Ұлыбритания туристік салық енгізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Британдық мэрлерге туристік салық енгізу құқығы берілуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ұлыбритания үкіметі Англия мэрлеріне қонақүйлерде, хостелдерде және өзге де орналастыру орындарында түнейтін туристерден алым алуға мүмкіндік беретін өкілеттік беруді көздеп отыр.
Жиналған қаражат қоғамдық көлікті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және туризм секторын қолдауға бағытталмақ. Бұл бастаманы Лондон мэрі Садик Хан және Манчестер мэрі Энди Бернхэм белсенді түрде қолдап келеді.
Мұндай салық түрін енгізу арқылы Британия келесі жылы Шотландия мен Уэльстің тәжірибесін енгізбек. Мұндай практика Нью-Йорк, Париж және Милан қалаларында бұрыннан қолданылып келеді.
Өткен жылы шетелдік туристер Ұлыбританияға шамамен 42,6 млн сапар жасап, 293 млн-нан астам түн өткізген және жалпы 32,5 млрд фунт шығынданған.
Жаңа салық 2028 жылғы Еуропа футбол чемпионатына дайындықты жақсартуға, сондай-ақ ең жүктемесі жоғары және танымал қалалық аймақтардың жағдайын көтеруге көмектеседі деп болжанған.
Бизнес, жергілікті қоғамдастықтар және өзге де мүдделі тараптар жаңа алым тетігі бойынша өз пікірлерін 12 апталық қоғамдық талқылау барысында білдіре алады.
Бұл шара сондай-ақ 2023 жылы өз міндеттемелерін орындай алмай, іс жүзінде банкроттық жариялауға мәжбүр болған Бирмингем қаласындағы жағдайдың қайталану қаупін азайтуы мүмкін.