Украина АҚШ-қа бейбіт жоспар жобасына берген жауабын жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Киев АҚШ-тың Украинадағы дағдарысты реттеу жөніндегі жоспарына өз жауабын Вашингтон әкімшілігіне жолдады, деп хабарлайды Axios порталы.

Владимир Зеленский
Фото: president.gov.ua

«Украина сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне АҚШ-тың соңғы бейбіт жоспар жобасына өзінің жауабын ұсынды», деп жазды Axios порталының журналисі Барак Равид X желісінде.

Ол мұндай ақпаратты өзіне украиналық және америкалық ресми тұлғалар жеткізгенін айтқан.

Өз кезегінде Bloomberg агенттігі Киев билігі АҚШ-тың бейбіт жоспарының қайта өңделген нұсқасын Вашингтонға жолдағанын хабарлайды.

Бұдан бөлек, агенттік еуропалық елдер үш құжат бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтеді: олардың бірі — қақтығысты аяқтау шарттарына қатысты ортақ көзқарасты, екіншісі — Киевтің қауіпсіздік кепілдіктерін, ал үшіншісі — Украинаны қалпына келтіру мәселелерін қамтиды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Украина соғысты тоқтату туралы кезекті келіссөз өткізгенін жаздық.

Ал оның алдында Ақ үй Украина бойынша бейбітшілік жоспарына елеулі өзгерістер енгізгенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар