Ұлыбритания тарихында алғаш рет король астрономы қызметіне әйел тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда алғаш рет король астрономы лауазымына әйел адам — профессор Мишель Доэрти тағайындалды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Мишель Доэрти бұл қызметке лорд Мартин Риз зейнетке шыққаннан кейін келді. Ол король астрономы болып 30 жыл бойы жұмыс істеген.
Король астрономы лауазымы 1675 жылы құрылған. Алғашқы кезде бұл қызмет иесі теңіз навигациясын жұлдыздарға қарап жүргізу мәселелерімен айналысқан. Кейінірек бұл лауазым рәсімдік сипатқа ие болды. Қазіргі таңда король астрономы монархқа ғарыш саласындағы жаңа ғылыми жаңалықтар туралы хабарлап отырады.
Мишель Доэрти — Лондондағы Империялық колледждің астрофизика саласындағы профессоры. Оның ғылыми қызығушылығы күн жүйесіндегі алып газды планеталарды — Сатурн мен Юпитерді зерттеуге бағытталған. Ол осы ғаламшарлардың магнит өрістерінің өзара әрекеттесуі, Сатурнның Энцелад атты серігінің айналасындағы су буын анықтау және Юпитерге автоматты түрде планетаралық станцияларды жіберу жобаларымен айналысқан.
Бұған дейін ғалымдар жерден 35 жарық жылы қашықтықта орналасқан, тіршілікке қолайлы болуы мүмкін жаңа планетаны анықтағаны хабарланған. Бұл планета қызыл ергежейлі жұлдыздың айналасында орналасқан бес планетаның бірі. Ал ең алысы жұлдыздан дәл жер күннен алатын энергия шамасында жылу алады.
Осыдан бұрын Ұлыбританияда үш адамның ДНҚ-сы бар 8 сау сәби дүниеге келгенін жазғанбыз.