08:47, 20 Ақпан 2016 | GMT +5
ҰҚШҰ елдерінің өкілдері халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы мүшелері - Мемлекеттер қауіпсіздігі кеңестері хатшыларының комитеті (ҰҚШҰ МҚКХ) жанындағы лаңкестікпен және экстремизммен күрес мәселелері жөніндегі сарапшылар жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Бұл туралы ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов мәлімдеді.

Отырыс барысында халықаралық лаңкестікке және экстремизмге қарсы іс-қимылдың өзекті проблемалары қаралды. ДАИШ қызметіне байланысты өңірлерде ұжымдық қауіпсіздік жағдайын дамыту серпінін сараптамалық бағалау мен ҰҚШҰ кеңістігінде халықаралық лаңкестік ұйымдарға қарсы іс-әрекет бойынша ұсыныстар айтылды.
ҰҚШҰ, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қауіпсіздік кеңестері мен мүдделі министрліктері мен ведомстволарының өкілдері халықаралық лаңкестікке, экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы Ұйымға мүше-мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамыту жөніндегі қосымша шаралар, ақпарат алмасу тетігін жетілдіру және лаңкестік және экстремистік ұйымдар тізбесін ҰҚШҰ форматында жандандыру бойынша ұсыныстар қаралды.