Үлескерлер мәселесі: Алматыда 4 құрылыс компаниясына 300 арыз түскен

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда баспанасын уақтылы ала алмаған үлескерлер мәселесі өзекті болып тұр. 

Үлескерлер мәселесі: Алматыда 4 құрылыс компаниясына 300 арыз түскен
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Құрылыс басталмай тұрып, болашақ пәтеріне арзан бағада ақша құюды көздейтін адамдардың көбеюі Алматы сынды ірі мегаполистерге тән заңдылық. Адамдар жұмыс не жаңа мүмкіндіктерді іздеп келетін мұндай орталықтарда алдымен тұрғын үй мәселесін шешкісі келеді. Алайда нарықтағы баға қымбат болғандықтан, үй алудың өзге жолдарын іздеп, үлескер болады. Бұл шешім кейде өзін ақтаса, кейде баспана күткен адам үшін арыз-шағыммен аяқталады.

Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, биыл әртүрлі тұрғын үй кешендерінде пәтер бермеу деректері бойынша төрт компания (ЖШС) басшыларына қатысты 312 адам полицияға арызбен жүгінген.

— Аталған фактілер бойынша ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігіне (Аса ірі мөлшерде алаяқтық) сәйкес, қылмыстық істер қозғалған. Қазіргі таңда қылмыстық істер Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасында қаралып жатыр. Алдағы уақытта заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады департаменттен.

Құрылыс компанияларының жұмысы қалай бақыланады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңындағы брифинг барысында Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов қалада үлескерлер мәселесін шешу бағытында қандай жұмыс істеліп жатқанын айтқан болатын. Оның сөзінше, әкімдік пен басқа да ведомстволар әрдайым қаладағы құрылыс компанияларының қызметін бақылап отырады.

— Өкінішке қарай, бізде қажетті құжаттары жоқ екеніне қарамастан үлескерлерді тартатын жауапсыз құрылыс компаниялары бар. Кәсіпкер жекеменшігіндегі жерде заңсыз тұрғын үй салуды бастап кетеді де, оны белсенді түрде сата бастайды. Әрине, кейін құжаттарды рәсімдеуге тырысады. Бірақ ол мүмкін болмайды. Нәтижесінде адамдар ақшасыз да, пәтерсіз де қалады. Мұндай деректер анықталған кезде Қала құрылысын бақылау басқармасы жұмыстарды тоқтатады. Алайда сот отырыстары кейде созылып кетеді, — деді ол.

Сондай-ақ Бейбіт Шаханов ең алдымен жауапкершілік үлескер болатын адамдардың өзінде екенін атап өтті. Айтуынша, құрылысқа ақша салатын адам — оның сенімді әрі заңды болуын өзі тексеруі керек.

— Әкімдік жарнамаларды үнемі бақылап отырады. Сайтта күмәнді тұрғын үй кешендері бойынша ақпарат жариялайды. Әрбір тұрғын үйдің сенімділігін тексере алатын «шұғыл байланыс желісі» бар. Бірақ біреуге ақшасын бермес бұрын оны тексеруі әр адамның жеке жауапкершілігі деп ойлаймын. Біз зардап шеккендерге көмектесуге дайынбыз, бірақ ең алдымен бұл қаражатын өзгеге берген адамдардың жауапкершілігі, — деді Бейбіт Шаханов.

Заңнамадағы өзгеріс

Биыл 31 тамызда елімізде тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысуға қатысты жаңа заң күшіне енді. Енді «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі немесе жергілікті атқарушы органның (әкімдік — ред.) рұқсаты жоқ құрылыс компаниясына үлескер қаржысын тартуға тыйым салынды. Сондай-ақ бұдан былай үлескер қолма-қол ақшаға пәтер сатып ала алмайды, қаржы құрылыс компаниясына тек екінші деңгейлі банктер арқылы аударылады.

Сонымен қатар тұрғын үйге заңсыз үлескер тарту, жарнамалау үшін айыппұл мөлшері 7 есе өсті. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексіне заңсыз үлескер тарту және Бірыңғай оператордың рұқсатынсыз немесе кепілдігінсіз жарнама тарату үшін айыппұл санкцияларын 300-ден 2000 АЕК-ке дейін (1 179 600 теңгеден 7 864 000 теңгеге дейін) ұлғайту жөнінде түзетулер енгізілді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үй кешендерінің жаңа тізімін ұсынғанбыз. Оның ішінде Алатау ауданында 2, Алмалы ауданында 4, Бостандық ауданында 11, Медеу ауданында 6, Наурызбай ауданы 5 тұрғын үй кешені бар. Толық тізімді осы сілтемеден оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар