Ұлыбритания Ирандағы елшілігінің қызметкерлерін кері қайтарып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания Ирандағы елшілігінің қызметкерлерін Иран мен Израиль қақтығысына байланысты уақытша кері шақыртып жатыр, деп хабарлайды Анадолы.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің жаңартылған туристік ескертуінде Лондон қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қолданғаны айтылған.
- Елшілік қашықтан жұмыс істеп жатыр,- делінген хабарламада.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми X әлеуметтік желісінде ел билігінің Тель-Авивтен Ұлыбритания азаматтарын эвакуациялау үшін чартерлік рейстер дайындап жатқанын хабарлады. Бұл шешім әуе кеңістігі ашылғаннан кейін қабылданды.
Министр Израильде жүрген Ұлыбритания азаматтарын өздерінің орналасқан жері туралы шұғыл түрде хабарлауға шақырды, осылайша олар қажетті нұсқаулықтар мен ақпарат ала алады.
Айта кетейік, 2024 жылғы 13 маусымда Израиль Иран Республикасының қалаларындағы ядролық нысандар мен Иранның жоғары әскери басшылығы орналасқан жерлерге соққы бере бастады.
Соққылардың салдарынан Иран қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының бас қолбасшысы, бірнеше жоғары лауазымды әскери шенділер, сондай-ақ ядролық зерттеулер саласындағы тоғыз ирандық маман қаза тапты.
13 маусым жұма күнінен бері Иранда кем дегенде 585 адам қаза тауып, 1300-ден астам адам жарақат алды.
Жауап ретінде Иран Израиль аумағына баллистикалық зымырандармен соққы жасады. Ресми мәліметтер бойынша, бұл шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астамы жараланды.
Түркияны қоса алғанда, бірқатар елдер Израильдің әрекеттерін қатаң айыптады.
Осыған дейін Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейе түскенін жаздық.