Үлес 65%: Түркия соққы жасайтын дрон экспортында әлемде көш бастап тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын экспорттау бойынша әлемдік нарықтың 65 пайызын иеленіп отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Түркия соққы жасайтын дрон экспортында әлемде көш бастап тұр – 65% үлес
Фото: Азертадж

Түркия соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) экспорттау бойынша әлемдік нарықтың 65 пайызын алып отыр. Тек Baykar компаниясының өзі БПЛА-ны әлемнің 37 еліне жеткізеді.

Бұл туралы Baykar компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сельчук Байрактар журналистерге мәлімдеді. Оның айтуынша, түрік өндірісіндегі ұшқышсыз аппараттар — заманауи технология мен тиімді бағаның үйлесімі.

— Біз БПЛА-ларға орнатуға болатын оқ-дәрілердің кең ауқымын ұсынамыз, бұл біздің өнімді өзгелерден ерекше етеді, — деді ол, Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің жетістіктеріне назар аудара отырып.

Сельчук Байрактар жаңа Bayraktar TB3 соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері туралы да айтты. Бұл дрондар қысқа ұшу-қону жолағы бар әскери кемелерден ұша алатын көрінеді.

— Бұл бағытта АҚШ та, басқа елдер де бәсекеге түсті. Бірақ бұл жобаны сәтті аяқтаған алғашқы ел — Түркия. Bayraktar TB3 түрлі ауа райы жағдайында теңіз кемелерінде 170 рет автоматты түрде ұшып-қонуды жүзеге асырды, — деді ол.

Бұдан бұрын Түркия 2025 жылдың соңына дейін тауарлар мен қызметтердің экспорт көлемін 390 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар