ҰҚШҰ мемлекеттері басшыларының кездесуінде Қырғызстан «Ресей-Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан» темір жолын салуды ұсынбақ

Бұл туралы 27 мамыр күні Қырғыз елінде ресми сапармен жүрген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Қырғыстан басшысы Алмазбек Атамбаев мәлімдеді. А. Атамбаев қос мемлекеттің басшылары ҰҚШҰ отырысына аталмыш темір жол магистралінің құрылысын қолға алу мәселесін енгізуге келіскенін әрі оның ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттерге қажет екенін алға тартты. Тәжікстанның басшысы Эмомали Рахмон Қырғызстанның бастамасын қолдады және бұл магистраль алдағы уақытта Ауғанстан, Түркіменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына дейін ұзартылуы мүмкіндігін айтты.
Айта кетейік, дүйсенбі күні Бішкекте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК), Қорғаныс министрлері кеңесінің (ҚМК), Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің (ҚКХК) кезекті отырыстары және аталмыш органдардың бірлескен отырыстары өтті. Жиынға қатысушылар ҰҚШҰ қызметі мен дамуының келелі мәселелері бойынша 10 құжатқа қол қойды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың, Алмазбек Атамбаевтың, Владимир Путиннің және Эмомали Рахмонның бүгінгі кездесуінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және 2014 жылға жоспарланған Қауіпсіздікке қолғабыс ету халықаралық күштерінің (ISAF) негізгі әскери контингенттерін Ауғанстаннан шығару жоспарына байланысты қыр көрсетулер мен қауіптерге қарсы тұру бойынша шараларды жүзеге асыру мәселері талқыланады деп күтілуде.