Ұлыбритания премьер-министрінің үйінде өрт шықты — The Times
АСТАНА. KAZINFORM — Лондон полициясы Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің үйіндегі өртке қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды The Times.

Құны 2 миллион фунт стерлинг тұратын үйде 12 мамырда өрт шыққан.
— Лондонның солтүстігіндегі бір үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция жетіп барды. Өрт үйдің есіктеріне зақым келтірген. Жәбірленгендер болған жоқ, — деп хабарлайды басылым Скотланд-Ярд мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Мәлімдемеге сәйкес, жағдайды анықтау үшін тергеу жүріп жатыр, оқиға болған жер қоршауға алынды. Полиция өрттің шығу себебін жариялаған жоқ.
Ұлыбритания премьер-министрінің жеке үйіне шерушілер бірнеше рет шабуыл жасаған. Атап айтқанда, өткен жылы Стармердің үйінің алдында өткен шерулер үшін үш адам сотталды.
Кир Стармер премьер-министр қызметіне кіріскеннен кейін ол әйелімен бірге Ұлыбритания премьер-министрінің Даунинг-стриттегі ресми резиденциясына көшті. Ақпаратқа сәйкес, премьер-министрдің жеке үйі жалға берілген.
Еске сала кетейік, Ұлыбританияда мигранттарға қарсы реформа жарияланды.