Украинада ер адам баланы көлік дөңгелегінің астынан алып шығып, ажалдан құтқарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинадағы Закарпатье облысының Грушево ауылында баланың өмірін қиып әкете жаздаған оқиға бейнебақылау таспасына түсіп қалды.
Анасы жолдың жиегінде қоспа жем сатып алған кезде, төрт жасар ұлы күре жолда келе жатқан көліктің алдынан жүгіріп өтпек болды. Жергілікті БАҚ-тың мәліметтерінше, баланы жолдың жиегінде сауда жасап тұрған 30 жастағы ер адам құтқарды.
Басына төніп тұрған қауіпке қарамастан, ол ойланбастан баланың артынан жүгіріп, көліктің алдынан итеріп жіберіп, соққыны өзіне қабылдады. Абырой болғанда, оқиғаның қатысушылары аздаған жарақаттар ғана алған.