Ұлыбритания королі III Чарльз АҚШ-қа сапарлайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл сапар Ұлыбритания мен Құрама Штаттар арасындағы тарихи байланыстарды нығайту және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталады, делінген корольдік отбасының ресми мәлімдемесінде, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі. 

Ұлыбритания королі III Чарльз АҚШ-қа сапарлайды
Фото: EPA-EFE

АҚШ тәуелсіздігінің алдағы 250 жылдығына ерекше назар аударылады, бұл сапарға қосымша символдық мән береді. Алдын ала мәлімет бойынша, сапар сәуір айының соңында өтеді. 
Бұл сапар ІІІ Чарльздің Құрама Штаттарға алғашқы мемлекеттік сапары болмақ. II Елизавета бұған дейін елге мемлекеттік сапармен төрт рет барған — 1957, 1976, 1991 және 2007 жылдары. Қазіргі монарх таққа отырғанға дейін Уэльс ханзадасы ретінде АҚШ-қа 19 рет барған, соның ішінде ресми сапарлар да болған.

Ерекше атап өтілгендей, бұл сапар Дональд Трамптың шақыруымен және Британ үкіметінің ұсынысы бойынша өтеді. 

Америкаға сапарын аяқтағаннан кейін монарх Бермуд аралдарына барады, онда ол британдық шетел аумағына король ретіндегі алғашқы ресми сапарын жасайды.

Еске салсақ, Дональд Трамп 2025 жылдың қыркүйегінде Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен барған. Бұл Ұлыбритания тарихында алғаш рет шетелдік көшбасшы екінші мәрте мемлекеттік сапармен келуге шақырту алған оқиға болды. 

Соңғы жаңалықтар