Ұлыбритания Газа секторындағы палестиналықтарды көшіру туралы ұсынысты қабылдамады
Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі палестиналықтарды Газа секторынан тыс жерлерге көшіру туралы кез келген ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Газа секторы оккупацияланған Палестина территориясы және болашақ Палестина мемлекетінің бөлігі болады. Ұлыбритания палестиналықтарды Газа секторынан тыс жерлерге орналастыру туралы кез келген ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамайды», - деді сәрсенбіде Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
«Біз одақтастарымыз бен серіктестеріміздің Газа секторы тұрғындарының ол аймақтан мәжбүрлі түрде көшірілуіне алаңдаушылығын бөлісеміз», - деп қосты ол.
Айта кетейік, 3 қаңтарда Израильдің Times of Israel газеті үкіметтік дереккөздерге сілтеме жасап, Израильдің Газа секторынан палестиналықтарды басқа елдерге «ерікті түрде» қоныстандырумен айналысып жатқанын хабарлады.