Ұландықтар Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен ерекше құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері отандық спорт аңызы Геннадий Головкиннің тарихи жетістігіне орай патриоттық акция ұйымдастырды.

Ұландықтар Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен ерекше құттықтады
Фото: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәліметінше, атақты боксшының спорттағы ерен еңбегі мен ел абыройын асқақтатқан жетістіктеріне құрмет ретінде ұландықтар саптық алаңда чемпионның әлемге танымал спорттық брендіне айналған «GGG» жазуын бейнеледі. 

Ұландықтар Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен ерекше құттықтады
Фото: Ұлттық ұлан

Акция Геннадий Головкиннің АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдануына орай ұйымдастырылды. Ол осындай жоғары мәртебеге ие болған еліміздің тұңғыш өкілі атанды.

Іс-шараның ерекше рухын Үлгілі-көрсетімді оркестрдің өнері айшықтай түсті. Әскери музыканттар Геннадий Головкин жекпе-жектер алдында дәстүрлі түрде рингке шығатын әйгілі Seven Nation Army композициясын орындады. Құрмет қарауылы ротасының әскери қызметшілері жоғары саптық даярлығы мен үйлесімді іс-қимылдарын көрсетіп, әсерлі патриоттық акцияның басты қатысушыларына айналды.

Ұландықтар Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен ерекше құттықтады
Фото: Ұлттық ұлан

— Геннадий Головкин өзінің қажырлы еңбегі, шеберлігі мен жарқын жеңістері арқылы Қазақстанның атын әлемге танытты. Оның спорттық жетістіктері ұлттық мақтаныш айналған. Ол жас ұрпаққа табандылық пен өз ісіне адалдықтың арқасында әлемдік деңгейдегі жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген жарқын тұлға, — деді акцияға қатысушы қатардағы Марлен Сұрамаев.

Ұландықтар Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен ерекше құттықтады
Фото: Ұлттық ұлан

Геннадий Головкин кәсіби бокстағы ең жоғары құрметтердің бірі саналатын Халықаралық бокс даңқы залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыз спортшылармен бір қатарда тұр. Геннадий Головкин спорттық мансабында әуесқой және кәсіби рингте де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі болды. Сондай-ақ еліміздің намысын ең беделді халықаралық жарыстарда абыроймен қорғады.

Ұландықтар Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына есімі жазылуымен ерекше құттықтады
Фото: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бұл патриоттық акциясы отандық спорт саңлақтарының жетістіктеріне деген құрмет пен Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды.

Айта кетейік, Головкинді Даңқ залына қабылдау алдында америкалық жанкүйерлер ерекше құрметпен қарсы алғаны белгілі болды.

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде жазылуымен құттықтағанын жазғанбыз.