Үлескерлерден заңсыз 5,5 млрд теңгеден астам қаражат тартқан компания басшылары сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау қаласында «Сұлтан», «Аққала» және «Мұрагер» көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Аталған істі ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізді.
Тергеу барысында «ИнтерьерСтройАқтау» ЖШС басшыларының құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттары, лицензиясы және жобалық-сметалық құжаттамасы болмағанына қарамастан, 590 үлестік қатысу келісімшартын жасасқаны анықталды.
Нәтижесінде үлескерлерден заңсыз түрде 5,5 млрд теңгеден астам қаражат тартылған.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмеген және белгіленген мерзімде аяқталмаған.
1,9 млрд теңге көлеміндегі қаражат жалған құрылыс актілері арқылы қолма-қол ақша ретінде кассадан шығарылып, компания басшылығы тарапынан иемделген.
Тергеу барысында 5 жер телімі мен 47 автокөлікке тыйым салынды.
Сот үкімімен компания басшылары 3,5 жылдан 6,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
- Сондай-ақ, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу мақсатында 1,1 млрд теңге көлеміндегі мүлік тәркіленіп, өтем ретінде аударыған, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі жалған шетел валютасын өткізу фактілері жиілеп кеткені туралы хабарлаған болатын.