Украина мен Эфиопияда референдум учаскелері ашылмайды — СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Украина мен Эфиопияда референдум учаскелерін ашпау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында белгілі болды. 

Украина мен Эфиопияда референдум учаскелері ашылмайды — СІМ
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жиынды комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров бұған дейін шетелде 82 учаске ашылады деген мәлімет болғанын атап өтті.

— Қазір сіздердің бізге берген мәліметтеріңізге байланысты бұл сан өзгеріп отыр. 80 учаске шетелдерде ашылады. Осы өзгеріс немен байланысты екенін түсіндіріп берсеңіз, — деді ол Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Ерлан Әлімбаевқа.

Министрлік өкілі қазіргі халықаралық жағдайға байланысты 64 емес 62 елде орналасқан 80 учаскені тіркеу туралы шешім қабылданғанын айтты.

— Ол негізінен халықаралық және геосаяси жағдайға байланысты болып отыр. Оның ішінде Украина мен Эфиопиядағы учаскелерімізде референдум бойынша дауыс беруді өткізбеу туралы шешім қабылданды. Өйткені, Украинадағы азаматтарымызды саны күрт азайды. Тіркеуде 500-дей азаматымыз болған. Олардың көбі ол елде жоқ, сыртқа шығып кетті. Көбі Қазақстанда жүр. Ал Эфиопияда 5 азаматымыз тіркелген. Олар — елшіліктің қызметкерлері. Олардың екеуі ғана сол жерде болады. Екеуі Каирге барып дауыс береді, — деді Ерлан Әлімбаев. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум