Ұлыбритания Орта дәліз бойындағы жобаларға инвестиция салуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM –  Ұлыбритания Азербайжанның авиация саласындағы алғашқы мәмілені жүзеге асырды және Қазақстан мен Грузиядағы порттар мен теміржолдарды жаңғырту жобаларын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Джон Алдердайс
Фото: members.parliament.uk

Ұлыбритания Орта дәліз бойындағы инфрақұрылымдық жобаларға қызығушылығын растады. Бұл туралы Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия елдеріндегі сауда мәселелері жөніндегі өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джон Алдердайс Лондонда өткен Каспий өңіріндегі көлік байланысына арналған конференцияда мәлімдеді.

— Орта дәліздің дамуы — аймақтағы барлық ел үшін басымдыққа айналуы тиіс. Бұл бағыт Еуразия-Каспий кеңістігі үшін орасан экономикалық пайда әкеледі, — деді лорд Алдердайс.

Саясаткердің айтуынша, Ұлыбританияның экспорттық-несиелік агенттігі (UKEF) Әзербайжанның авиация саласында алғашқы келісімді жүзеге асырған және қазіргі уақытта Қазақстан мен Грузиядағы порттар мен теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын зерделеп жатыр.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағалауына сәйкес, Орта дәліздің әлеуетін толық ашу үшін шамамен 18,5 миллиард еуро көлемінде инвестиция қажет. Бұл қаражат порттарды кеңейтуге, жылжымалы құрамды жаңартуға және логистикалық хабтар салуға жұмсалуы тиіс. Алайда, Лорд Алдердайс атап өткендей, «жұмсақ» инфрақұрылым да аса маңызды: сауда стандарттарын біріздендіру, рәсімдерді цифрландыру және кедендік формальдылықтарды жеңілдету қажет.

Ол сондай-ақ өткен аптада ұсынылған Ұлыбританияның жаңа сауда стратегиясына тоқталды. Лордтың айтуынша, бұл құжаттың басты мақсаты — Ұлыбританияны әлемдегі ең жоғары байланысқан елге айналдыру.

— Біздің стратегия аймақтық жобаларды дамытуда Ұлыбритания — сенімді және мінсіз серіктес екенін нақты көрсетіп отыр, — деді ол.

Лорд Алдердайс британдық тәжірибе, инновациялар мен қаржылық тетіктер аймақ инфрақұрылымын дамытуға нақты үлес қосып жатқанын айтты. UKEF пен жетекші британдық банктер теміржолдан бастап автожолдарға дейінгі ірі жобаларды белсенді қолдап отыр. Бұған қоса, Ұлыбритания үкіметі өздерінің жаңа өнеркәсіптік стратегиясы аясында £20 млрд көлемінде қосымша қаржыландыру пакетін бөлген.

— Былтыр біз Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның Лондон қор биржасы арқылы суверенді облигациялар шығарып, $10 млрд көлемінде инвестиция тартуына көмектестік. Бұл — өңірлік байланыс жобаларына қаржы салуға мүмкіндік беретін маңызды жетістік, — деді ол.

Сөзінің соңында Джон Алдердайс Ұлыбритания тек қаржылық қолдаумен ғана шектелмей, жобалау мен құрылыс саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларын да ұсына алатынын атап өтті. Цифрлық модельдеу құралдары құрылыс сапасын арттырып, шығынды азайтып, жобаларды іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді — бұл көлік инфрақұрылымын тұрақты дамыту үшін аса маңызды.

Соңғы жаңалықтар