сонымен қатар экономи¬ка¬лық әлеуеті жоғары шаһар болып саналады. «QAZAQ AIR»-дың жаңа бағыттары Орал қаласының тұр¬ғындары мен жергілікті мұнай-газ саласының мамандарын Атырау қаласына тез әрі ыңғайлы апаруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге «QAZAQ AIR» әуе кемелері Атыраудан Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Ақтауға тікелей қатынайды. Осылайша жаңа маршрут желісі Батыс Қазақстан өңірінің ірі қалала¬-рын өзара байланыстырып, Ақтау мен Орал тұрғындарын Атырау қаласымен қатар, түйіспелі рейс¬тер арқылы Ақтөбе мен Шымкентке де жеткізе алады.
«Халыққа қажетті маршрут кестесі мен қолайлы ұшу күндерін ұсына отырып, аталмыш аймақ тұр¬ғындарының аралары одан сайын жақындай түсіп, жиі көрісе алады деген нық сенімдеміз», - деп атап кетті «QAZAQ AIR» АҚ басқарма төрайымы Блэр Поллок мырза.
Осылайша жаңа бағытта жүзеге асырылатын Атырау - Орал, Атырау - Ақтау бағдарлары маршрут жүйесін кеңейте түседі. Бүгінгі күні «QAZAQ AIR» әуекомпаниясының ұшақтары Алматы, Ақтөбе, Астана, Атырау, Қостанай, Қызылор¬да, Павлодар, Семей, Талдықорған мен Шымкент қалаларына тұрақ¬ты рейстерді орындауда.
Газеттің 17 қараша күнгі санында «Қос мектептің іргетасы қаланды» деген ақпаратта (Н.Оразаев) Орал қаласына іргелес Деркөл ауылы мен Зашаған кентінде келешекте қос мектеп бой көтеретіні айтылған. Облыс әкімі Алтай Көлгінов өткен сейсенбіде сол құрылыс нысандарында болып, қос мектептің іргетасын өз қолымен құйды. Одан әрі олардың жобаларымен егжей-тегжейлі танысты.
Деркөл елді мекенінде бой көтеретін білім ошағы 600 оқушыға есептелген. Мектеп құрылысына ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 млрд. 255,6 млн. теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «СФ «Алтим» ЖШС жүргізуде. Мектеп құрылысына бөлінген жалпы жер телімінің аумағы - 29 688,8 шаршы метр. Нысанның аумағы 8 478,7 шаршы метрді құраса, онда 45 641,6 текше метріне құрылыс көлемі атқарылмақ. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында басталған мектеп құрылысы алдағы жылдың осы мерзімінде аяқталады деп күтілуде.
Зашаған кентінің Сарытау мөлтекауданында құрылысы басталған мектеп 900 орындық. Нысан құрылысына 1 млрд. 888,14 млн. қаржы қарастырылған. Білім ошағын салуға бөлінген жердің жалпы аумағы 2,84 гектарды құрайды. Атқарылатын құрылыс көлемі 51 141 шаршы метр болмақ. Мектеп бір және үш қабатты, бір-бірімен байланысқан тоғыз бөлек ғимараттан тұрады. Сондай-ақ нысанның аумағында спорттықдене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, демалыс және шаруашылық орындары қарастырылған. Осы жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары бір жыл ішінде толықтай аяқталады деп жоспарлануда.
- Бүгін екі жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына үлкен қолдау деп санаймын. Себебі облыс орталығындағы тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Осы уақытқа дейінгі қолданыстағы мектептердегі бала саны өте көп. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен келер жылы облыс бойынша үш мектептің құрылысы басталмақ. Облыс орталығындағы апатты жағдайда тұрған №4 мектептің орнына жаңа білім ошағын тұрғызу жоспарымызда бар. Сонымен қатар бір мектеп өңір орталығынан салынса, екіншісі ауданда бой көтермек. Биылғы жылы Шыңғырлау ауданында бір, Бөрлі ауданында екі балабақша салынды. Сонымен қатар Зеленов және Бөрлі ауданда-рында жаңа мектептер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары өңірімізде мемлекеттік қаражат есебінен 59 мектеп, 17 балабақша бой көтерген. Оған қоса 24 балабақша жеке инвесторлардың есебінен салынды. Бүгінгі іргетасы қаланған мектеп құрылыстары біз үшін үлкен қолдау болып отыр. Бұл жұмыстар оқушы саны көп, үш ауысымда оқитын мектептерді болдырмау мақсатымен жүргізілуде, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
«Термелетіп жырлайын» деген ақпаратта Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында жыр-терме өнерінің ардақтылары Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова және Қаламқас Орашеваның есімдерін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық термешілер байқауының салтанатты түрде ашылғаны хабарланған.
Өнер сайысына Астана, Алматы, Қызылорда, Ақ¬төбе, Ақтау, Атырау жә¬не Орал қалаларынан барлығы он бес үміткер қатысуда. ҚР ең¬бек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева же¬текшілік жасайтын қазылар алқа¬сының құрамында Амандық Кө¬ме¬ков, Қа¬паш Құлыш, Мейрамгүл Орашева, Гүл-майдан Сүндетова, Көшерғали Макаров, Серік Әб¬ді¬рахманов сынды елімізге танымал жыршы-термешілер бар. Бай¬қаудың же¬ңімпаздарын марапаттау рә¬сімі және гала-концерті бү¬гін сағат 18.00-де облыстық филар¬мония залында өтпек. Байқау ту¬ралы толығырақ газетіміздің келесі санында жарияланады.
Бөрлі ауданынан А.Нұрғалиева «Егемендіктің жемісі» атты мақалада тәуелсіздік жылдары атқарылған істерді сөз еткен.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары Бөрлі ауданында да қыруар шаруа атқарылып, халықтың тұрмысы мен өмір сүру деңгейі жақсарған үстіне жақсара түсуде. Жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие беру мақсатында балабақшалар мен мектептер салынып, іске қосылды. Ауданымызда әр сала бойынша нақты істер атқарылып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда.
Тұрғындардың денсаулығын нығайту, медициналық көмек көрсетуді жақсарту бағытында осы жылдың ақпан айында Бөрлі аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. Аталмыш нысан «ҚПО б.в.» компаниясының тапсырысымен 653 миллион теңгеге жөнделді. Нысанның мердігері «НазТур» ЖШС (директоры Л. Елеусінов) жөндеуді уақтылы аяқтады. Бұл нысанда балалар, перзентхана, ота жасау, жансақтау, терапия, гемодиализ бөлімдері, күндізгі стационар жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауруханада екі, емханада бір «Жедел жәрдем» тобы жұмыс жасайды.
Ал ауданда Достық үйінің ашылуына халық ерекше қуанды. Ауданда өмір сүріп жатқан 13 ұлт пен ұлыстың достығын одан әрі нығайтуға күш салатын Достық үйінің ашылуындағы басты мақсат - аудандағы этномәдени ор-талықтарының жұмысын қолайлы жүйеге бағыттай отырып, ұйымдастырушылық қабілеттерін арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Достық үйі этномәдени орталықтарға әдіскерлік көмек беріп, оларға жағдай жасап, ұлтаралық татулықты нығайтып, ассамблеяның мақсат-мүддесін жандандыру болып табылады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ауданымызда жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының «100 нақты көмек» жобасы аясында «Аяла» қайырымдылық дүкені ашылды. Дүкен ішіндегі барлық тауар Бөрлі ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған жандар, көп балалы отбасылар және қиын жағдайға түсіп, көмекке зәру жандарға тегін таратылады. Қайырымдылық іс-шара барысында «Аяла» қайы-рымдылық дүкенінің ашылуына демеуші болған - Ю. Юн, Ш. Шадиев, Н. Мақсотов, А. Жақыпов, Н. Серікқалиұлы, А. Агаев, Л. Жүсіпов, Е. Қалиев сынды жеке кәсіпкерлер, қайырымды жандар.
Астана күні қарсаңында ауданымызға қарасты Бөрлі ауылдық округінің 140 кішкентай тұрғыны үлкен қуанышқа кенелді. Себебі «Ақ сұңқар» атты бөбекжай ашылды. Елордамыз Астана қаласының 18 жылдық мерейтойына арнайы сыйға берілген аталмыш нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі А. Көлгінов және аудан әкімі А. Халелов қатысты. Қуанышты шараға Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Бас мердігер «НазТур» ЖШС-ға алғысын жеткізсе, ауыл тұрғыны Іңкәр Қарасаева аталмыш бөбекжайдың ұжымына табысты еңбек тіледі.
Аудан басшылары қашанда жастардың тың идеялары мен бастамаларын қолдап келеді. Осы мақсатта биылғы жылы ауданымызға қарасты Приурал ауылында жас мамандарға арналып салынған жатақхана ашылды. Осы ғимараттың құрылысын оралдық «Бекқалиев» ЖК жүргізді. Сыңғырлап тұрған ғимараттың лентасын Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Павел Лобушкин қиды. Аудан әкімі Приурал мектеп-балабақша кешеніне келген екі жас маман А. Қажығалиева мен А. Жұбаниязоваға, осы мектеп-балабақша кешенінің әдіскері С. Жұмаеваға, ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы Ш. Расқұловаға бөлме кілттерін табыс етті.
Биылғы жылы қоныстойын тойлаған тек жас мамандар ғана емес. Ақсай қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қарашығанақ шағын ауданында орналасқан 9 қабатты 144 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов мемлекеттік қызметшілер, бюджет саласы қызметкерлері мен отбасыларға салтанатты түрде пәтер кілтін табыстады.
Ауданымызда қайырымды жандардың қолдауымен мұқтаж адамдарға жүйелі түрде көмек көрсетіліп келеді.
Қайырымдылық айлығы аясында Ақсай қаласында «Өмір сыйла» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек қолын созған акцияны «Жас дарын» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Акция аясында «Золотой треугольник» артстудиясы шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары аукцион-көрмеге қойылды. Бұл акция қорытындысында 500 мың теңге көлемінде қаражат жиналды. Аукционның басты демеушісі «Ақсайгазсервис» АҚ болды.
Ақсайда жаңа «Бәйтерек» супермаркеті ашылды. Аталмыш дүкеннің қожайыны - жеке кәсіпкер Нұрбек Омаров. Бұл супермаркеттің ерекшелігі, мұнда әлеуметтік бұрыш ұйымдастырылған. Бұл бұрышқа мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында әр адам сатып алған тауарды өз еркімен қойып кетуге болады. Демеушілік көмек шеңберінде А. Баймұқанов басқарып отырған «Ақсайгазпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері Пугачев ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Оразай Күмісқалиевке мүгедектер арбасын сыйлады. Жақында ота жасатқан ардагерге мекеменің бұл сыйлығы қажеттілікке айналған еді.
Жаңаталап ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатылды. Ескерткішті ашуға ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Ишкеев пен Жаңаталап ауылының ардагері М. Есқалиевтерге тапсырылды. Салтанат әрі қарай үлкендерге арнап ас беру мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мұндай есте қаларлық игі іс өз мәресіне жетіп, қарттар өте-мөте риза болып, баталарын берді. Бұл шараны ойдағыдай өткізу үшін атсалысып, демеушілік көрсеткен азаматтар облыс мәслихатының депутаты Мадияр Байжановқа, жерлес қожалық басшысы Болат Рахметовке қарттар атынан алғыс шексіз.
Өндірісі жағынан көш ілгері тұрған ауданда шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт саласында да жетістіктер аз емес. Күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан аудан орталығы Ақсай қаласында да жаңа ғимараттар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.
Бөрлі ауданындағы атқарылып жатқан барлық игі жұмыстар - ел тәуелсіздігінің арқасы, егемендігіміздің жемісі.
«Егіз әуен, қос қанат» деген ақпаратта (Г.Жолдығали) Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен республикалық конкурстардың лауреаты Айбар Хайрхановтың «Егіз әуен, қос қанат» атты дуэт кеші өткені мәлім етілген.
Ағайынды Ришад, Мүсілім Абдуллиндердің туғанына 100 жыл толуына арналған аталмыш кешті облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның қызметкерлері ұйымдастырды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен облыстық филармонияның 50 жылдығына орай ұйымдастырылған ән кешіне өнерсүйер қауым жиналды.
Жанды дауыста көрермендерге шуақ сыйлаған қос әнші «Шолпан», «Еркем-ай», «Қайдасыңдар, достарым?» әндерімен қоса, Шәмші әндерін әуелете шырқап, тыңдармандарының ерекше ықыласына ие болды. Әсіресе, белгілі әнші Қатимолла Бердіғалиевтің өнерге сүйіспеншілігі, әр әнді балаша мәз болып, асқақтата, беріле шырқағаны көрерменге жақсы әсер сыйлады. Әдемі кеште белгілі әншілер Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі өнер көрсетті. Ешқандай айқай-шусыз, тап-таза саф дауыста ән салған қос әншіні кеш бойы қиқулап қолдаған көрермен ризашылықпен тарасты.

Газетте «Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы» жалғасын тапқан.
2001 жыл

4 ҚАҢТАР
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Орал мұсылман мешіті мен православ шіркеуінде болды. Дін қызметкерлерімен болған әңгімеде облыс басшысы көп ұлтты елімізде адамдарды ізгілікке тәрбиелеуде ислам және христиан діндерінің үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

22 ҚАҢТАР
Облысқа ҚР және РФ Батыры, ұшқыш-космонавт Талғат Мұсабаев, Космостық зерттеу институтының директоры, академик Өмірзақ Сұлтанғазин, «ҚазЭйрУЭСТ» ЖАҚ-ның бас директоры Вячеслав Чапурин жұмыс сапарымен келді. Олар облыс активімен, БҚМУ-дың ғалымдары және студенттерімен кездесті. Әңгіме барысында космонавтика саласының қол жеткізген жетістіктері, космостан Батыс Қазақстан облысы аумағының экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға көмек беру мәселелері қозғалды. Кездесуге қатысушылар Талғат Мұсабаевтың космостан түсірген фильмін тамашалады.

11 НАУРЫЗ
Орал қаласына ҚР-ның халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Әлем әртісі» атағының иегері, Ұлттық музыкалық академиясының ректоры, белгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева келді. Оның облысқа сапары ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған мәдени бағдарлама шеңберінде өтті.

12 НАУРЫЗ
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын және журналист Жанғали Нәбиуллинге «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ол - көп жылдардан бері облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясында қызмет жасап, облыстың, соның ішінде Орал қаласының қоғамдық өміріне белсене араласқан жан.

2 СӘУІР
Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің өмірге жолдама алғанына отыз жыл толды. Соған орай оралдықтар «Қазақстан» кинотеатрында фильмнің басты рөлдерін сомдаған актерлар, жерлесіміз Меруерт Өтекешевамен және Құман Тастамбековпен кездесті.

27-28 МАУСЫМ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Лондон қаласына барып, Қарашығанақ жобасын Біріккен басқару комитетінің кезекті мәжілісіне қатысты. Бұдан бұрын өнімді бөлу туралы Негізгі келісімге сай облыс жыл сайын әлеуметтік салаға 10 млн. доллар алып келсе, осы мәжілісте оған қосымша 5 млн. доллар бөлу туралы шешім алынды. Ол қаржы облыс орталығын абаттандыруға, қайта жаңғырту жұмыстарына жұмсалады. Осыған байланысты облыс жыл басында «ҚПО б.в.»-дан 10 млн. дол-лардың орнына 20,4 млн. доллар қаржы алды. Бұл қаржы қазақ драма театры, жабық мұз сарайы, Зашаған кентіндегі мектеп құрылыстарына, Орал қаласындағы әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға, Ақсай қаласын сумен қамту және басқа да жобаларға жұмсалады.

1 ҚЫРКҮЙЕК
Теректі ауданының Подстепный ауылында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде терең білім беретін «Үміт» лингвистикалық гимназиясы ашылды. 80 балаға арналған гимназияның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Қ. Көшербаев бұл білім ұясының ашылуы өңірдегі дарынды балалар үшін жасалып жатқан мемлекет қамқорлығының көрінісі екенін атап өтті. Елбасының тапсырмасына сай облыста мектептерді компьютерлендіру аяқталғанын жеткізді.

13 ҚЫРКҮЙЕК
Археологтар Бөрлі ауданының Қырықоба қорғанынан қазан, әйелдердің әшекейі, ат әбзелдері және тағы басқа тұрмыс бұйымдары сынды қазбаларды тапты. Оны сарматтар біздің эрамызға дейінгі IV-VI ғасырда пайдаланған деген жорамал бар. Орал қаласының шетіндегі Ысқырық тау аумағында да қазба жұмыстары жүруде. Ол жақтан біздің эрамыздың XIII - XIV ғасырға жататын, жақсы сақталған жылыту жүйесі және шығыс моншасы, коммуникация жүйесі бар басқа да нысандар табылды.

30 ҚАЗАҚ-1 ҚАРАША
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Орал қаласында қазіргі жаңарған қоғамда әдебиеттің рөлі және рухани байланыс мәселелері мен евразиялық проблемаларды талқылауға арналған Қазақстан және Ресей жазушыларының кездесуі болды. Осы шара шеңберінде татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Оның ашылуында Татарстан жазушылар одағының төрағасы Ф. Галимуллин, Ресей делегациясының мүшесі, «Дружба народов» журналының редакторы А. Эбаноидзе, Қазақстанның халық жазушысы Қ. Мырза Әлі, облыстық жазушылар одағы ұйымының төрағасы А. Бектұрғанов, Орал қаласындағы Ғ. Тоқай орталығының жетекшісі, профессор Р. Абузяров және басқалары сөйледі. Облыстық драма театрында Қазақстан және Ресей жазушылары облыстың зиялы қауымымен кездесті.

6 ҚАРАША
Орал қаласындағы №36 орта мектептің ауласына Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 75 жылдық мерейтойына орай оның ескерткіші орнатылды. Оның ашылу салтанатына жары Саида Ықсанова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, М. Ықсановтың әріптесі Мансұр Ғизатуллин қатысты. Кешкісін облыстық драма театрда салтанатты жиналыс болды. Онда «Туған елінің ұлы» атты бейнефильм көрсетіліп, өнер шеберлері концерт қойды.

13 ЖЕЛТОҚСАН
ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай мұз сарайы, Зашаған ауылында №30 орта мектеп салынып, пайдалануға берілсе, облыстық аурухананың консультативтік-диагностикалық емханасы күрделі жөндеуден соң қайта ашылды. Сондай-ақ италияндық «Ренко» фирмасының қонақүй кешені іске қосылды. Бұл нысандардың ашылу салтанатына облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Қасымжомарт Тоқаев қатысты.

2002 жыл

9 ҚАҢТАР
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Бөкей ордасы аудандық тарихи-мұражай кешені» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы» облыс әкімдігінің қаулысына қол қойды. Кәсіпорын Орда ауылында құрылады және облыстың мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау және туристерге қызмет көрсету секілді өндірістік-шаруашылық қызметтерімен айналысады.

10 ҚАҢТАР
Астана қаласында үздік аудандық ардагерлер ұйымы арасындағы республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды. Үшінші жүлделі орын облысымыздың Ақжайық ауданы ардагерлер ұйымына берілді.

21 АҚПАН
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанында украин ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Батыс Қазақстан облысында 19 мың украиндықтар тұрады. Жаңа орталықтың жоспарында кешкі мектептер ашу бар. Онда балалармен қатар үлкендер де ана тілінде оқитын болады. Украин халқының салт-дәстүрін дамыту орталық мүшелерінің басты жұмысы болмақ. Ұлттық тағамдар даярлайтын асхана ашу көзделіп отыр. Орталықтың жетекшісі болып Екатерина Балғабаева сайланды.

2 СӘУІР
ҚР мен РФ Үкіметтерінің арасындағы келісімге сәйкес Орал қаласында Ресей консулдігі ашылады. Консуль болып Дмитрий Романов тағайындалды.

6 МАМЫР
ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссия кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктердің транскрипциясы мен атауларын өзгерту және қайта атау жөніндегі материалдар негізінде Батыс Қазақстан облысы бойынша Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылдық округіндегі Қожахар ауылы - Жаңабұлақ ауылы, Бөрлі ауданы Григорьев ауыл округіндегі Григорьевка ауылы - Кеңтүбек ауылы, Бөрлі ауданы Григорьев ауыл округіндегі Ким ауылы - Бақтыарал ауылы, Тасқала ауданындағы Қазақстан ауылдық округіндегі Совхозное ауылы - Атамекен ауылы болып өзгерді.

11-12 МАУСЫМ
Германияның Экономика және технология министрлігінің ұйымдастыруымен Ақ Жайық өңірінде Неміс экономикасының күндері өтті. Соған орай Алманиядан құрамында халықаралық мәселелер жөніндегі Шығыс және Азия елдеріне ықпал ету менеджері Франк Мюллер бастаған неміс бизнесмендері мен білім беру орталықтарының мамандары бар делегация келді. Қонақтар Орал қаласының бірқатар өнеркәсіп орындарында болып, біріккен кәсіпорын ашу мүмкіндіктерін қарастырды.

25 ШІЛДЕ
Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда «Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясының» тұсаукесері өтті. Бұл - Ғарифолла Әнесов жетекшілік жасаған авторлардың үлкен еңбектерінің нәтижесі. Алғаш рет біздің өлке туралы көп материал жиналды. Оның тұсаукесер салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаев, жазушы-академик Зейнолла Қабдолов, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі қатысты.

14 ТАМЫЗ
«Металбұйымдары» зауытының ұжымы жаңа өнім түрлерін шығаруды қолға алды. Қазір мұнда тұрғын үй және басқа да құрылыс нысандары үшін темірден жасалған шатырлар шығарылуда. Кәсіпорын сонымен қатар болаттан жасалған қабырғалық профнастиль шығаруды игерді. Ауысымына 10 тонна металл өңделеді.

27 ТАМЫЗ
Орал қаласының орталық алаңында қазақ халқының ұлы ақыны, философы Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылды.
Осы күні А. Островский атындағы театр жанындағы саябақта орыс жазушысы Михаил Шолоховтың бюсті орнатылды.

1 ҚЫРКҮЙЕК
БҚМУ-дың аграрлы-техникалық институты жаңадан ашылған мұнай және газ факультетіне студенттер қабылдады. Мұнда жерге орналастыру, жер кадастры, құбыр желілері көлігі, қолданбалы математика және физика-техникалық ғылымы бойынша мамандар даярланады.

24 ҚЫРКҮЙЕК
«Жайықауылқұрылыс» фирмасы республика бойынша құрылыс және құрылыс индустриясы саласында сапалы жұмыс атқарған төрт үздік компания қатарында 2002 жылдың мемлекеттік сыйлығына ие болды.

27-28 ҚАЗАН
Орда ауылында Бөкей хандығының 200 жылдығы өтті. Мерекелік шаралар шеңберінде мұнда ғылыми-практикалық конференция, дөңгелек үстел мәжілістері өткізіліп, онда РФ-ның Астрахан, Саратов және еліміздің Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарынан келген ғалымдар пікір алмасты. Орда тарихи-мәдени орталығында Тәуелсіздік мұражайы ашылды. Осында «Бөкей хандығының тарихы» жинағының тұсаукесері өтті.

7 ҚАРАША
ҚР Үкіметінің қаулысымен БҚМУ қайтадан жасақталды. Оның құрамынан аграрлы-техникалық университет бөлініп шықты. БҚМУ-дың ректоры болып тарих ғылымының докторы Мұрат Сдықов, БҚАТУ-дың ректоры болып ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Қазыбай Бозымов тағайындалды.

2 ЖЕЛТОҚСАН
Прага қаласында Солтүстікатлант альянсына кіретін 19 мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында ашылған ірі көрме залына екі қазақстандық суретшінің еңбектері қойылды. Оның бірі - батысқазақстандық әйгілі суретші Сәкен Ғұмаров. Суретшінің Бөкей хандығы туралы еңбегі көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.

«Қазақстаннан» Қазақстанға
ХАТЕРІҢІЗГЕ САЛАМЫН
Өткен жыл бір талай азаматдар «Қазақстанға» падписчик жинамақға куитансиа алыб еді. Бір қатар адамдар тез-ақ жинаб табсырды.
Енді бір қатарынан бұ күнге дейін хабар жоқ. Соңғы уақытларда редаксиаға біраз хат келді, не: «ақшамызды төлеб алған қолымызда куитансиамыз бар, газет неге жіберілмейді» деб. Ендігі өтініш сол: қолында куитансе кітаб бар адамлар, ең болмаса жинаған падписчикдерінің аты-жөніменен адрисларын жіберуге мархамат етсін. Куитансиаға қарағанда ақша орнына табсырылды деб ойлауға мүмкін, аның үшін мен-ақ куитансиаға қол қойыб беріб едім.
Өтініб қалғушы Елеусін БҰЙРИН
Нөмірі 8, 6 хамал,
1330 жыл №8 (6 наурыз 1912 ж.)

БАЛАЛАРДЫ БҰРЫНҒЫ ОҚЫТУ
БІРЛЕН ОҚЫТУ КЕРЕК:
Қазақдың мақалы бар ғой, «Машақат болмай рахат болмайды» деген. Машақат шегіб, қиын болған ескі оқуменен оқу керек. Ыжтиһад қылыб оқыса, ескі оқуменен де молла болады ғой. Хадис шариф бар, «мен жәд уа жәд» деген, бұрынғы ата-бабаларымыз ескі оқу менен оқыб, моллаға һеш кімнен кем емес, жеңіл оқу төте оқу деб қызғу мәслихат емес, аның үшін жеңілдікдің түбі жеңілдік болыб кетер. Қартдардың мақалы бар: «Арзанның сорпасы татымайды» деген секілді, халықдың басы адамдары тәжірибе қылыб қараңызшы, инсан мұхтаж ғақылға, ғақыл мұхтаж тәжірибаға деген ғой. Ойлаб қараңызшы, бізге ескі оқуда жарамай ма, аның үшін өзлеріңіз де ескі оқуменен оқығансыз ғой. Соныменен де файдаға асқансыз.
Жымпиты Ғ.Т.

ОЛАЙ ЕМЕС
Дұрыс, «машақат болмай рахат болмайды» деген қазақдың да мақалы бар, «Мен жәд уа жәд» деген ғарабдың да мақалы бар. Бірақ бұл оңай затды қиын етіб, босқа машақаттан деген сөз емес. Ғылым сруетді (политическое экономие) оқыб қарасаңызшы, сонда айтады ғой: «уақыт - ақша, босқа өткізбеңіз, аз уақытның ішінде көб нәрсені хасыл (табу) етуге тырысыңыз» деб. Ғылым деген бір терек, оның бұтағы көб, біз тек бір бұтағын ұстаб аламыз да, басқа бұтағын керексіз көреміз. Сол біз керексіз деген бұтақдың бәрі жемісді болыб шығыб, бұ күнде бүтін халық қарық болыб жатыр, біз махрұм қалыб тұрмыз.
Ескі оқытуменен оқыған бала екі жылда ежік танымайды. Жаңа оқытуменен оқыған бала бір аз уақыт ішінде-ақ иман, исламды біледі. Бұны өзімізге көбсінеміз бе? Бұндай фікірді дос болсаңыз, халықға таратбаңыз.
Басқарушы

Нөмірі 11, 24 сәуір, 1330 жыл №11 (24 сәуір 1912 ж.)

С.Әбілхалықов «Көгеріс» ауылдың көсегесін көгертпек» деген мақаласында Сырым ауданындағы ауылдық тұтыну кооперативін көпке үлгі еткен.
Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жиі айтып, кәсіпкерлерді қарапайым халыққа қарай бет бұруға шақырып келеді. Осы бағытта Сырым ауданындағы «Көгеріс» ауылдық тұтыну кооперативі өзгелерге үлгі боларлықтай істерді қолға алды.
Аталмыш кооператив Бұлдырты ауылдық округіндегі Көгеріс елді мекенінде құрылды. Бұлдыртыдан 22 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылда 300-ден аса тұрғын бар. Кеңес заманында салынған мұндағы клуб ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары өртеніп кетіпті. Содан бері бұл ауылдағы түрлі шара атаулысы мектепте өтіп жүр. Ал білім ұясының шағын ғимараты мектепішілік шараларды өз деңгейінде өткізуге қолбайлау туғызып жатқанда, өзге іс-шаралар туралы не айтасыз?! Ауылға мәдениет үйін салу туралы мәселенің күн тәртібіне қойылғанына біраз болды. Оның жуық арада шешілетініне көпшілік сенімсіздік танытқаны рас. Сөйтіп жүргенде көгерістіктердің аспаннан іздегені жерден табылды. Былтыр құрылған ауылдық тұтыну кооперативі биыл осы істі қолға алды.
- Ауылымыздан біраз өнер адамдары шықты. Олардың ішінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрғиса Дәуешев, елімізге танымал журналист Құбаш Меңдіғалиев бар. Қазіргі жастарымыз да өнерден құралақан емес. Мәселен, ауылымыздан көңілді тапқыштар клубы құрылып, олар аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жақсы өнер көрсетіп жүр. Бірақ олардың дайындалуына сахна жоқ. Сол себепті КТК-ның жастары да мектепті жағалайды. Міне, осының бәрін бұрыннан білеміз ғой. Алайда ол кездері көмектесуге мүм-кіндігіміз болмады. Үкіметтің ауылдық тұтыну кооперативтерін құру туралы жақсы бастаманы қолға алғанына ризамыз. Соның нәтижесінде тұрғындардың ауызбірлігі нығайып, мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыға және өзге де қаржы көздерін тауып, ауылымыздағы өзекті мәселелерді шешудеміз. Осылайша мәдениет үйін салуды қолға алдық. Құрылысқа қомақты қар-жы керек қой. Қызметімізді енді бастап жатқан бізде ондай қаржы қайдан болсын. Дегенмен де жоқтан бар жасап, қимылдап жатқан жайымыз бар. Жалпы, бұл ісімізге ауылымыздан түлеп ұшқан, қазір аудан, облыс көлемінде, тіпті республикамыздың өзге өңірлерінде тұратын жандар барынша жәрдемдесіп жатқанын да айта кеткім келеді. Оларға ауыл тұрғындары атынан өз ризашылығымды білдіремін, - дейді «Көгеріс» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы Боранбай Сарбөпеев.
Көпшіліктің жәрдемдесуіне «В контакте» әлеуметтік желісінен ашылған «Көгеріс» деген парақша да септігін тигізуде. Жергілікті жастар желінің әкімгерлері болып белгіленген жігіттерге ауылдағы, мектептегі жаңалықтарды жазып, фотоға түсіріп жібереді. Олар бәрін жинақтап, реттеп, парақшаға салып отырады. Мәселен, мәдениет үйінің құрылысы басталды деп желіге хабар шығарғанда, Көгерісте дүниеге келген, оқыған, жұмыс істеген жандар хабарласып, сәттілік тілеген, кейбіреулері көмектерін беруге әзір екендерін айтқан. Ауыл жігіттерін асарға да осы әлеуметтік желі арқылы шақыру дәстүрге айналған.
Көгеріс негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Ізбасар Амангелдиннің айтуынша, ауылдық тұтыну кооперативі білім ұясын да өз қамқорлығына алған. Қажет құрал-жабдықтарды, мектептегі шағын орталыққа ойыншықтар алуға, өзге де мәселелерді шешуге қолұшын созып келеді. Бала саны азайып, білім ұясы негізгі мектеп мәртебесінен айырылып қалмауы үшін кооператив басшылығы көп балалы отбасыларды ауылға көшіріп әкеліп, бүлдіршіндерді мектепке, отағасыларын осы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына орналастырған. Бұйыртса, бұл мәдениет үйі салынып болғасын оны мемлекет меншігіне өткізу көзделіп отыр. Осында жұмыс істеп жүрген жандарды сол мекеменің техникалық бағыттағы қызметтеріне орналастыру жоспары жергілікті атқарушы билік құрылымдары тарапынан қолдау табуда.
Айта кетейік, Сырым ауданында бірінші болып құрылған аталмыш кооператив бүгінде ауыл тұрғындарының қолындағы 300 бас аналық ірі қара малын біріктіріп отыр. Оларды асылдандыру мақсатында 10 бас асыл тұқымды бұқа алынды. Кооперативтің штатындағы бақташылар малдың күтіміне, амандығына тікелей жауапты. Соның арқасында ауылда мал ұрлығы тыйылыпты. Бұрын жыл сайын осы ауылдан 20 шақты мал жоғалатын болса, былтырдан бері мұндай қылмыс орын алған жоқ. Мемлекет тарапынан берілген демеуқаржыға өткен жылы ауылдағы құдық, су жүйелері жөндеуден өткен. «Көгерістіктер арнайы су сору құрылғысы арқылы жер асты суын пайдаланып отыр, - дейді Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев. - Құны орта есеппен 200 мың теңгедей тұратын аталмыш сорғы істен шығып қиналып жүргенде, осы кооператив өз қаржысына жаңасын алып берді. Кооператив әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін, түрлі шараларға демеушілік танытып келеді. Содан болса керек, таяуда «Көгеріс» Сырым ауданының ең үздік ауыл шаруашылығы кооперативі деген атақ алды. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш».

Осы нөмірде А.Асқардың «Ұлттық валюта ұлықталды» деген мақаласы «Егемен Қазақстаннан» көшіріліп басылған.
Елдің экономикалық тәуелсіздігін көрсететін басты белгілердің бірі - төл валютасы. Бұл бұлжымайтын қағида деуге болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойының қарсаңында елордада төл теңгеміз айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын ашып, ұлттық валютамызды ұлықтаған алқалы жиын өтті.
«Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конференцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Парламент депутаттары, теңгенің дүниеге келуіне атсалысқан белгілі экономист ғалымдар, қаржыгерлер қатысты. Жиын басында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова теңгенің ел тағдырында алатын маңызды орны туралы баяндады.
- Мемлекеттік туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі - мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы - теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді.
Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді,- деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова «Елбасы Н.Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен келісім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторы екенін, сондай-ақ, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы да ықпал еткенін жеткізді. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, бүгінде теңге экономикамыздың тірегіне, берекелі де мерекелі тіршілігіміздің күретамырына айналған. Ол алдағы уақытта да Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының тұғыры бола беретініне сенім зор.
Осы конференцияда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және монетаны жұрт назарына ұсынды.
- Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас негіздерінің бірі - ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім. Баршамыздың Отанымыз бір, тағдырымыз бір. Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Тәуелсіздік тарихы - Мемлекет басшысының тарихымен тығыз байланысты. Сол себепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады,- деді Данияр Ақышев.
Банкнотты таныстыру салтанатында айтылғандай, он мыңдық купюрада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих жинақталған. Қазақстанның картасы ел халқының ортақ үйі ретінде көрсетілген. Қазақ елі монументіндегі Самұрық құс өткен күн мен бүгіннің сабақтастығын бейнелейді. Мерейтойлық купюра Президентіміздің ел дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейнелеуге бағытталған.
5 мың номиналдағы монетаға тоқталар болсақ, ол 925 сынамалы күмістен жасалыпты. Беткі жағында Қазақ елі монументі, ұлттық киімдегі әр түрлі ұлт өкілдері бейнеленген. Күн шапақтарының көрінісімен көмкерілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең.
Данияр Ақышев айтқандай, Ұлттық банк кәдесыйлық банкнот пен монетаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні - 1 желтоқсанда жарыққа шығарады. Осылайша, Тәуелсіздік тойының қарсаңында халқымыз үшін үлкен сый жасалмақ.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуезовтің пікірінше, жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады.
- Ұлттық валютамыздың айналымға енуі - Қазақстанның тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі. 1993 жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық валю-тасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан болатын. Содан бергі аралықта мемлекетіміздің экономикалық құрылымы қалыптасты. Ал Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ұлттық банктің Мемлекет басшысы бейнеленген купюра мен монетаны таныстырғаны өте орынды қадам деп ойлаймын. Купюраға Елба-сының суреті бейнеленуі Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуындағы Президенттің айрықша рөлін білдіреді. Бұл купюра үлкен құндылыққа айналады, оны адамдар бағалы дүние ретінде сақтайды деп сенемін, - деді Мағжан Әуезов.
Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк таныстырған жаңа банкнотты сонау 1993 жылы шыққан алғашқы 1 теңгелікпен салыстырды. Ғалымның пайымына салсақ, теңгеде әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тауып отыр.
- Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін Данияр Ақышев мырза 10 мың теңгелікте Елбасы бейнеленгенін айтты. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңгеміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз теңселе бермей, тұғырлы болсын! - деді Ғ.Есім.
Осы жиында айтылғандай, теңгені жасау, айналымға енгізу өте күрделі жағдайда жүргізілген. Ол кезеңде мамандардың тәжірибесі аз, ресурс жеткіліксіз, біліктілік төмен еді, ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық қатынастар күйреген уақыт болатын. Теңгені дүниеге әкелу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Президенті тікелей қадағалап, атсалысты.
Конференцияда есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, экономист ғалымдар сөз сөйлеп, төл валютамыз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өтті. Олар өзінің ұлттық ақшасы бар ел ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, нарықтық экономиканың құрылымын қалыптастыра алатынын тілге тиек етті.

БҚО мемлекеттік архивінің директоры А.Сауғабаева «Мойындалған тарихи әділеттілік» деген мақаласында соғыс тұтұқыны болған майдангер тағдырын сөз еткен.
Өткен жылдың 21 мамырында Германияның Бундестагы бұрынғы кеңес әскери тұтқындарына жасалған әділетсіздіктің орнын толтыру мақсатында арнайы өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады.
Шешімде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс тұтқынында болған кеңес Қарулы күштерінің әскери қызметкерлеріне ақшалай өтемақы берілетіндігі қарастырылған. Ақшалай өтемақы өте қомақты. Оның көлемі - 2500 евро.
БҚО мемлекеттік архиві мониторинг жасап, Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери тұтқында болған, қазір өңірде тұратын көзі тірі майдангерлерді іздестірді. Қолда бар мұрағаттық құжаттар зерттелді, электрондық қорлар тексерілді. Талай жыл өтсе де, архив қызметкерлерінің жолы болды. Нәтижесінде көрсетілген уақыт аралығында тұтқында болған жалғыз жерлес табылды. Ол - Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылының тұрғыны А. Рудь.
Ол 1921 жылдың 12 қарашасында Ресей Федерациясы, Краснодар өлкесі, Ейск ауданында дүниеге келген. 1940 жылы тамызда әскер қатарына шақырылды. Сол себептен Андрей Иосифович соғысты алдыңғы шепте қарсы алып, алғашқы күннен бастап соғысты. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының бастапқы кезеңі қызыл әскер үшін сәтсіз болды. Әскердің ерен ерлігі мен батырлығына қарамастан, жау күшті болды және ел аумағында екпіндей жылжыды. Қарсыласу ошақтары әуеден, танктердің және зеңбіректің күшімен басып-жаншылды. Андрей Рудь 1941 жылдың маусымында бір топ сарбазбен тұтқынға түсіп, құлдықтың ауыртпалығы мен тауқыметін тартты. 1945 жылдың мамырында тұтқыннан босатылды. Үйіне оралды. 1946 жылы Ейск ауыл шаруашылығын механизациялау техникумына оқуға түсіп бітірген. Жас маман тағдырдың жазуымен Қазақстанға келіп, 1948 жылдың 13 қыркүйегінде «Шыңғырлау ет» кеңшарына шеберхана меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Аталған кеңшарда ұзақ жыл абыройлы жұмыс жасап, құрметті еңбек демалысына шықты. Самайына ақ кірген Андрей Иосифович бүгінде ардақты ата, абыз ақсақалға айналған.
Облыстық архив ардагердің тұтқында болғандығы жөнінде нақты дәлел жинап, неміс тарапына құжаттар топтамасының көшірмелерін жіберген еді. Артынан мемлекеттік архивтің игі міндетінің нәтижесі күтілді. Бұл - облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, ішкі істер департаментінің және Шыңғырлау ауданының әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесе жасалған жұмыс. Ардагерге бұл әрекеттер беймәлім еді. Осылайша қараша айының басында ақпарат келіп түсіп, Рудь Андрейдің есепшотына 2500 евро көлемінде ақшалай қаржы аударылды.

Ақын А.Нәріков «Тереңдік пен биіктік» деген мақаласында көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына шолу жасаған.
Жазушының «Құпия түн» атты тұңғыш кітабы 1987 жылы жарық көрді. Оралдағы пединститутты тәмамдап, облыстық «Орал өңірі» газетінде өзім сияқты еңбек жолын бастаған Рахымжанды, сол 1987 жылдың тамыз айында Алматыда, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында алғаш рет көріп, танысқан болатынмын. Тұңғыш кітабының сүйінші данасын қызметтестеріне көрсетіп, шағындау дастарқан жайып жібергені бар еді. Кезек келгенде, мен де жас жазушыға тілегімді білдіріп, болашақ кітаптарын жібермей оқуға уәде берген едім. Қазір есептеп отырсам, содан бері 30 жылдай уақыт зулап өте шығыпты-ау.
Рахымжан Отарбаев аталған мерзім ішінде жанкешті еңбек етті. Беделі биік баспалардан 10-нан астам кітабы жарық көрді. Қаламгердің аса белсенді шығармашылық қызметі қоғамдық құрылымның күрт өзгерістерге ұшырауымен тұспа-тұс келді. Яғни коммунизмге бағыттап бара жатқан біз 180 градусқа бұрылып, бұрын ит етінен жек көрген капитализмге қол арттық. Жұмыр басты пенде нені көріп, неге көндікпейді десеңізші!?. Әдебиеттің объектісі, яғни нысаны - адам. Ал жазушыны адам жанының инженері дейді.
Рахымжан Отарбаевтың сол 10-нан астам кітапта топтастырылған әңгіме, повесть, пьесаларында адамтану, яғни адамзерттеу ісі тереңдей де биіктей түседі.
«...Қанша адам болса, сонша мінез. Бірін-бірі қайталамайтын образ, әркімнің өзіне тән тілі мен пайымы. Осының бәріне автордың эрудициясын, жалпылау мен жалқылауда, оқиға екшеуде, адам мінезі мен болмысын іріктеуде көрінетін биік талғамын қосыңыз...» деп жазыпты Мемлекеттік сыйлықтық лауреаты, қазіргі қазақ прозасының шашасына шаң жұқпас жүйрігі Дулат Исабеков қаламдас інісінің «Фолиант» баспасынан 2009 жылы шыққан «Аспандағы ақ көбелектер» атты әңгімелер мен повестер жинағына арнаған алғысөзінде.
Шынында да, жазушы Рахымжан Отарбаевтың кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Былай қарағанда, жұмыр басы, үлкенді-кішілі кеудесі, ұзынды-қысқалы аяқ-қолы бар пенделер. Күнде көріп жүрміз, өзіміз де сондаймыз. Ал қаламгер болса, сол нөпір көптің әрқайсысын даралай көрсетіп, әр адамның саусақ табы қайталамайтын болса, әр пенденің ішкі-сыртқы дүниесі де ұқсамайтынына қалам күші арқылы сендіреді. Барлық зейінін аударып оқыған адам Отарбаев кейіпкерлерін автордың аты-жөні көрсетілмесе де, тап басып тани алар еді.
Салыстыру өнер атаулы бас иетін түсінік болса керек.
Екі-үш классик жазушыны мысалға алайық. Мұхтар Әуезовтың сөйлемдері ұзақ, сол себептерден салған суреттерінің бояуы қалың, яғни оқырман сол бойда жеп-жеңіл қабылдай алмайды. Санаға салмақ түсіреді. Салалас, сабақтас, аралас құрмалас сөйлемдерді бір емес, бірнеше рет оқуға тура келеді. Ғабит Мүсірепов өзекті өртейтін туындыларды жазып отырып, юморды шебер қолданады. Яғни автор діттеген ойын жеткізу үшін қажетті «құралға» қол созады. Шыңғыс Айтматов қиялы әлемді шарлап жүреді. Дархан дарын айналып келгенде, алуан-алуан тағдырды тамашалатып, кейіпкерін отқа да салып, суға да салып, қарапайым адамды пайғамбар, пайғамбарды қарапайым адам жасап, сөз бен сезім сиқырын армансыз қызықтатып барып, «жұмбақты» ойламаған жерден тосын шешіп тастайды.
Рахымжан Отарбаевты оқығанда, оның төл әдебиетіміз бен әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін терең зерттепзерделегенін пайымдап, өз орбитасын табуға деген ешкімге ұқсамайтын ұмтылысын, яғни қолтаңбасын көргендей боламыз.
Міне, осыдан келіп қаламгердің есімі алыс-жақын шет елдерге танылып, сондағы жетекші әріптестері тарапынан мойындалып отыр. Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері. Таяуда алыстан өте қуанышты хабар келді. Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев «Жемісті бейбітшілік шығармашылығы» үшін алтын медальмен марапатталыпты. Айта кетерлік жайт, осыған дейін бұл медальді әлем бойынша Назым Хикмет, Пабло Неруда, Джавахарлал Неру иелік еткен екен.
Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына жақын көршіміз Ресей елінің көрнекті қаламгерлері қызығушылық танытып, орыс тіліне аударып, кітап етіп шығаруда. Басқа таланттардың беделіне көлеңке түсіруден аулақпыз. Десек те, дәл қазіргі кезде қазақ прозасының хал-ахуалы шет елге Отарбаевтың туындылары арқылы белгілі болып отыр десек, асырып айтқандық емес. Бұған жазушы шығармаларын талдаған беделді басқосулар куә бола алады.
2000-2016 жылдар аралығында Рахымжан Отарбаевтың «Таңдамалы шығармалар жинағы», І том, «Дауысыңды естідім», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Қараша қаздар қайтқанда», «Шыңғыс ханның көз жасы» кітаптары шықты. Жазушының 60 жасқа толуына орай қазақ және орыс тілдерінде екі томдығы жарық көріп отыр.
Жазушы Рахымжан Отарбаев - драматург. Оның 15 пьесасы топтастырылып, 2013 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Айна - ғұмыр» деген атаумен бір томдық болып шықты. Автордың пьесалары респуб-ликалық және облыстық театрлар сахнасынан түсіп көрген емес. Сондай-ақ оның туындыларын туысқан қырғыз халқы өз сахналарынан тамашалауда.
Біз газет мүмкіндігіне орайластыра жазылған осынау мақаламызда қаламгердің бүкіл шығармашылығын талдауды мақсат тұтпадық. Олай істесек, құшағы жетпесті құшуға әрекеттенгеніміз болар еді.
Теңіз суының дәмін бір тамшысынан білуге болатыны сияқты Отарбаев қаламының қарымын бір ғана әңгімесі мысалында көрсетуге талпыныс жасадық.
«Бесқасқа Беріштің хикаясы» - повестің жүгін көтеріп тұрған әңгіме. Көлемі жиырма парақ шамасындағы дүние. Ұлы жүзде ел билеушінің жалғыз ұлын намыс жолында өлтірген Жүсіп деген жігіттің тағдыры баяндалады әңгімеде. Жарлы болса да, арлы Жүсіп қыз таңдап, үйленбей біраз жүріп қалады. Қалталының алдында қалтақ-тамайтын, әкімқараларға жалтақтамайтын ерлігіне серілігі сай, серілігіне ерлігі сай азамат ел тізгінін ұстағандарға ұнай қоя ма!..
«...Екі көзі алақандай, қапсағай бойлы қара жігіттің айбатына шыдамай, тайсаң қаққандар, сырттай уәж байласып, осының басын бір пәлеге шатиық деседі. Мықтының сағын сындырғанша, жақсының бағын қайтарғанша мігір таппайтын қу мүйіз сығырлар, сонымен, аңғал Жүсіпті қайрап-қайрап бір іске салады. Ол қыз алып қашу еді...» деп жазады автор. Екі ауыз сөзбен кейіпкерінің сыртқы көрінісі мен ішкі жандүниесін көз алдыңа әкеліп тұр ғой. Содан қулар датқаның қызы Бәлекей сұлудың орнына оның күңін түн қараңғысында Жүсіпке ілестіріп жібереді. Пәле осыдан басталып, Жүсіпті табалай келген байдың жалғыз ұлы мерт болады.
Әңгімеде қарапайым ауыл жігітінің «философиясы» ғажап көрініс тапқан. «...Ғашықтық деген не тәйірі, жүр ғой соны білмей-ақ, балағынан бала төгілген біздің жаман қатын. Томырғаны май, тоңқайғаны ұл, байдың малын сауады, жапасын үйеді. Жүнін түтіп, киізін басады. Содан жаман атанды ма?..» Иә, оның пайымы осы. Өзінікі жөн. Бұл - кейіпкерді даралау әдісі. Ал Жүсіпке жардың ең сұлуы, елде жоғы керек. Оны можантопайлар қайдан түсінсін. Даралардың арманы да дара, өмірлік ұстанымы да дара! Жүсіп намыс жолында туған жерін тәрк етіп, Жетісудан Ақ Жайыққа сапар шегеді.
Әңгімеде Жүсіптің анасы елес күйінде ғана көрініс табады.
«...Қарағым-ау, қоң етімді кесіп аспасам, осы үйде тіске басар қызыл емге жоқ. Қап түбіндегі тарыдан қалғаны мынадай, - деп қос уысын көрсетті...» деп жазады автор. Екі сөйлемде қараша үйдің өте кедейлігі, Жүсіптің анасының тұрмыс тауқыметінен титықтағаны, бейнесі көрінбесе де, арып-ашыған кейуана көз алдыңа келе қалады.
Жүсіп Ақ Жайық бойына жеткенде көрген шал ше?.. «... - Осы тоқал итті сояйын, қызылсырап біттік деп Құдайдың зарын қылдым. Үйдегі қақпас көнді ме? Жыл сайын егіз лақтайды деп. Сен менің таңдайымды ағартып, дәулетімді тасытпай-ақ қой. Тумай туа шөккір. Көтің неге бітеліп қалмайды сенің! - деп бар қарғысын тоқал ешкісіне жаудырған шал дамбалы ағараңдап шек-шек келгірді тал санап қуды...». Тұнып тұрған сурет, жан-жақты ашылған образ ғой. Шал - кедей, шал - аңғал, шал - юморист, шал - қарапайым халық өкілі.
Иә, Жүсіп деген салт басты, сабау қамшылы өр жігіттің Ақ Жайық атырабына келіп, Беріш руына сіңісіп кеткені туралы аңызды өз басым төрт-бес жастағы бала кезімнен естіп келемін. Жүсіптің ұрпақтары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында ғұмыр кешіп жатыр. Бұл оқиға шамамен 250 жылдай бұрын болған сияқты. Көненің көзін зерттеп жүрген журналист ініміз Қазбек Құттымұратұлы Жүсіпке қатысты құнды жәдігер - шежіре тапты. Тегін білген елін біледі. Атамекен, бабажұртын есінде ұстайды. Бесқасқалар Берішпен еншілес болса да, таңбасы (//) бөлек.
Жазушы Рахымжан Отарбаев ел аузындағы аңызды әдемі әңгімеге айналдыра алды. «Сөз сөзге сәулесін түсіреді» дегендей, Рахымжанның әңгімеге арқау болып отырған туындысынан қатты әсерленіп, яғни от алып, «Ер Жүсіп» атты повесть жазғанымды айта кеткім келеді. Мұны қаламгердің қаламгерге тигізген игі ықпалы деуіміз керек. «Жақсыдан - шарапат» деп осындайды айтар болар.
Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Нұржау ауылында 1956 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келді. Яғни асқаралы 60 жасқа келіп отыр. Ол Орал пединститутын бітірді. Облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет етті. Рахымжанның тырнақалды туындылары Оралда дүниеге келді. Сондықтан біз үшін ол өте ыстық көрінеді. Шығармашылық дер шағындағы дарынды жазушының жаңа әңгімелер жинағы Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды.
Қазақ әдебиетін сапалық тың белестерге шығарған ұлылардың ізін басқан буынның арасынан кең тынысты, қолтаңбасы ерекше қаламгер Рахымжан Отарбаевтың шоқтығы биік көрінеді. Шығармашылық жолында тереңдік пен биіктікті мұрат тұтқан сөз зергерінің бергенінен берері көп екені күмәнсіз.

«Банк саласында алаяқтық азаяр емес» деген мақалада (Г.Әжігереева) банк саласындағы алаяқтықтың көбейіп кеткені айтылады.
Жалпы, алаяқтық - жақсы іс емес. Оңай олжа іздеген пайдакүнемдер қай заманда да болған. Қазір, әсіресе, екінші деңгейдегі банктерден несие алып, оны өзге біреуді алдау-арбау жолымен рәсімдеп кеткендердің алаяқтығы әшкереленуде. Бұл туралы Орал қалалық прокуратурасы өткізген банк саласындағы алаяқтықтың алдын алу тақырыбындағы жиында кеңінен айтылды.
Аталмыш прокуратураның бөлім прокуроры Мадияр Мұқановтың айтуынша, биылғы 10 айдың ішінде Орал қаласы бойынша 1122 алаяқтық фактісі негізінде алдын ала тергеу жұмыстары басталған. Олардың 45%-ына (513 факті бойынша) тіркеуден кейін есептен шығару арқылы алдын ала тергеу жұмысы тоқтатылған. Соның нәтижесінде есепті мерзім ішінде 609 факті бойынша алдын ала тергеу жалғасуда, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 28,4%-ға (былтыр 850 факті) төмен. Жүргізілген сараптамалардың қорытындысына сүйенсек, тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың 40 шақтысы немесе 6,5%-ы банк саласында жасалған. «Саладағы алаяқтықтың басым бөлігі 22-сі несие алумен және 15-і өзгенің құжаты бойынша іске асырылған. Көп жағдайларда жалған құжаттар пайдаланылған немесе таныстардың, тума-туыстардың өтініштері бойынша азаматтардың сеніміне кіру жолымен жасалған», - деді Мадияр Мұқанов.
Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидовтың айтуынша, биылғы жыл басынан бергі уақыт ішінде банк саласындағы қылмыстар саны 2,5 есеге өскен. 40 қылмыстық құқықбұзушылықтың жартысы үшінші тұлғаларға несие рәсімдеу деректері бойынша орын алған. Алаяқтар қаржылық сауаттылығы төмен азаматтарды өздерінің құйтыртқы әрекеттеріне пайдаланған. Шаһардағы «Сулпак», «Зентрум», «Технодом», «Фора-трейд» сауда үйлерінде несие рәсімдеуде алаяқтыққа жол берілген. «Каспий банк», «Альянс банк», «Форте банк» және «Нұрбанк» сықылды банктерде азаматтардың жоғалған құжаттары бойынша несиелер рәсімделген деректері тіркеліп отыр. Соның салдарынан жеке және заңды тұлғаларға материалдық және моральдық шығын келді.
Басқосуды қорытындылаған қала прокуроры Айдын Рашидов екінші деңгейдегі банктердің өкілдеріне алаяқтық жолмен жасалатын қылмысты азайту мақсатында саладағы алдын алу шараларын күшейту бағытында ұсынбалар берді.
Загир ВАГАПОВ,
«Каспий банк» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік басқармасының бастығы:
- Көп жағдайда несиені рәсімдеуден хабары жоқ, несиені бірінші рет алатын, несиелік тарихы жоқ адамдар алаяқтардың «жемтігіне» айналады. Олар банкке арыз береді, содан кейін қызметтік тексеріс жүргізіп, олардың әлдекімдердің арбауына түскенін анықтаймыз. Бұл материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаймыз, алайда ондағылар алаяқтарды іздестірумен айналыса бермейді. Сондықтан несие қарызы банктің мойнында қалып, қаржылық шығынға ұшырайды. Мысалға, біздің банкте 2013 жылы мұндай - 4, 2014 жылы - 9, 2015 жылы - 5, 2016 жылы 10 қылмыстық іс болды. Жыл өткен сайын қылмыстық құқықбұзушылық жиілеп барады.
Рашид ҚАЖЫҒАЛИЕВ,
«Еуразиялық банк» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік қызметі департаментінің бас маманы:
- Банкте алаяқтық оқиғалар тіркелген емес. Жалған құжатпен несие алушылар анықталған жоқ. Әдетте тұтынушылық несиені рәсімдегенде азаматтардан жеке куәлік сұралады. Сонда құжаттағы азаматтың суретін несие алып отырған азаматтың кескін-келбетін салыстыра қарайды. Әрбір несие алатын адам фотоға түсіріледі. Сол арқылы оның барлық суреттері салыстырылып, сол құжаттың иесі екені анықталады. Әлбетте, банк менеджеріне өте мұқияттылық керек.
Эрик ҚАЙРАНБАЕВ,
«Альфа банк» АҚ-ның Оралдағы филиалы қауіпсіздік қызметінің маманы:
- Биылғы жылдың 2-3-тоқсанында банк қызметкері қызмет бабын пайдаланып, қылмысқа бейім белгісіз біреулермен ымыраласып, сауда орындарындағы банк нүктелері арқылы өзге біреулерге (тұрақты жұмысы жоқ қылмыстық істі болғандарға, шалғай ауылдардың тұрғындарына) несие рәсімдеген. Мұндай 12 дерек анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Н.Текебаев «Көлік апатынан 87 адам көз жұмған» деген деректі келтірген.
Дүние жүзінде жыл сайын 1,5 миллион, ал Қазақстанда 2,5 мың адам аутокөлік апатынан көз жұмады. Биылғы он ай ішінде Батыс Қазақстан облысы аумағындағы аутожолдарда 386 жол-көлік оқиғасы орын алған. Апат салдарынан 87 адам қаза болса, 448 тұрғын жарақат алған. Бұл жайында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі ұйымдастырған брифингте мәлім болды.
«10-12 қараша күндері көлік апатын азайту мақсатында өткен «Қауіпсіз жол» іс-шарасы нәтижесінде 1703 жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді. Мас күйінде көлік айдаған 48, көлік жүргізуге құқығы болмаған 41, жылдамдықты арттырған 150, маневр жасау ережесін бұзған 142, апат қатерін туғызған 8, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 52, қауіпсіздік белдігін тақпаған 209, рульде отырып, ұялы телефон пайдаланған 168, көлігі техникалық байқаудан өтпеген 103, бағдаршамның рұқсат белгісін күтпеген 35, автотұраққа қою ережесін бұзған 19 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жыл басынан бері он ай ішінде жүргізушілерге материалдық шығын әкелген 1596 жол-көлік оқиғасы болды», - деді облыстық ІІД ЖПҚ жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция майоры Руслан Дүйсенғалиев.
Облыстық ІІД ЖПҚ ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Руслан Ғалиев қараша айында ұйымдастырылған «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 285 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құқықбұзушылық жасаған он үш жасөспірім профилактикалық есепке алынған. Бейімдеу орталығына 21 бала орналасыпты. Кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында жүруіне байланысты екі дерек анықталды. Бала тәрбиесіне салғырт қараған 24 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы 18-ге толмаған жасөспірімге темекі сатудың бес дерегі тіркелді. Және алкоголь өнімін сатқандарға қатысты бес заңбұзушылық анықталды. Руслан Ғалиев жыл бойына облыстық прокуратура, білім беру органдары және «Нұр Отан» партиясының облыстағы жастар қанаты өкілдері мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің мүшелерімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар», «Жанұя - басты қамқоршы», «Қайыршы», «Тұрмысы төмен отбасы», «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу ісшаралары өткізілгенін хабарлады. Нәтижесінде биыл жасөспірімдер арасында 131 қылмыс дерегі тіркелген, яғни былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 дерекке азайған. Ішкі істер органдарында 354 кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеп отырған 199 тұрмысы төмен отбасы есепке алынған.
«2005 жылы 25 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясы қарашаның үшінші жексенбісін жол-көлік оқиғасында қаза болғандарды бүкіләлемдік еске алу күні деп жариялады. Жеті жылдан бері біздің облыста соған орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, апталық аясында мектепке дейінгі ұйымдарда және орта білім беру орындарында ата-аналар арасында байқаулар өткізіледі. Жүргіншілер жолында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, көлік жүргізушілеріне абай болу қажеттігі ескертіледі. Ішкі істер органдарының қызметкерлері дәстүрлі түрде жол апатынан ауыр жарақат алғандарға қан тапсырады. Биылғы қарашаның үшінші жексенбісінде жолаушылары қаза тапқан көліктер тиелген автокеруенді Орал қаласының көшелерінен алып өту жоспарлануда. Түскі сағат 12.00-де қаралы оқиғаларды еске алу құрметіне Жеңіс алаңында ақ-қара шарлар ұшырылады. Сол уақытта барлық көлік жүргізушілеріне дабыл белгісін басуды ұсынамыз», - деді Орал қаласы ІІБ ЖПҚ-ның инспекторы Динара Әбділхалықова.

Газет тілшісі Н.Набиоллаұлы «Қасақана заң бұзғандарға қатаң жаза қолданылса...» деген тақырыпта БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевпен сұхбаттасқан.
- Қайрат Темірғалиұлы, орман ресурстары мен жануарлар дүниесін молайту бағытындағы жұмыстарды бақылау қандай нәтиже беріп отыр? Нақты статистикалық деректер келтіруге бола ма? Мәселен, атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда орман ресурстарының молайғандығы немесе жануарлар санының артқандығы туралы...
- Инспекцияның негізгі міндеті орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында қорғау жұмыстарын үйлестіру және бақылау функцияларын орындау болып табылады.
Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан жүктелген міндеттермен жоспарланған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда деп айтуға болады. Нақты статистикалық деректерге сүйеніп, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орман ресурстарының молайғандығы немесе жануарлар санының артқандығына тоқталатын болсақ, келесі мәліметтерді келтіруге болады. Жануарлар дүниесі саласындағы негізгі жануарлар түрлерінің, яғни киік, қабан, еліктің үш жылдағы көрсеткіштерін алатын болсақ, қалыпты өсімі байқалып, келесіні құрап отыр:

Түрлері
2013
2014
2015
2016

Киік
26400
39500
52500
70200

Қабан
1015
1036
1065
-

Елік
998
1030
1093
-


Орман шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсақ, өткен жылғы аптап ыстық уақыттарда облыс бойынша 50 орман өрті орын алып, оның салдарынан 2810,1 га көлемде орманды алқап өртеніп, мемлекеттік орман қорының аумағы сәл азайды. Бүгінгі күні облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 216 706 гектарды құрап отыр.
Мемлекеттік орман қорының аумағын кеңейту мақсатында жалпы орман шаруашылығы мекемелерімен жылма-жыл 500 гектар жерге тал-терек отырғызылып, облыс аудандарында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 150 мың түп түрлі көшеттер өсіріліп отыр.

- Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңнамалық талаптардың сақталуы қандай деңгейде? Облысымыз бойынша мұндай аумақтардың саны қанша? Қай жерлерде орналасқан?

- Облыс бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемі 188706,3 гектарды құрайтын он мемлекеттік табиғи қаумалдан тұрады, олардың үшеуі жалпы ауданы 160 мың гектарды құрайтын республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар, оның ішінде: Кирсанов (кешендік) - 61,0 мың га, Бударин (зоологиялық) - 80,0 мың га, Жалтыркөл (зоологиялық) - 19,0 мың га. Жалпы көлемі 28706,3 мың гектарды құрайтын бес жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумал мен екі табиғи ескерткіш бар. Екі мемлекеттік табиғи ескерткіштің (Са-довское көлі - ауданы 150 га, Үлкен Ешкі тауы - 175 га) жалпы аумағы 325 га құрайды.
Бес мемлекеттік табиғи қаумалдың аумағы 28381,3 га, оның ішінде «Миргород» (кешендік) - 3950 га, «Селекционный» (ботаникалық) - 36,3 га, «Орда» (ботаникалық) - 16405,0 га, «Дубрава» (ботаникалық) - 6,0 га, «Аққұм» (геоморфологиялық) - 7984 га.
Облысымыздағы ЕҚТА аумағында 18 қорықшы жұмыс жасайды. Олармен жыл бойы күзету шаралары атқарылып, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 50 заңбұзушылық анықталды.

- Сіздің мекеме тарапынан табиғат қорғау ұйымдарымен өзара бірлескен түрде қандай шаралар жасалуда?

- Орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайтудағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында, құқық қорғау және құзырлы табиғат қорғау мекемелерімен браконьерлік және басқа да табиғат қорғау заңнамаларын бұзуға қарсы күрес жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспары жылма-жыл құрылып отырады. Ол жоспарда орман ресурстарын, балық, жануарларды қорғауға бағытталған көптеген шаралар қарастырылған. Мысалы, қазіргі уақытта сол жоспарда қаралған негізгі іс-шаралардың бірі ҚР ІІМ тарапынан жүргізіліп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасына белсене қатысудамыз. Сонымен қатар қазіргі уақытта инспекция мамандары табиғат қорғау ұйымдарымен, яғни «Дистанциялық байқап көру орталығы және ГИЖ» ЖШС-мен бірге «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылы инспекция мамандары Қазақ орман орналастыру мекемесінің мамандарымен бірлесе отырып, мемлекеттік орман қорын орналастыру жұмыстарына да атсалысқан болатын.

- Браконьерлікпен күрес барысы туралы не айтар едіңіз?

- Иә, бұл жұмыстар инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі болғандықтан, инспекторлар құрамы тұрақты қорғау іс-шараларын жүргізіп отырады. Жыл басынан бері инспекцияның қызметкерлерімен 312 рейдтік шара-лар ұйымдастырылып, нәтижесінде заңсыз балық аулау бойынша 233 хаттама, заңсыз аңшылық құру бойынша 33 хаттама, ал орман заңнамаларын бұзу бойынша 31 хаттама толтырылып, заңбұзушыларға жалпы көлемі 4 млн. теңгеден астам айыппұл салынды.

- Қайрат Темірғалиұлы, аңшылық маусымның мерзімдері туралы айтып өтсеңіз. Дәл қазіргі уақытта аңдардың қандай түрлерін аулауға рұқсат етілмейді? Рұқсат етілген түрлері қандай? Алдағы жақын уақытта қандай жануарларға аңшылық маусымы ашылады?

- Қазіргі уақытта аңшылық нысандары болып табылатын облысымыздағы барлық дерлік аң-құстарға аңшылық маусымы ашылып, жүруде деп айтуға болады.
Аңшылық маусымының мерзімдеріне толық тоқталатын болсақ, ол аң түріне байланысты аңшылық ережесімен бекітілген. Мысалы, құстар бойынша қаз, үйрек түрлері, қасқалдаққа аңшылық маусымы қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал шілге қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 15 қарашаға дейін ғана белгіленген. Сол сияқты тұяқты жануарларға тоқталатын болсақ, қабанға аңшылық маусымы қыркүйек айының бірінші сенбісінен басталып, 31 желтоқсанға дейін созылады, ал сібір елігіне 20 қыркүйектен бастап, 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Айта кетерлік жәйт, сібір елігінің аталықтарына аңшылық маусымын бірінші тамыздан бастауға болады. Тек қана мамық жүнді жануарлардың, оның ішінде қоян немесе түлкіге аңшылық маусымы бірінші қарашадан басталып, келесі жылдың 15 ақпанына дейін созылады. Аңшылық құруға мүлдем рұқсат етілмейтін облысымызда мекендейтін негізгі бағалы аң түрлеріне киікті немесе бұғыны жатқызуға болады.

- Биылғы аңшылық маусымында заңбұзушылықтың өрескел деректері кездесті ме? Болса, қандай? Оларға қандай шара қолданылды?

- Әрине, заңсыз аң аулау бойынша өрескел заңбұзушылықтар әлі де орын алуда. Мысалы, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде жалпы 22 өрескел заңбұзушылық тіркелді. Оның 19 дерегі заңсыз киік ату немесе олардың мүйіздерін тасымалдау болса, заңсыз түрде қабан және елік атудың үш дерегі тіркелді. Барлық әшкереленген деректер бойынша құқық қорғау органдарымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда алты қылмыстық іс сот-та қаралып, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ағымдағы жылы заңсыз киік ату дерегі бойынша бір жылдың ішінде қайта құрықталған Қазталов ауданының тұрғыны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Ал қалған істер бойынша заңбұзушылар сот органдарының шешімдерімен шартты түрде ғана жазаланып отырады. Осы бағытта қасақана заңбұзушылыққа барған айыпталушыларға заңдарымызды қатайтып, қатаң жаза қолдануды қарастыруды жөн көрер едік.

- Өзіңіз басқаратын мекеменің жұмысын тиімді ұйымдастыруға кеселін тигізетін күрмеулі мәселелер бар ма? Болса, қандай? Жалпы, осы қойылған сұрақтардың аясынан бөлек, тағы қандай мәселелерді тарқатып айтқан болар едіңіз?

- Соңғы жылдары Атырау облысы шекарасында іргелес орналасқан Тайпақ орман шаруашылығы мекемесі аумағында орман ағаштарының көп көлемде жаппай қурауы орын алып отыр. Осыған орай облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 214 га көлемге санитарлық кесу жұмыстарына 5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген болатын. Алдағы уақытта да осы жұмыстардың жалғасын табуға қосымша қаражат көздері қаралғандығын қалар едік. Сонымен қатар облысымыздағы акбөкендерімізді арнайы қорғайтын заңды тұлға ретінде құрылатын, инспекторлар құрамы 52 адамнан тұратын «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі өткен жылдарда көтеріліп, барлық құжаттары әзірленгенімен, қазіргі уақытқа дейін бұл жұмыс жалғасын таппай келеді.
Газеттің 22 қараша күнгі нөмірі «Жансая мен Бауыржан жүлдегер!» деген ақпаратпен ашылған.
Жексенбі күні ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырау қаласында мәреге жеткен «Асқақ рухты Атырау» атты республи¬калық ақындар айтысында Батыс Қазақстан облысынан барған Жансая Мусина мен Бауыржан Ширмединұлы жүлдеге ілікті.
Екі күнге созылған айтулы жыр додасына барлығы 20 ақын қаты¬сып, бақ сынады.
Атақты өнер тарланы, Қазақ¬стан мен КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Асанәлі Әшімов бастаған қазы¬лар алқасының шешімімен айтыс қорытындысында қараған¬дылық Мақсат Ақанов бас жүлдені иеленді. Оған 2 млн. теңгенің сертификатын Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев табыс етті. М. Өтемісов атындағы Батыс Қа¬зақстан мемлекеттік универси¬те-тінің оқытушысы Жансая Мусина бірінші жүлдені (1 млн. теңге) жеңіп алды. «Жайық Пресс» ЖШС филиалы Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы астаналық Ме¬йірбек Сұлтанханмен бірге екін¬ші орынға (800 мың теңгеден) көтерілді. Астаналықтар Серікзат Дүйсенғазин мен Иранғайып Күзенбаев, атыраулық Жәнібек Садыров үшінші жүлдені (750 мың теңгеден) еншіледі. Үш ақынға
450 мың теңгеден арнайы жүл¬де берілсе, қалғандарына 150 мың теңгеден ынталандыру сыйлық-тары тапсырылды.
Жансая алғашқы күні атырау¬лық Шалқарбай Ізбасаровпен ай¬тыс¬са, финалда Мақсат Ақановпен сөз сайыстырды. Ал Бауыржан алдымен Мейірбек Сұлтанханмен, сосын финалда оңтүстікқазақстан¬дық Қалижан Білдәшпен сахнаға шықты. Республикалық сайыста біздің өңірден қос бірдей ақын¬-
ның жүлдегер атануы - үлкен жетістік.
Айта кетейік, 1 желтоқсан кү¬ні Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Қадыр Мырза Әли атын¬дағы мәдениет және өнер орта¬лығының ұйымдастыруымен «Қа¬дыр жолымен» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ар¬налған «Азаттықтың ақ таңы» ат¬ты республикалық ақындар айтысы өтеді. Асанәлі Әшімов баста¬ған қазылар алқасы төрелік ететін додаға Серік Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Ме¬йірбек Сұлтанхан сынды таңдаулы жиырма ақын қатарында батыс¬қазақ¬стандықтар да қатыспақшы.

«Контрафакт белгілері бар дискілер табылды» деген ақпаратта Орал қалалық ІІБ Шаған полиция бөлімі қызметкерлерінің «Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасы барысында қаладағы Жәңгір хан көшесінің бойындағы дүкендердің бірінің қасында контрафакт белгілері бар дискілерін сатумен айналысқан 1993 жылы туған азаматты жауапқа алғаны айтылған. Тексеру кезінде сөмкесінен он шақты дискі табылып, тәркіленді.
Осыған ұқсас жағдай Абай полиция бөлімінің қызметкерлері аталған жедел алдын алу іс-шарасы барысында тиісті құжаттары жоқ аудио өнімдерін сатумен айналысқан 1986 жылы туған С. есімді азаматты анықтады. Анықтап, тексеру барысында полиция қызметкерлері «Samsung Gallaxy Tab-4» маркілі 1 планшет, қара түсті «USB» сымын, сондай-ақ 1 флэш картасын тәркілеуге алды.
ҚР ҚК-нің 198-бабы 1-бөлімі (Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғау мәселелері қарастырылуда.

«Жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек» деген ақпаратта (Н.Алтайұлы) жастар форумының өту барысы баяндалған.
Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып жатқан «Менің елім - Мәңгілік ел» атты жалпы республикалық жастар акциясы Орал қаласында өтті. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев сөз алып, ауқымды акцияның ел идеологиясын дамытуда маңызы зор екенін, мемлекетті көркейтетін жастардың болашағына сенетінін айтты. Кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Егор Каппель ізгі лебізін мемлекеттік тілде бастап, жастарға «ақ жол» тіледі.
- Мәжіліс депутаттары «Жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасын талқылауда. Құжатта жастарды елжандылыққа баулуға негіз болатын басты критерийлерді енгізу қарастырылуда. Жастар Отанын шын жүрегімен беріле сүюі тиіс. Бәріміз бір болуға ұмтылып, татулық пен тұрақтылықты нығайта түскеніміз абзал. Бүгінгі таңда жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек. Еліміздегі жастардың 73 пайызы қазақ тілінде емін-еркін сөйлеседі. Ал араларыңызда кімде-кім мемлекеттік тілді білмесе, тез үйренуі үшін оған көмектесіңдер. Сонымен қатар Қазақстанның тарихын терең білуге ұмтылыңдар. Біз - қазақстандықтармыз. Бұл сөздің түбірі «қазақ» деген сөзден шыққан. Әлемде қазақ ділінен асқан ешқандай менталитет жоқ.
Біздің халықтың мәдениеті өте керемет. Мемлекеттің әрбір тұрғыны, оның ішінде өзге ұлт өкілдері де қазақтың ата-бабаларымен мақтана білуі керек. Себебі олар байтақ та көркем атамекенді бізге табыстап кетті, - деді Егор Каппель.
Ұлттық саясаттың нақты бағдарын айтқан халық қалаулысынан кейін Павлодар облысынан келген жастар көшбасшысы Максим Спотыкайдың таза қазақ тілінде сөйлеуі акцияға жиналғандардың көңілін тіпті шат-шадыман қылды.
- Жер жаннаты - Жетісудан басталған акция енді Ақ Жайық өңірінде сән-салтанатымен аталып өтілуде. Бұл эстафета желтоқсанның бірі күні Елордада аяқталады.
Акцияның басты нышаны - «Мәңгілік ел» жастарының жетістіктері» кітабына батысқазақстандық жастар қолтаңбасын қалдырып, Ақтөбе облысына жолдайтын болады, - деді Максим Спотыкай.
Акцияда жұма күні Орал қаласына келіп жеткен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісовке сөз берілді. «Мәңгілік ел» болу ата-бабаларымыздың арманы еді. Елбасымыздың қажырлы еңбегінің арқасында сол ұлы мұратқа қол жеткізіп отырмыз. Біз ежелден жалғасып келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, ізгі өнегенің шарапатын жастардың бойынан іздейміз. Тәуелсіздік алғалы шекарамызды бекіттік, әскерімізді нығайттық. Бүгінде керегеміз кең, шаңырағымыз биік», - деген ол Елбасының тапсырмасымен барлық өңірді аралап жүрген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мән-маңызын түсіндірді.
Салтанатты шарада Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты, Тәуелсіздік құрдасы Біржан Кухаев, самбо күресінен спорт шебері Серікбай Нағымов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Мәдина Құрбанова ізгі тілектерін ортаға салды. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жалпы республикалық жастар акциясына қатысушылардың Елбасыға арнаған Үндеуін оқыды.
Спикерлер сөйлеп болған соң, салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Акция барысында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» жастарының жетістіктері» кітабы Ақтөбе облысы жастарының өкілі Ерхан Мырзағұловқа табысталды. Ассамблея бастамасы мәресіне жеткенше, біздің облыста акция аясында түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған.

«Партия дабыра-ұрандатуға емес, нақты істермен айналысуға мән береді» деген материалда (С.Әбілхалықов) облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының есеп беру-сайлау конференциясының отырысы өткені мәлім етілген. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партияның аудандық филиалдарының төрағалары мен бірінші орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары қатысқан жиын барысында үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша, яғни партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстары жөнінде Алтай Көлгінов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде 271 бастауыш партия ұйымы бар. Онда 33336 мүше есепте тұр. Жалпы жыл басынан бері партия филиалының мүшелері 7297 адаммен толықты. Бастауыш партия ұйымдарында еліміздің белсенді азаматтары табысты еңбек етуде. Олар тұрғындармен тікелей байланыс жасап, Елбасы саясатын жан-жақты түсіндіріп, өзекті мәселелерді шешу бағытында атқарушы билік тарапынан қолға алынған іс-шараларды көпшілікке жеткізіп жүр. Соңғы екі жыл ішінде бастауыш партия ұйымдарындағы практикалық жұмыстар жандандырылды. Есеп беру-сайлау жиындарында 271 бастауыш партия ұйымы төрағасының 40-ы ауысты. Жалпы облыстық филиал тарапынан аумақтық бөлімшелерге ұйымдастыру және әдістемелік көмектер жүйелі түрде көрсетіліп келеді, бөлімше қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымы басшылары үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылады.
- Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының сәуір айында алғашқы отырысында жеті бағыт бойынша жұмыс мақсаттары айқындалды. Комиссия отырыстарынан кейін ұсыныстар қабылданып, олар партияның орталық аппараты арқылы партиялық тәлімгерлерге, яғни Парламент Мәжілісінің депутаттарына жолданып келеді. Сайлауалды бағдарламаның мақсатты индикаторлары мен нәтиже көрсеткіштерінің орындалуы фракция отырыстарында, саяси кеңес бюросында тыңдалады. Айталық, «Білім» бағыты бойынша балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту 81,6%дық меже көзделсе, бүгінде ол 99,7%-ға орындалып отыр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалардың 85%-ы білім алумен қамтамасыз етілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артық. «Денсаулық» бағыты бойынша облыс халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 71,7 жасты құрайды, бұл көрсеткішті 2020 жылға дейін 73 жасқа жеткізу қажет. «Жұмыспен қамту және халықтың әлсіз топтарын әлеуметтік қолдау» бағыты бойынша әлеуметтік көмек көрсету көздеген межеге жетті. Азаматтарды тұрғын үймен қамту жоспарға сәйкес уақтылы орындалуда. «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша барлық қызмет көрсетудің ішінде электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету 65%-ды құрады. «Кәсіпкерлікті қолдау» бағытында «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасының жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылым және несиелер сомасы 70 млрд. теңгеге жетіп, 599 жоба мақұлданды. 22,4 мың жұмыс орны сақталып, қосымша 4,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуы біздің өткен сайлауда халық алдында берген уәдеміздің орындалуы деп білеміз. Партияның даму жоспарында жаңа идеологиялық тәсілдерінің негізі - адамға күнделікті қамқорлық көрсету, әр азаматтың өзін қоғамның ажырамас бөлігі ретінде сезіндіру. Осыған орай облыстық және аудандық филиалдар ардагерлер, егде адамдар, мүгедектер, жастар, ана мен баланың мәселелерін шешуге бағытталған тоғыз ірі партиялық жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, былтыр «Кедергісіз келешек» арнайы партиялық жобаның шеңберінде 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылса, биылғы жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 435-ке жеткіземіз. Ағымдағы жылы партиялық жобалар аясында мақсатты топтардың қамтылуы 301800 адамды құрайды, бұл облыс тұрғындарының 47%-ы болып табылады.
Елбасымыз «Жас Отан» жастар қанаты - елді жаңғырту үдерісіндегі қазақстандық жастардың басты саяси үйлестірушісі» деген болатын.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған жастар ұйымы бірқатар ірі жобаларды іске асырып келеді. «Жастар кадрлық резерві» жобасы аясында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті Әлихан Баймұхамбетов 78 үміткердің ішінен жоба қатысушысы атанып, Астанадан апталық модульден өтіп, деректер базасына есепке тұрды.
Жалпы бізге еліміздің, партиямыздың болашағы туралы ойлау керек. Жастар есебінен кадрларды даярлау - әрбір ұйым, соның ішінде саяси партия үшін маңызды міндет. Сол себепті біз де жастарды «Нұр Отан» партиясына тартуға қызықтыратын түрлі формалар іздестірудеміз. Ертең кәсіби және мансаптық өсуіне көмектесу үшін олардың оқуына мүмкіндіктер қарастыруымыз қажет. Бұл бағытта партиядан мемлекеттік лауазымды қызметке ротациялау іс-шараларын жүзеге асырудамыз. Мәселен, жақында партияның Орал қалалық филиалының бірінші орынбасары Дархан Қадырәлиев облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ол өзінің жұмысын «Жастар конгресінде» жүрген кезде-ақ көрсеткен болатын.
Марс Сатыбалдиев жастар ұйымдарын нәтижелі жұмыс істеп, Орал қалалық мәслихатының хатшысы қызметіне бекітілді, қазір қала әкімінің орынбасары болып жүр. Бүгінгі таңда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымындағы Бақытжан Нарымбетовті де партиялық қызметтен шақыртып алдық. Ал таяуда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы лауазымына конкурстық негізде тағайындалған Аян Сақошев «Жас Отан» жастар қанаты орталық аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған еді. Мұндай мысал аз емес. Жалпы партиялық мектептің маңызы зор. Егер «Жас Отанның» қатарында жүрген жастар белсенділігімен көзге түссе, олардың қызметтік баспалдақпен өсуіне, болашақтарының жарқын болуына толық мүмкіндік бар, - деді Алтай Сейдірұлы.
Партияның облыстық филиалындағы бақылау-тексеру комиссиясының 2015-2016 жылдары атқарған жұмыстарының есебін тыңдау жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе болды. Бұл туралы аталмыш комиссияның төрағасы Самат Оспанов сөз сөйледі.
Жиындағы үшінші мәселе - ұйымдастыру мәселелеріне арналды. Онда партияның облыстық филиалындағы саяси кеңес құрамына енгізілген өзгерістер баяндалды және бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Самат Оспановтың өтінішіне байланысты атқарып жүрген міндетінен босатып, оның орнына Төлеген Мерғалиевтың кандидатурасы ұсынылып, ол бірауыздан қолдау тапты.
Конференцияны қорытындылап сөйлеген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталды. Соның бірі - Парламент депутаттарымен қабылданған заңдарды қадағалау. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты 59 жаңа заң қабылданған. Сол заңдар өмірге қаншалықты енді, олардың игілігін халық көріп жатыр ма? Міне, осындай қадағалау жұмыстары партияға тапсырылған екен. Өкінішке орай, бұл бағытта партия қызметкерлерінің белсенділігі төмен. «Сөздің шыны керек, кейбір біздің партия мүшелерінен «Партия деген не, ол немен айналысады?» деп сұраса, әріптестеріміз жауап бере алмай қалып жатады, - деді Қаныбек Бекболатұлы. - Себебі олардың баратын жері түрлі жиын-шара, ұстайтыны жалауша, басына киетіні бейсболка. Сөйтіп, шабады да жүреді. Не болып, не қойылып жатқанын өздері де жөнді білмейді. Міне, осындай дабыраұрандатуды азайтып, есесіне халыққа қажетті нақты істермен айналысу үшін біз партиялық жобаларды қолға алдық. Басында 12 жоба дайындалды, қазір оның тоғызы қалды, енді сегіз жоба болмақшы. Яғни олар негізінен идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, жастарды қолдауға бағытталған. Осы жобалар арқылы біз қоғамдағы барлық топты қамтимыз. Және ең бастысы, «Партия немен айналысады?» деген сұраққа ауыз толтырып жауап береміз. Енді «Ұлы дала елі» жобасына «Ұлы дала қазынасы» тұжырымдамасы қосылмақ. Қазақстан - аспан астындағы мұражайлы ел. Сондықтан мәдени мұраларымызды, құндылықтарымызды сақтау ісіне партия да атсалысатын болады. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл біз алғаш рет оқумен, жұмыспен қамтылмаған жастарды есепке алып, оларды оқуға, жұмысқа орналастыру бағытында көп қызмет істедік. Партияның орталық аппараты тиісті министрлік, комитет, өзге де құзырлы құрылымдардан биылғы және одан бұрынғы жылдары ҰБТ-ға мүлдем қатыспаған, ал қатысқандардың ішінде шекті деңгейден төмен балл жинаған мектеп түлектерінің саны, олардың қайда жүргені, тағдыры туралы мәлімет сұрағанда, жөнді ақпарат ала алмады. Осы олқылықтың орнын толтыруды партия қолға алды. Мысалы үшін айтсам, биыл мұндай жандардың қатары 51397 жасты құрады. Солардың көбі оқуға, жұмысқа және қайта даярлау курстарына жіберілді. Енді 3022 жас қалды. Партия төрағасының бірінші орынбасарының тапсырмасына сәйкес, міне, осы қалған жастарды желтоқсанның ортасына дейін оқуға не жұмысқа орналастыруымыз керек. Батыс Қазақстан облысы бойынша қазір төрт адам қалып тұр. Мен өзім партияның Ақ Жайық өңірі бойынша тәлімгері болғандықтан, бәріміз бірігіп, осы жастарымыздың мәселесін шешуіміз қажет. Сонымен қатар алты жан ауруханада жатыр. Емделіп шыққасын оларды да орналастыруды назардын тыс қалдырмайық. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс белсенді түрде жүргізілетін болады».
Жиын соңында «Үздік бастауыш партия ұйымы» аталымдарының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы карикатуралар сайыстарының жеңімпаздары марапатталды.

«Ақ Жайық Ақмаржанын еске алды» деген ақпаратта Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, ұстаз Ақмаржан Таубаеваны еске алу кеші өткені сөз болған. Он төрт жыл «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған Ақмаржан Бақытқызы көзі тірі болса, сол күні зейнеткерлік жасын атап өтер ме еді? Шараға ұстаздың әріптестері, ақын-жазушылар, колледждің ұжымы мен отбасы мүшелері қатысты.
Студенттер ақынның өлеңдерін оқып, оның өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева өз естелігін ортаға салды. Көрермендер алдында айтыскер ақындар Талғат Мықи мен Орынбек Меңдіқұлов сөз қағыстырып, ұстаз жайында ұтымды сөз, жарасымды ой өрбітіп, көңілді бір серпілтті. Кейін білім ордасында Ақмаржан Таубаева атындағы арнайы дәрісхана ашылатыны хабарланып, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен колледж директоры Шалқыма Құрманалина қиған лента кесінділерін Ақмаржан Таубаеваның ұлы Әнасылға тарту етті.
- Ақынның соңында мол мұра қалды. Оның өлеңдеріне әндер жазылды. Публицистикалық еңбектері де жетерлік. Ақмаржан марқұмның әлі жарыққа шықпаған туындыларының басын құрап, рухани мұрасын жинақтауды қолға алмақпыз. Сонда Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхананың көрнекі құралдарын молайтып, мазмұнын арттыра түсеріміз анық. Бұл кабинеттің белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерева атындағы дәрісханамен қатар орналасқаны да заңдылық секілді. Расында, Ақмаржан Бақытқызы Ақұштап апасын ерекше сыйлап өтті. Жаңа дәрісхана колледж студенттеріне ғана арналмаған, алдағы уақытта өнер адамдары бас қосатын шығармашылық ортаға айналады деп сенемін.
Ақмаржан Таубаеваның педагогикалық колледждің түлегі болғаны, кейін осы білім ордасында еңбек еткені көпшілікке мәлім, - деді Шалқыма Құрманалина.
* * *

Сол күні ақынның рухына арналған игі шаралар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының ғимаратында жалғасты. Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында да Ақмаржан Таубаева атындағы арнайы дәрісхана ашылды. Еске алу кешінде институт директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты София Ізмұхамбетова, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақзия Ниязғалиева, ақынның інісі Қайыржан Бақытұлы естеліктерімен бөлісті. Шарада А. Таубаеваың «Ауылға хат», «Алтын жеңешем», «Өзіңе ғашықпын, өлең», «Менің байлығым» атты өлеңдері оқылды. Ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы шағын бейнебаян көрсетілді.
Дәрісханада Ақмаржанның институтта қызмет еткен жылдарынан сыр шертетін фотосуреттер, «Жайық ұстазы» газетінің ең алғашқы нөмірі және әр жылғы басылымдары, қолжазбалары, күнделігі, зерттеу еңбектері және кітаптары орналасқан. Еске алу кешінде Қайыржан Бақытұлы белгілі ақын Фариза Оңғарсынова Ақ Жайық өңірінде болған кезде Ақмаржанға тарту еткен орамалын дәрісханаға сыйға тартты.

«Ұлт мұратының ұйытқысы» деген ақпаратта Достық үйінде «Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ұлттың рухани негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өткені хабарланған. Жиынға «Тәуелсіз Қазақстан» пойызымен келген ғалымдар, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ облыстық басқарма, этномәдени бірлестік, саяси партия, ҮЕҰ басшылары, ЖОО оқытушылары қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Александр Әжіғалиев мәңгілік елдің негізінде елі-міздің тәуелсіздігі жатқанын айтып өтті. Ал тәуелсіздікті нығайтатын дүние - еліміздің бірлігі.
Жиын барысында сөз алған Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Қазкенов «Мәңгілік ел» идеясына діни-философиялық тұрғыдан талдау жасады.
- Егемендігіміздің 25 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жолға шығып, республикамыздың өңірлерін аралауда. Пойыз мүшелері жеке қабылдаулар жүргізіп, түрлі сала бойынша кеңес беруде. Біздің сапарымыз Ақ Жайық өңірінде жалғасуда. Оралдықтардың қонақжайлығына шын жүректен ризамыз. Қазақстан түріктер қоғамы ұлтқа, тілге байланысты көп іс-шара атқаруда. Соның бірі - «Бір ел, бір ту, бір тіл» деген жоба аясында өтуде. Негі-зінен біз бұл бағыттағы қызметімізге әлемдік тәжірибелерді қолданамыз. Бес жыл бұрын Елбасымызбен бейресми жағдайда кездесіп қалдым. Ол кісі біздің осынау жұмыстарымызды жоғары бағалап, оны одан әрі қарай жалғастыру қажеттілігі жөнінде айтқанын мен тапсырма ретінде қабылдадым. Осыдан екі жыл бұрын түріктердің Қазақстанға депортацияланғанына 70 жыл толуына орай өткізген іс-шарамызды «Атажұртқа оралудың 70 жылдығы» деп атадық. Жалпы, бір ғұламаның айтуынша, өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін үш түрлі адам білмейді екен. Олар қонақ, басқыншы және ақымақ. Бұл үш санаттың қатарына жатқысы келмейтіндер мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Американ саясаттанушысы Сэмюэль Хантингтонның әлем елдері мәдениеттерінің күйреуі туралы "Өркениеттер қақтығысы" тұжырымдамасының бар екені белгілі. Ал Қазақстанда бір шаңырақтың астында көптеген ұлттың мәдениеті, тілі, дәстүрлі діні тоғысып, дамуда. Сөйтіп, Елбасымыз өзінің көрегенді саясаты арқылы С. Хантингтонның ой-пікірінің дұрыс емес екендігін дәлелдеді, - деді өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Ахысқа» Қазақстан түріктер қоғамының төрағасы Әскер Пириев.
Шарада сондай-ақ аталмыш пойыз мүшесі, өңіріміздегі кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Максим Пак, жергілікті ғалымдар «Мәңгілік ел» идеясы мен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстар туралы өз ойларын білдірді.

«Ащысайдағы ауыз су мәселесіне Үкімет қолдауы қажет» деген ақпаратта (Н.Текебаев) қарашаның 18-інде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының мүшелері тұрғындарды қабылдағаны айтылады.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің дені тұрғын үй мәселесімен жолықты. Мәселен, Биғайша Ғаббасова 2004 жылдан бері толық емес отбасы санатында Орал қаласында баспана кезегінде тұрғанын айтты. Былтыр жеке басына тиесілі жатақханадағы 11 шаршы метрді құрайтын бөлмесін банктегі несиесін өтеу үшін сатып жіберген.
Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі оның шағын баспанасы болғанынан дерекқор арқылы хабардар болып, комиссия шешімімен үй кезегінен шығарып тастаған. «12 жылдан бері кезегімді күткен едім. Жатақхана бөлмесін есепке алатындарын әуелден айтып, маған алдын ала ескертпеді. Қазіргі еңбекақым тіпті мардымсыз. Енді пәтерді жалға алдым. Сот құрылымына шағым түсіруге мүмкіндігім жоқ. Оған қаражат керек. Бірге тұратын қызымның баласы бар. Оның бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бар болғанымен, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде екі жылдан бері жұмыссыз ретінде есепке алынған», - деді ол. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов оған сот құрылымына жолығу тиімді екенін айтып, Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевке қызына бос жұмыс орнын қарастыруды ұсынды. Ал Орал қаласының тұрғыны Аягөз Дәуітова кезінде әкімдік ұсынысымен 2007 жылы көп пәтерлі үйдің бір бөлмесін жекешелендіріп алғанын, қазір қолындағы ұлы мен қызы отбасылы болғанын, бәрі бірге тұрып жатқанын баяндады. Бөлме ылғалдылығы санитарлық талапқа сәйкес емес екені құжатпен куәландырылған. Бірақ арнайы комиссия жеке баспанасы барын айтып, тіркеуге алынған үй кезегін қарастыруды кейінге ысырып отырған көрінеді.
Қоғамдық қабылдауға келген Жұрғали Байғұтиев 1958 жылдан бастап Семей полигоны аймағында төрт жыл әскери қызмет атқарғанын, 2000 жылы ҰОС мүгедегіне теңестірілгені жөнінде құжат алғанын баяндай келіп, бірақ зейнетақысы коммуналдық шығындарды жабуға және дәрі-дәрмек сатып алуға ғана жұмсалатыны, денсаулығы нашарлап, күнкөріс қиындай түскені жөнінде шағымданды. Тұрғындар сауалына «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының өкілдері Әміржан Әлпейісов, Руслан Барбасов, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» ММ-ның басшысы Дәурен Базаров жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе отырып жауап іздеп, мәселелерді шешу заң талаптары аясында жүзеге асатынын ескертумен болды.
- Штаб құрамында жеті министрлік және үш ұлттық компанияның өкілдері бар. Екі күн бойы әр сала бойынша жұмыс тобына 300-ге тарта батысқазақстандық жолығып үлгерді. Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында да қоғамдық қабылдау ұйымдастырдық. Бізге жолыққан 16 тұрғынның сегізінің мәселесі кездесу барысында шешімін тапты. Екі мәселе Алматы қаласындағы жұмыс органына жолданады. Қалған түйткілдер жергілікті деңгейде шешіледі. Орал қаласында тұрса да, көпке ортақ мәселені көтерген Зұлқарнай Нұрғазиевтің азаматтық белсенділігіне ризамыз. Зейнеткер Шыңғырлау ауданы, Ащысай ауылын ауыз сумен қамту өте өзекті екендігін, соның салдарынан ауылдан көшіп жатқандардың саны артқанын жеткізді. Бұл мәселені шешуге жергілікті бюджеттен қаржы тарту қарастырылмаған. Енді Үкімет тарапынан зор қолдау керек. Жалпы, барлық өтініштің хаттамаға түсіп, тиісті органдарға жеткізілуін мұқият қадағалайтын боламыз. Сондай-ақ қордаланған мәселелер бірқатар заңнаманы әлі де жетілдіру қажеттігін көрсетті. Бүгінгі шарада штаб мүшелеріне көмектесіп, біраз тұрғынға құқықтық кеңес берген Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидовке алғысымды айтамын, - деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов.

«Жанғали ақынның жаңа жинағы» деген ақпаратта Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ақиық ақын Жанғали Набиуллиннің 80 жылдық мерейтойына орай «Жыр мұхитының жиһангері» тақырыбында еске алу кеші өткені мәлім етілген.
Шараға қатысқан қаламгердің зайыбы Ағиба Ғинаятқызы отағасының өте қарапайым жан болғанын, өмірінің соңғы кезеңінде ауыр дерт азабынан қатты қиналғанын әңгімеледі. «Замандастарының көбі Жанғалидың шен-шекпенге қарамай, қара қылды қақ жарып айтатын мінезі болғанын айтады. Ал отбасында ешкімге аса қатты зекіп, дауыс көтергенін көргенім жоқ. Өмірге сондай құштар еді. Дерті күшейген уақытта өлеңдерін маған жазғызды», - деді ақынның жары. Кездесуде Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі Айтқали Нәріков Кеңес одағы кезінде қазақ мектептері жабылып, барлық өңірде орыстандыру саясаты белсенді жүргізіле бастағанда, поэзия әлемінің есігін айқара ашқан Жанғали Набиуллиннің ерлікке пара-пар қадамын сүйсіне әңгімеледі. Оның айтуынша, шығармашылық өсу жолында шайырға сөз зергері Қадыр Мырзалиев демеу беріп, жанына жақын тартқан, Алматы шаһарына барғанда әдеби ортаға емін-еркін енуіне себепші болған. Сертіне адал болған, қайсар ақынның өзіндік өлең өрнегіне белгілі ақын-жазушылар, соның ішінде, Мұқағали Мақатаев, Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков оң бағасын берген.
Еске алу кешінде Ж. Досмұхамедов атындағы педколледждің студенттері, Орал қаласындағы №1 және №40 мектептің 9-сынып оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.
Ж. Набиуллиннің шығармашылығы туралы «Жайықтың жыр жампозы» зерттеу еңбегін жарыққа шығарған педагог-ғалым Талап Таймасұлы Ақ Жайықтың талантты перзентінің қалам қуатын белгілі ақын-жазушылар мен әдебиет зерттеушілері жоғары бағалайтынын атап өтті. Шараны ұйымдастырған кітапханашы Бибігүл Жұмағазиева тақырыпқа сәйкес көрмеге қойылған әдебиеттермен және басылым бетінде жарияланған деректермен таныстырды. Айта кетерлігі, кітапхана қорына Ағиба Ғинаятқызының құрастыруымен биыл жарық көрген ақынның «Таңдамалы шығармалар жинағы» енгені жөнінде қуанышты хабар айтылды.

«Сырым ауданында су қоймалары жөнделуде» деген материалда (Н.Оразаев) облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болғаны баяндалған. Өңір басшысы ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған бірқатар игі істің орындалу барысына өз бағасын берді.
Облыс әкімі алдымен Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты өзені су қоймасының су өткізгіш жүйесі құры-лысының жөнделу барысымен танысты. Шолақаңқаты ауылдық округі Тоғанас ауылы маңында орналасқан су қоймасы 1968 жылы пайдалануға берілген. Бірнеше жыл техникалық күтім көрмеген су қоймасы соңғы жылдары толықтай істен шыққан. Ағымдағы жылы бөгетті жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, бөгетті қалпына келтіруге қажет қаржы 103,3 миллион теңгені құраған. Биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарына 5,6 миллион теңге бөлінген. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда су қоймасына 6,5 миллион текше метр су жиналып, ауыл іргесіндегі шабындықтар мен жайылымдар көл суына қарық болмақ. Бөлінген қаражатқа орай мердігер компания бөгет құрылысын жөндеу жұмысын келер жылы жалғастырады.
Бөгет құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның жетекшісі өңір басшысына жөндеу жұмыстарының барысы туралы толық мағлұмат берді.
- Біздің мекеме бұдан бұрын да облыс аумағында орналасқан бірнеше су өткізгіш бөгеттер құрылысымен, оларды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарымен көп жылдан бері айналысып келеді. Соңғы жылдары Жаңақала ауданы аумағындағы бөгеттерді жөндеу, Теректі ауданы орталығына ауыз су өткізу жұмыстарын ойдағыдай аяқтадық. Бүгінгі таңда Сырым ауданы аумағындағы бөгетті қалпына келтірумен айналысудамыз. Бұл бөгет толыққанды жұмыс жасай бастаса, шабындық пен жайылымдықтарға су шығатын болады, - дейді «ПМК-17» ЖШС директоры Ольга Попова.
Бұдан соң өңір басшысы ауданның Қособа, Бұлан және Жымпиты ауылдық округтері аумағында орналасқан Өлеңті көлдетіп суару жүйесінің құрылыс учаскесіне барды. Бұл аймақтағы су өткізгіш бөгет 1935 жылы салын-ған. Бөгеттің жобалық-сметалық құжаттамасының құны - 108,7 миллион теңге. Жөндеу жұмыстарын Александр Қарағойшин басшылық ететін «Жиенбай» ЖШС атқаруда. Ағымдағы жылы бюджеттен бөлінген 18 миллион теңге қаражат толығымен игерілген. Жоспарға сәйкес жөндеу жұмысы келер жылы жалғасын таппақ.
- Өңіріміздегі ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіру бойынша мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс көлеміндегі барлық ирригациялық құрылымдарды есепке алып, жобалық сметалық құжаттарын дайындап, ішінара жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Мысалға, салынғанына 50 жылдай уақыт болған Шолақаңқаты су өткізгіш қондырғысы соңғы жылдары жөндеу көрмей, істен шыққан болатын. Күні бүгін жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың бір бөлігін аудардық. Су тоқтатқыш қақпалар жаңартылып, бөгет қалпына келтірілсе, көктем мезгілінде судың мол қоры жи-налмақ. Соның нәтижесінде мың гектар шабындық жерге су шығарылады. Жоспарымыз іске асқан жағдайда мал өсіретін шаруа қожалықтарына арзан әрі сапалы мал азығын жинауға қол жететін болады. Сонымен қатар өңірдің кәсіпкерлері бұл жерлерге мал бордақылау алаңы мен құс фермасын салуға, балық шаруашылығын қалпына келтіруге ниет білдіріп отыр. Облыс аумағында орналасқан барлық осындай ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіруге қаражат бөлініп, құжаттамалары дайындалуда. Болашақта Жаңақала, Қаратөбе, Жәнібек, Сырым аудандарындағы су өткізгіш қақпалар жөнделетін болады. Осы жұмыстарды толығымен қолға алсақ, өңірімізде бірнеше мыңдаған гектар суармалы жер пайда болмақ. Яғни ауылдық жерде қоныстанған, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолда бар барлық мүмкіндікті жасауға ниеттіміз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Қособа ауылына қарасты «Мүтір» шаруа қожалығының жетекшісі Жеңіс Шәкешовтің айтуынша да, бұл бөгеттің қалпына келтірілуі - шаруа күйттеген жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Көктемгі ағын суды бөгеп, шабындық пен жайылым суға толса, бұл маңға табиғи шөп те бітік шығады екен. Қожалық жетекшісінің айтуынша, аудан орталығына жақын ауыл шабындықтарына мал азығы мол шықса, шөптің құны да арзандамақ.
Қособа ауылындағы жалпы орта білім беретін мектеп те биыл күрделі жөндеуден өткен. 1983 жылы пайдалануға берілген білім ошағының жалпы аумағы 2573,8 шаршы метрді құрайды. Ғимараты жаңарып, жасанған мектепте күні бүгін 125 оқушы білім алуда.
Жөндеуден өткен мектепті аралаған облыс әкімі білім ордасының ұстаздар қауымымен, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында Шарифуллин Төлеу есімді ауыл ақсақалы ел игілігіне жасалып жатқан ауқымды істер үшін ауылдастар атынан өңір басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді.
- Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында атқарылған игі істердің барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында жүзеге асуда. Басты мақсатымыз - ауыл тұрмысына қолайлы, жайлы жағдай туғызу, әр түрлі құрылыс нысандарын салу, ғимараттарды сапалы жөндеу. Өңірімізде қолға алынған бастамалар келер жылы өз жалғасын табатын болады, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
- Осыдан бір-екі жыл турасында ауылымызға көгілдір отын тартылып, халық от жағу, күл шығару азабынан құтылды. Тұрғындар таза ауыз сумен де қамтылды. Биыл көп жылдан бері жөндеу көрмеген білім ордамыз жөндеуден өтіп, ауылға ұялы байланыс жүйесі орнатылды. Ауыл маңындағы бөгет те жөнделуде. Осындай ауқымды жұмыстардың атқарылғанына ауылдастар атынан алғысымды айтамын, - дейді Төлеу ақсақал.
Баспасөз өкілдеріне берген сұхбаты барысында қария қособалық ағайынның ендігі арманы аудан орталығымен байланыстыратын 25 шақырым жол жөнделіп, ауылға мәдениет үйі салынса деген бұйымтайын да жасырмады.

Соңғы жаңалықтар