Үлескерлік құрылыс: 51 проблемалы нысан бар
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елімізде үлестік құрылыс бойынша проблемалы нысандар қай қалаларда көп тіркелгенін мәлім етті.
«Қазір үлестік қатысуы бар 11 өңірде 51 проблемалы объект бар. Бұл тұрғыда Астана қаласында – 9, Алматы қаласында – 4, Қарағанды облысында – 3, Ақтөбе облысында – 11, Ақмола облысында – 4, Атырау облысында – 6, Маңғыстау облысында - 6, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Шығыс Қазақстан облысында - 3, Павлодар облысында - 1, сондай-ақ Алматы облысында 3 нысан тіркелген», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Үлестік құрылыста жаңа проблемалы нысандар және заңнаманы айналып өту үшін жасалатын шарттардың туындауына жол
бермеу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мемлекеттік реттеуді күшейту жөнінде мынадай түзетулер әзірледі:
- алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
- үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін құрылысты одан әрі тоқтата тұрып, айыппұл санкцияларын (300-ден 2000 АЕК-ке дейін) ұлғайту;
- үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ жарнамаға тыйым салу;
- «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңын реттеу саласында «аз қабатты құрылыс» ұғымын енгізу;
- Үлескерлерді қолдау орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
«Аталған түзетулер пакеті тұрғын үй құрылысындағы үлестік құрылыстың жаңа проблемалы объектілерінің пайда болу қаупін азайтуға көмектеседі», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Осыған дейін үлестік құрылыстағы мәселелерді шешу және проблемалық объектілердің тәуекелдерін азайту мақсатында құрылыс салушы мен сатып алушы арасында шарт жасасу процесін цифрландыру жұмыстары жүргізілді.
Былтыр Қазақстан Тұрғын үй компаниясы елдегі үлестік баспаналардың көлеңкелі нарығына зерттеу жүргізіп, үлестік тұрғын үй кешендерінің шамамен 68%-ы заңсыз салынатынын анықтағаны хабарланды.