Ұлдана Мырзуан ісі: Инженер қасбеті құлаған үйдің қандай күйде болғанын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында 2020 жылдан бері осы үйде тұратын Константин Костенко куәлік берді. Ол ғимаратпен құрылыс кезінде-ақ таныс болған, сол кезде инженерлік желілерді жүргізуге қатысқан.

Ұлдана Мырзуан ісі: Инженер қасбеті құлаған үйдің қандай күйде болғанын айтты
Фото: Видеодан скрин

Оның айтуынша, қайғылы жағдайға дейін тұрғындар ПИК төрағасы Сауле Жұбаниязованың жұмысына шағым айтпаған. Керісінше, ол үйге қатысты мәселелерді шешуге белсенді араласып, бастамашыл тұрғындармен үнемі байланыста болған.

— Ол үнемі бірдеңе істеп жүретін. Үйімізде белсенді тұрғындардан құралған топ бар. Ол бізбен үнемі байланысып, қандай да бір істі жасауды ұсынатын. Тұрғындардан оның әрекетсіздігіне немесе міндеттерін тиісінше орындамағанына қатысты шағым естіген жоқпын, — деді куәгер.

Сонымен бірге, 2025 жылғы 8 қарашаға дейін К. Костенко кірпіш қаптамасы құлаған үйдің солтүстік-батыс бөлігінен жарықшақ байқамаған. Оның айтуынша, үйдің бұл бөлігі тұрғындардың үнемі назарында болмаған. Куәгердің өзі құрылыс инженері мамандығын алған, оның кәсіби бағыты сумен жабдықтау, кәріз және инженерлік желілермен байланысты.

— Біз 100 метр жердегі нәрсені көретін сұңқар емеспіз. Үйдің биіктігі шамамен 27 метр. Егер жарықшақтарды көрген немесе олардың бар екенін білген болсақ, дүрбі алып қарап шығар едік. Бірақ үйдің мұндай жағдайға жететінін ойлаған жоқпыз, — деп түсіндірді К. Костенко.

Қасбеттің опырылған күнін еске алған куәгер үйде болғанын және терезеден көтерілген шаңды көргенін айтты. Сыртқа шыққанда, оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы болған. Оның сөзінше, шамамен 8-10 минуттан кейін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келген.
Осыдан кейін К. Костенко оқиға орнын қарап шығып, кірпіш қаптамасының жағдайына назар аударған. Инженер ретінде ол қасбеттің жағдайына сыртқы кірпіш қаптамасының қабырғаға бекітілу ерекшеліктері мен жекелеген учаскелердегі ерітінді әсер етуі мүмкін деп топшылады. Сондай-ақ көршілес коммерциялық ғимараттың орналасуына, жел, жаңбыр және қардың қасбетке әсеріне назар аударды. Бұл ретте куәгер мұның кәсіби болжамы екенін атап өтті.

Сотта куәгерге Ұлдана Мырзуанның жарақат алу жағдайлары туралы да сұрақ қойылды. Ол фельдшердің үстіне кондиционердің сыртқы блогы құлауы мүмкін деп болжады. Алайда оқиғаның өзін көрмегенін мойындады.

— Мұны өз көзіммен көрген жоқпын. Мен тек логикалық қорытынды жасадым. Бұл ақпаратты БАҚ-тан оқыдым, — деп нақтылады куәгер.

Бұдан бөлек, К. Костенко үйге 2017 жылы жүргізілген техникалық зерттеу қорытындысы туралы кейін білгенін айтты. Оның сөзінше, егер құжатта ғимараттың техникалық жағдайында елеулі проблемалар бары көрсетілсе, оның жай-күйіне жауапты мамандар бұл ақпаратпен алдын ала танысуы керек болған.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан жедел жәрдем фельдшері болып қызметтік міндетін атқару кезінде көпқабатты үйдің қасбеті құлап, қаза тапқан. Осы факті бойынша Астана сотында қылмыстық іс қаралып жатыр.

Сот отырысында марқұм фельдшердің жұбайы Әділет Зейнел әйелімен өткен соңғы сағаттар туралы айтып берген еді.

Сондай-ақ, Ә. Зейнел Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын түсіндірді.

Бұған дейін елордалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы қасбеті құлаған үйдің апатты жағдайы туралы өтініш түспегенін айтқан еді.

Сонымен қатар, Өнеркәсіп министрлігі Пәтер иелері кооперативі төрағасының міндеттерін түсіндірді.