Украинаға қатысты Бітім жоспарының Женева нұсқасы кімге тиімді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ, Еуропа және Украина делегацияларының Женевадағы жаңа бейбітшілік жоспары жөніндегі келіссөзі 23 қарашада аяқталғанымен жауаптан сұрақ көп болып тұр. Әсіресе америкалық тарап ұсынған жобаның 28 тармағына Женева келіссөзі қандай өзгеріс енгізгені беймәлім қалып отыр.
АҚШ-тың қысымы күткен нәтижені бере ме?
Ресей Президенті Владимир Путиннің өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілі Стив Уиткоффпен бірге осы жоспар авторларының бірі деп аталды. Бұл құжатты Мәскеу қабылдамаса, Вашингтонның келесі қадамы қандай болмақ?
28 тармақтан тұратын бейбіт реттеу жобасының пайда болу фактісін де, АҚШ-тың Украинаға ол жобаны 27 қарашаға дейін қабылдау керектігі туралы талап қоюын да, сөзсіз, бейбітшілікті мәжбүрлеу форматындағы қысым саясаты деп қарастыруға болады. Ал қазан айында Д.Трамп Ресейдің «Роснефть» және «Лукойл» компанияларына қарсы өте ауыр санкциялар енгізген. Енді қысым Украинаға түсіп отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский 21 қарашада шұғыл үндеу жасап, «Украина қиын таңдауға тап келуі мүмкін» екенін айтты. Таяқтың бір ұшында 28 тармақты жоба болса, екінші ұшында өте қиын қысты өткеру, одан кейінгі қауіптер» тұрғанын мәлімдеді. Ол АҚШ ұсынысынан бас тарту негізгі қолдаудан айыратынын тұспалдағанмен, шегелеп те айтпады.
Жоспар кімнен шықты?
Трампқа бұл жоспардың аясында пікірталас болғаны қажет емес еді. Өйткені пікірталас бастала қалса, қисынға сыйымды қарсы уәждер мен түйткілді сұрақтар қарша борайтынын жақсы түсінді. Сондықтан Украина президентіне шарттарды қабылдату үшін «атты әскерді» пайдаланып бақты.
Бірақ Киев Еуроодақ елдерінің қолдауымен егжей-тегжейлі талқылау тактикасын алға тартып, оның аяғы Женева келіссөзіне ұласты.
Құжат қандай жағдайда пайда болды? БАҚ-тағы мәліметтерге сүйенсек, оны Уиткофф, Дмитриев және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер жазған. Америка тарапынан қатысқан екі автор да Трампқа өте жақын адамдар. Дегенмен жоспарды әзірлеуге АҚШ Мемлекеттік департаменті қатысты ма, әлде соңғы кезеңде қосылды ма, сол маңызды болып тұр.

The Financial Times газетінің хабарлауынша, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Женеваға сапары қарсаңында сенаторлармен кездесіп, жоспарды Уиткофқа ресейліктер табыстағанын, АҚШ оны Украинаға көрсеткенін айтқан. Мұны мақала авторы республикашыл сенатор Майк Раундс пен тәуелсіз сенатор Ангус Кингке сілтеме жасап мәлім етті. Осыдан кейін Рубио X желісінде «бейбіт ұсынысты АҚШ әзірлегені» және «келіссөздің берік негізі ретінде ұсынылып отырғанын», шарт мәтіні екі тараптың да ұсынысы негізінде түзілгенін жазды.
Турасын айтқанда Рубио сенаторлардың сөзіне де, құжаттың мәтініне де жауапты еместігін ашып айтты. Мұны ол сенаторлармен арадағы әңгіменің тарап кетуіне саналы түрде жол берген деп бағалауға да болады. Бұл болжам расталса, жоспарды әзірлеуге Мемлекеттік департамент қатыспаған болып шығады.
Женева жиыны не берді?
Женевадағы келіссөз барысында келісім жобасы өзгерістерге ұшырады. Оның қорытындысы бойынша «Тараптар бейбітшілік жөніндегі жаңартылған және пысықталған негіздемелік құжат әзірледі». Мұндағы тиек сөз – «жаңартылған» құжат.
Жоспарды қабылдату бағытындағы қадамдар бюрократиялық реңк алып, Украинаның ғана емес, Еуропаның ұстанымы да есепке алынды. Франция президенті Эммануэль Макрон «АҚШ-қа бұл қақтығысты шешу үшін еуропалықтарды тарту да қажет» екенін айтты. Бұл Еуропаның аталған бітім жоспарының пайда болу тарихына наразы екенін көрсетіп бергендей.
Әрине, Женевадағы келіссөз құжаттың бастапқы мәтініне өте үлкен өзгерістер енгізілгенін білдіреді. Атап айтқанда, Украина армиясының саны мен Запорожье атом электр станциясын пайдалану мәселесіне түзетулер енгізілгенге ұқсайды. Сонымен бірге, Донецк облысының Украинаның бақылауында қалған аумақтарын беру туралы ең сезімтал мәселе, сондай-ақ оның НАТО-ға кірмеу туралы уағданы Конституция арқылы бекіту сияқты мәселелер Трамп пен Зеленский арасындағы бетпе-бет кездесуде талқыланатын болды. 24 қарашада тараған ақпаратта жоспардың 28 тармағынан 19-ы ғана қалғаны айтылып қалды. Трампқа осының бәрін салмақтап, Ресеймен тағы бір пысықтап алу үшін уақыт керек болатыны даусыз.

Әрі қарай не болады?
Женевада жасалған түзетулерді Ресеймен пысықтау қажет болатыны анық. Путин 21 қарашадағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жоспардың бастапқы редакциясын «түпкілікті бітім келісімінің негізі болуы мүмкін» деп бағалаған деді. Ол редакцияға Женева түзету енгізгенін ескерсек, доп қайтадан Ресей тарапында қалып отыр. 24 қарашада Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу жоспардың Женевада күзелген нұсқасын конструктивті емес және жарамсыз деп санайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол «Ресей тек АҚШ-тан алған ақпаратқа сенетінін» атап өтті. Бұл тұспалдардың бәрі Мәскеу Еуропа күзеген редакцияны мақұлдауға дайын емес екенін аңғартады.
«The Telegraph» газеті мен «Reuters» агенттігі жариялаған мәліметтерге сүйенсек, бастапқы редакцияда Украина армиясының санын 600 мың әскермен шектеу ұсынылса, Женева редакциясында 800 мың деп көрсетілген. Ал 2022 жылғы Стамбул келіссөзінде Ресей Украина әскерін 85 мың адаммен шектеуді ұсынған болатын.
Еуропалықтар Украинаның НАТО-ға кіру туралы тармағына да өзгерістер енгізген сияқты. Еуропалықтар Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану туралы тезиске де шүйліккен сыңайлы. Олар бұл активтер Ресей Украинаға келтірген шығынды өтеп біткенше, бұғаттан босатылмау керек деген ұстанымда. Мәскеуді санкциядан босату мәселесін де әр бағыт бойынша асықпай талқылау керектігін алға тартқан. Ал бастапқы жоспарда санкцияларды алып тастау мәселесі сөзсіз тармақ ретінде көрсетілген.
Алғашқы редакцияда орыс тілінің мәртебесі мен Мәскеу Патриархатының Украинаның дін қауымдастығына ықпалын қайтару туралы айтылса, еуропалық редакцияда Украинаның діни идеологияда еркін болу керектігі айтылған.
Еуропалықтар Донецк облысының иесіз қалған Славянск, Краматорск қалаларын Ресейге беру идеясының орнына өте маңызды тармақ ұсынды. Ол ұсыныс – аумақ туралы келіссөз майдан сызығынан басталу керек. Бұл Еуропа мен Украинаның, АҚШ-тың әйгілі ұстанымын қайталайтын тезис.

Украинада сайлау өткізу туралы ереже де жұмсартылған. Бастапқы жоспарда 100 күн деген нақты мерзім айтылса, түзетілген редакцияда бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек өткізілуі керек» деген жолдар қосылды.
Бітімге бетбұрыс
Мұның бәрі 100 пайыз дәл ақпарат емес екені түсінікті. Бірақ БАҚ-тағы мәліметтер келіссөз біршама күрделенгенін көрсетеді. Ең бастысы, тараптар бастапқы қатаң позицияларын біршама жұмсарта бастады. Бірақ қай жерге дейін жұмсартатыны беймәлім. Қысқартып айтқанда, кәдімгідей саудаласу болып жатыр.
Әрине, Трамптың күтпеген шешімдер мен әрекеттерге бейім екенін ұмытпау керек. Дегенмен мұндай тәсіл түбінде ұстанымдардың жақындасуына әкелуі мүмкін.
Еске салсақ, бір күн бұрын Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей мен Украина арасындағы тікелей байланыстарды жеңілдететін барлық бастамаларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген еді.