Ұлан-Батырда шеруге шыққан халық орталық алаңды жауып тастаған
АСТАНА. KAZINFORM — Демонстранттар Моңғолия Үкіметінің отставкаға кетуін талап ететін плакаттар ұстап шыққан, деп хабарлайды Монцамэ ақпарат агенттігі.

2025 жылдың 11 қаңтарында Моңғолия астанасының орталық алаңында жүздеген адам қатысқан бейбіт демонстрация өтті. Құқық қорғау органдары азаматтарды бейбіт жолмен өз көзқарастарын білдіруге шақырды.
ТАСС мәліметінше, Ұлан-Батырдың басты алаңында түстен кейін басталған бейбіт митингке жиналған адамның саны кешке қарай 1 мыңнан асқан.
Демонстранттар Үкіметтің отставкаға кетуін талап ететін плакаттар ұстап шыққан. Олар ел Үкіметінің көлік кептелісі, кедейлік, сыбайлас жемқорлық, жоғары салық және жұмыссыздық мәселелерін тиімді шеше алмайтындығына алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше, бұл мәселелер қарапайым азаматтардың, әсіресе жұмысшылардың мойнына ауыр салмақ түсіреді.

Демонстрацияны ұйымдастырушылар — «Бостандық коалициясы» партиясы аталған акция 22 қаңтарға дейін жалғасады деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, партия Ұлы Мемлекеттік Хуралдың 33 мүшесіне ресми хат жолдаған көрінеді. Онда үкіметтің отставкаға кетуі туралы мәселені дауыс беруге шығаруды талап етті.
Демонстрация кезінде қатысушылар орталық алаңның алдындағы жол қиылысын уақытша жауып тастады. Салдарынан жедел жәрдем мен шұғыл қызметтердің өтуіне қиындық туғызды. Осыған байланысты полиция демонстрацияны өткізуге сағат 11:00–ден 17:00–ге дейін рұқсат берілгенін еске салып, қатысушыларды қоғамдық тәртіпті бұзбауға, ережелерді сақтауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін былтыр 92,4 мыңнан астам шетелдік Моңғолияның электронды визасын алғанын жаздық.