Украина нақты қадамға дайын: Зеленский Абу-Дабидегі келіссөздер алдында кездесу өткізді

АСТАНА.KAZINFORM — Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресеймен үшжақты кездесулердің жаңа кезеңі алдында келіссөз тобымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform

Украина нақты қадамға дайын: Зеленский Абу-Дабидегі келіссөздер алдында кездесу өткізді
Фото: t.me/@Zelenskiy / Official

Украина басшысының айтуынша, тараптар 4 және 5 ақпанда кездеседі.

Келіссөздерге Украина Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, Президент әкімшілігінің басшысы Кирилл Буданов, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кислица, Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатов, Президент әкімшілігі басшысының кеңесшісі Александр Бевз және «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия қатысады.

Зеленский өз командасымен нақты мақсаттар туралы келісті. Ол украин делегациясы америкалық тараппен екіжақты кездесулер де өткізетінін айтты.

— Украина нақты қадамға дайын. Біз лайықты және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болады деп санаймыз. Біз АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдігі туралы екіжақты құжат дайын деп санаймыз және қалпына келтіру және экономикалық даму туралы құжаттар бойынша одан әрі нақты жұмыс істеуді асыға күтеміз, — деп жазды ол Telegram-да.

Украина президенті сонымен қатар америкалық тараптың диалог үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде табандылық танытатынын күтетінін мәлімдеді.

— Өткен жұма күні кешке күшіне енген деэскалация шаралары халықтың келіссөздер процесіне және ықтимал нәтижеге деген сенімін нығайтуға көмектеседі. Соғыс аяқталуы керек. Әлемдегі көмектесіп жатқан баршаға алғыс айтамын, — деді ол.

Айта кетейік, Украина, Ресей және АҚШ арасындағы екі күндік келіссөздер қаңтар айының соңында Абу-Дабиде аяқталды. Тараптар 1 ақпанда кездесуге келісті. Алайда, белгілі болғандай, келіссөздердің келесі кезеңі 4 және 5 ақпанға ауыстырылды.

Соңғы жаңалықтар