Үлескерлер проблемасының туындауына не түрткі
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ басшысы Ғани Тажиев елордада үлескерлер проблемасының туындауына түрткі болатын жайттарды атады.

- Құрылыс компаниясы тұрғын үйді бастап салған кезде күштерін дұрыс ескермей, жарты жолдан тастап кетеді. Жалпы, олар құрылысты бастағанда мүмкіндіктерін, ресурстарын қарауы тиіс. Яғни, ең алдымен ұйымдастыру жағынан қателіктер кетіп жатады. Екіншіден, қазіргі заңдағы олқылықтарды пайдаланып, болашақ үлескерлердің қаражаттарын жинап алады да оны дұрыс жаратпайды. Үшіншіден, тексеруде кемшіліктер бар. Біздің тексеруге күшіміз жеткіліксіз. Мысалы, олқылық анықталғанда 300 АЕК (1 107 600 теңге) мөлшерінде айыппұл саламыз. Олар оны төлеп, құрылысты ары қарай жалғастыра береді. Меніңше, осы үш мәселе қиындық тудырып отыр. Әрине, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.
Оның атап өтуінше, елордада 16 мың проблемалы үлескер болды. Олардың 15 600-і бүгінде 150 нысанда орналасқан пәтерлерінің кілтін алды. Қазіргі уақытта «Ақерке», «Араби-2», «Мирный дом» тұрғын үй кешендері сияқты проблемалы 7 нысан қалды. Бұл нысандардың құрылысы жылдың соңына дейін толық аяқталады. Мұнан бөлек, 24 проблемалы нысан бақылауға алынды. Алайда, олар «Елорда құрылыс» компаниясына кірмейді.
- Аталған нысандардың 9-ын құрылыс компаниясы біртіндеп бітіріп жатыр. Кейбір нысанға байланысты қылмыстық іс қозғалып, құрылысшылардың қамауға алынғаны да бар. Келесі жылға 6 нысан қалады, оны соңына дейін аяқтаймыз. Енді уақыттағы қала саясаты - мұндай проблемалы нысандарды алмау. Себебі, үшінші толқын болды, тұрғындарға жақсылап түсіндіруіміз керек. Мұндай проблема туындырмауымыз қажет. Оған қандай шара қолданып жатырмыз? Жылдың басында рұқсат қағазсыз салынып жатқан 90 нысан болды. Дәл оны 30-ға дейін төмендеттік, жыл соңына дейін бітіреміз. Рұқсатсыз салынған үйлерге тұрғындар тұрып жатыр. Бірақ құжаттарын ала алмай жүр. Енді рұқсатсыз тұрғын үй салуға жол бермейміз. Апта сайын мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында рұқсатсыз салынып жатқан тұрғын үйлер анықталса бірден шара қолданып, тоқтатамыз, - деді Ғани Тажиев.
Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі үлескерлердің мәселесін шешуге бюджеттен қаражат көзделмейтінін жеткізген.