ҰҚШҰ мүше-елдерінің СІМ басшылары Сириядағы, Ауғанстандағы және Ирандағы жағдайларға алаңдаушылық білдірді

БІШКЕК. 27 мамыр. ҚазАқпарат - Бішкекте бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) мүше-елдерінің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда Сириядағы және оның төңірегіндегі жағдайдың дамуына елеулі алаңдаушылық білдірілген.
None
None

Атап айтқанда, ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері Сирия Араб Республикасының егемендігін сақтай отырып, дағдарысты сириялықтардың өздері тезірек еңсеруі қажеттігін айтты. Мәлімдемеде қай тараптан болса да, бұл елде зомбылықты тезірек тоқтату, өкімет пен оппозиция арасында кең ауқымды саяси диалог жүргізу, сондай-ақ Сирияның барлық азаматтарының мүддесі үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жалғастыру қажеттігі атап өтілген.

Сондай-ақ мәлімдемеде лаңкестіктің кез келген көріністері және бейбіт халыққа6 әсіресе діни немесе ұлттық тұрғыдан зомбылық көрсету батыл айыпталған. ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері сондай-ақ қарулы оппозиция содырларына заңсыз қару жеткізуді қоса алғанда, Сириядағы ішкі жанжалды одан әрі милитарландыруға бағытталған заңсыз іс-қимылдарды айыптайды.

Мәлімдемеде сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайдың дамуына және Иран төңірегіндегі шиеленістің өсуіне алаңдаушылық білдірілген. Мәлімдеме мәтінінде ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің АИР-дың бейбіт, гүлденген, егеменді және лаңкестік пен есірткіден ада бейтарап елге айналуына жан-жақты жәрдемдесуге әзір екені хабарланған.

Мәлімдемеде Халықаралық қауіпсіздікке жәрдемдесу күштерінің 2014 жылы шығарылуы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен жүзеге асырылуы және оған өзінің мандатын орындап шыққаны туралы есеп ұсынылуы тиіс екені айтылған.

Соңғы жаңалықтар