Ұлыбритания премьер-министрі Израильде жүр
Британ премьер-министрі Риши Сунак Израильге жете сала Тель-Авив әуежайында тілшілерге сұхбат беріп, 7 қазанда ХАМАС-тың бастаған шабуылы «адам айтқысыз сұмдық террорлық акті» деп мәлімдеді. Kazinform бұл туралы ВВС-дің Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Р.Сунак Ұлыбритания Израильді қолдайтынын қуаттады.
«Мен премьер-министр және президентпен кездесуді асыға күтемін және әңгімеміз өнімді болады деп ойлаймын», – деді ол.
Британ премьері Тель-Авивке бүгін таңертең ұшып барды. Енді Сунак алдағы бірнеше сағат ішінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху және аталған ел президенті Исаак Герцогпен кездесу үшін Иерусалимге барады.
Франция президенті Макрон да жақын күндері осы өңірге келеді деп жоспарланған.
Еске салайық, кеше Израильге АҚШ президенті Джо Байден ұшып барған еді. Ол Израиль премьер-министр Биньямин Нетаньяху және елдің әскери кабинетінің мүшелерімен өткен кездесуде АҚШ Израильге қолдауын жалғастыратынын айтты.
Әлем елдерінің билік өкілдері Газа секторындағы ауруханаға зымыранмен соққы жасалғаннан кейін Израильге шұғыл сапарлай бастады. Шабуыл салдарынан кем дегенде 800 адам қаза тапты.
Палестина президенті Махмуд Аббас үшкүндік қаралы күн жариялады. Al Mayadeen телеарнасының дерегінше, ол 19 қазанға АҚШ басшысы Джо Байденмен жоспарланған кездесуін күтпестен Амманнан ұшып кетіп, Рамаллаға оралды.
ХАМАС ауруханаға шабуылға Израильді кінәлап отырса, изральдік билік бұған палестиналық анклавтан сәтсіз ұшырылған зымырандар себеп болғанын және оған “Ислам жиһады” жауапты екенін айтуда.
7 қазан күні Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшкен болатын.
Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағаннан бері 3478 палестиналық пен 1300 израильдік, сондай-ақ 13 журналист ажал құшты.