Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы оқырманға жол тартты.
Шығарма жақында Түркістан қаласында өткен Түрік елдерінің халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды.
Автордың айтуынша, жаңа туындыда Жошы ханнан кейін Ұлық Ұлыс тағына отырған Бату ханның жастық шағы, Шыңғыс қағаннан бата алған кезі, алғашқы жорықтары көркем тілмен бейнеленеді. Шүршітке жасалған жорықтар, Батысқа бағытталған әйгілі саяхаттар мен Орталық Еуропаға дейінгі кең аймақты бағындыру кезеңдері деректі негізде өрбітіледі.
— Бату ханның әке тағына отырған сәтінен өмірінің соңына дейінгі аса ауқымды оқиғаларды бір томға сыйдыру мүмкін болмады. Сондықтан Шайо шайқасынан кейінгі Еділге қайтқанға дейінгі кезең осы кітапқа арқау болды. Романда дала заңына сүйенген мемлекеттік басқару жүйесінің орнығуы, ұлыстың мәдениеті мен өркениетінің қалыптасуы, ханзадалар мен нояндардың, жауынгер жасақтардың ерлігі кеңінен суреттеледі, — дейді Ұларбек Дәлейұлы.
Ол, сонымен бірге, алдағы уақытта осы желімен тарихи романдар сериясын жазуды жалғастыратынын айтты.
— Жошы хан негізін қалаған, Бату хан іргесін кеңейткен Алтын Орда дәуіріндегі даңқты хандар туралы тарихи романдар сериясын жазуды жоспарлағанмын. Қазір сол ойға алған арманымды жүзеге асыру жолында алға жылжып келемін, — дейді автор.
Айта кетейік, бұған дейін автор kazinform тілшісіне «Бату хан» романын жазып жатқаны туралы айтқан еді.