Қазақстанда үлестік тұрғын үйдің шамамен 70% заңсыз салынады
Қазақстан Тұрғын үй компаниясы елдегі үлестік баспаналардың көлеңкелі нарығына зерттеу жүргізіп, үлестік тұрғын үй кешендерінің шамамен 68%-ы заңсыз салынатынын анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Нысандарды іріктеу танымал жылжымайтын мүлік сайттарының ашық деректері негізінде жүргізілген. Еліміздің 20 қаласында жалпы саны 586 нысан салынып жатыр.
«Біз кең таралған „құпия сатып алушы“ әдісін таңдадық. Зерттеу үш тәсілмен жүргізілді: сату кеңселеріне бетпе-бет келу, телефон арқылы қоңырау шалу, сондай-ақ электронды хаттар мен түрлі мессенджерлер арқылы сұрау жіберу арқылы іздедік», — деп түсіндірді «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басшысының орынбасары Алтай Күздебаев.
Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері таң қалдырарлық болған, үлестік тұрғын үйдің шамамен 68%-ы заңсыз жолмен тартылады.
«586 нысанның 400-ге жуығы көлеңкеде орналасқан. Өкінішке қарай, бұл біздің азаматтарымыздың ақшасы заңсыз жолмен тартылатынын көрсетеді. Біз құрылыс салушыларға азаматтардың ақшасымен жұмыс істейтіндерін түсіндіреміз, екінші деңгейдегі банктерден еш айырмашылықтарыңыз жоқ деп айтамыз. Бірақ құрылыс саласының көпшілігі ашықтыққа ұмтылмайды. Біз мұның аудиторларға белгілі бір әкімшілік шығындармен, халықаралық стандарттар бойынша тиісті есептілік жүргізу шығындарымен байланысты екенін түсінеміз. Десе де бұл көрсеткішті төмендету үшін ережелерді бірлесіп әзірлеуіміз керек», — деді Алтай Күздебаев.
Спикердің айтуынша, еліміздің тоғыз өңірі мүлдем ашық емес, әсіресе Қарағандыда заңсыз мәмілелердің жоғары пайызы анықталды. Сонымен қатар, ашықтықтың ең төменгі деңгейі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында байқалған.
Қазақстан Тұрғын үй компаниясының өкілі үлестік қатысу туралы заң аясында қаражат тартудың үш заңды тәсілі бар екенін айтты.
«Біріншісі — құрылыс салушы үйдің қаңқасын тұрғызар кезде әкімдіктің рұқсатын алуы керек. Екіншісі — екінші деңгейдегі банк қатысарда әкімдіктің рұқсаты. Үшіншісі — Қазақстан Тұрғын үй компаниясының кепілдігін беру. Осындай үш заңды әдіс бар. Осы үш тәсілмен сатып алғанда азаматтар Қазреестрдің ақпараттық жүйесінде тіркелетін үлестік қатысу шартын жасасады. Құрылыс кезеңіндегі қалғанының бәрі заңсыз», — деп түсіндірді Алтай Күздібаев.