Үлбі зауытындағы Төмен байытылған уран банкі 2017 жылдың мамырында пайдалануға беріледі - Ходанов

Оның айтуынша, МАГАТЭ-ның төмен байытылған уран банкіне арналған қойма салу туралы мемлекеттік сараптама алынып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер іріктелінген. 2016 жылдың тамыз айының соңында мердігер қойма жұмысын салуға кіріскен.
«Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қойма құрылысы 2017 жылдың мамырында аяқталады деп жоспарланып отыр. Мұнан ары мемлекеттік қабылдау өтеді. Одан кейін қыркүйек айында МАГАТЭ-нің шолу миссиясы өтіп, төмен байытылған уранды қабылдауға қойманың дайындығы туралы соңғы қорытынды берілуі тиіс. Осыдан соң МАГАТЭ аталған материалды сатып алу туралы тендер жариялайды және қоймаға төмен байытылған уран жеткізу басталады десек те болады», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚР Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агентік арасындағы Қазақстан Респубилкасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңының жобасы талқыланды.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Үкіметі өз қаулысымен елімізде МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ында орналастыру туралы келісімге қол қоюды мақұлдаған болатын. Сол жылдың 27 тамызында келісімге Қазақстан тарабынан Ерлан Ыыдырсов пен МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Амано қол қойған еді.