ҰҚШҰ шеңберінде арнайы жасақтарға арналған техникалар жеңілдетілген тәртіппен жеткізілетін болады - Мәжіліс
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Хаттамаға 2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттерінің басшылары қол қойған. Қазіргі уақытта хаттаманы Қазақстаннан басқа ұйым мемлекеттерінің барлығы ратификациялаған. «Құжатпен Хаттаманың рәсімделген баптарына тиісті өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтқанда, келісімді өзектендіру туралы бастаманы Ресей тарапы көтерген. Ал хаттаманы қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейді», - дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Тоқтала кететін жайт, Хаттама бойынша Келісімге құқық қорғау органдары мен арнайы жасақтарға арналған техника мен құралдарды жеңілдікті шарттармен жеткізуді жүзеге асыру кезінде шығыстарды еркін айырбасталатын валютамен де, Ресей рублімен де төлеу мүмкіндігі ұсынылады.