17:31, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
ҰҚШҰ ауқымында жедел әрекет ету ұжымдық күштері құрылады
МӘСКЕУ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - ҰҚШҰ қатысушы мемлекеттерінің басшылары Жедел әрекет ету ұжымдық күштерін құру туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы бүгін ҰҚШҰ Кеңесінің кезекті отырысы барысында оған төрағалық еткен Армения президенті Серж Саргсян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарпат.С.Саргсянның атап өткеніндей, «Жедел әрекет ету ұжымдық күштерін құру ұйымды әскери жағынан нығайтуға бағытталған». Бұл шешімге ҰҚШҰ-ға кіретін барлық мемлекеттер ? Ресей, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения және Өзбекстан басшылары қол қойды. Журналистерге түсіндіруінше, Өзбекстан Ұжымдық күштерге тұрақты негізде қатыспайды, бірлескен операцияларға өз бөлімшелерін ғана жібереді. Жедел әрекет ету ұжымдық күштері ықтимал әскери агрессияға тойтарыс беру, халықаралық лаңкестікпен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, есірткі ағынымен күреске, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға пайдаланылады.Естеріңізге сала кетейік, Жедел әрекет ету ұжымдық күштерін құру туралы уағдаластыққа Ресей, Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан президенттерінің өткен жылғы желтоқсанда Бурабайдағы бейресми кездесуіне қол жеткізілген болатын.