Үлбі металлургия зауытында ядролық қалдықтар сақталмайды - Нұрлан Қаппаров

Осы орайда ол бұл жоба Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) қамқорлығында екенін сөз етті.
«Жоба барша халықаралық пен ұлттық талаптарға сай болуы тиіс, оның ішінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша. Мәселенің мәнісі төмен байытылған уранды қоймада сақтауға қатысты болып отыр. Осындай уранды Үлбі металлургия зауытында уран гексафторидін сақтауға арналған қоймалық нысанда орналастыру мүмкіндігі бар», - деді министр.
Н. Қаппаровтың айтуынша, бүгінде бұл ғимаратта уранның гексатофториді сақталуда. Осы орайда зауыттың және «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының мамандары қоймалық ғимарат қосымша көлемдегі төмен байытылған уранды сақтауға қауқарлы екенін алға тартуда.
«Сондықтан да біз айтып отырған төмен байытылған уранның осы көлемі, олар осыған дейін сақтаған уран деңгейінен айтарлықтай аз. Әрине, біз министрлік тарапынан бұл жоба бойынша экологиялық тәуекелдер барынша төмен болуы үшін және қауіпсіздік толық қамтамасыз етілуі тұрғысында тиісті шараларды атқаратын боламыз. Атап айтқанда, бұл мәселе ядролық қалдықтарға қатысты емес, яғни меселенің мәнісі тек төмен байытылған уранға байланысты», - деп түйді министр.