Ұлыбритания король отбасын асырауға жылына жарты млрд фунт стерлинг жұмсайды

АСТАНА.KAZINFORM — Король отбасын күтіп-бағуға бюджеттен ресми бөлінетін 86 миллион емес, британдық салық төлеушілер есебінен жылына 510 миллион фунт стерлинг (680 миллион доллар) жұмсалады. Бұл мәліметті британдық монархияға қарсы Republic ұйымы келтірді, деп жазады ВВС.

британ
Фото: The Royal Family

Жаңа баяндамасында Republic қоғамдық ұйымы патша, ханзада мен ханшайымдарға кететін шығындардан бөлек, Ұлыбритания қазынасына шығын келтіретін жер телімдері мен жылжымайтын мүліктің көп мөлшері мемлекетке емес, патшаға тиесілі екенін де көрсетті.

Тікелей бюджеттен қазіргі уақытта жылына «егемен гранты» деп аталатын 86 миллион фунт (шамамен 115 миллион доллар) бөлінеді.

2011 жылғы заңға сәйкес, бұл сома Тәж иелерінің (Crown Estate) монарх жыл сайынғы гранттың орнына мемлекетке беретін жыл бойғы кірістерін ескере отырып есептеледі. Яғни, формасы мен мәні бойынша, бұл — Тәжге иелік еткеннен түскен кірістің белгілі бір пайызын король үйіне қайтару.

Тәжге иелік Лондон және басқа қалалардағы көптеген жылжымайтын мүлік, сондай-ақ кең көлемді жер учаскелерін қамтиды. Бұл мүліктің жалпы құны — шамамен 16 миллиард фунт стерлинг, оның барлығы жалға беріледі және 2023 жылы 443 миллион фунт стерлинг табыс әкелді.

Егемен гранты корольдік отбасы мен оның сарайларын ұстауға және сапарлар мен түрлі шараларды ұйымдастыру шығындарын ғана жабады. Ал күзет, қауіпсіздік шығындарын өтеуге жетпейді. Ол шығындарды Republic 150 миллион фунтқа бағалады.

Republic белсенділерінің пікірінше, монархтың жалпы шығыны — жылына 5-10 миллион фунт стерлингті құрауы керек, ал корольдің жеке өзіне жылына 189 мың фунт стерлинг көлемінде жалақы берілуі керек.

Антимонархистер қазіргі жағдайды «халықтың ақшасын орынсыз ысырап қылу» деп санайды.

«Патша отбасына жарты миллиард фунт стерлинг жұмсап жатқанда, қысқы жылыту төлемдерін қысқарту туралы қалай айтуға болады?» — деді Republic ұйымының басшысы Грэм Смит.

Соңғы жаңалықтар