Ұлыбритания түрмелерінде бос орын қалмады
ҰЛЫБРИТАНИЯ. KAZINFORM – Ұлыбританияда жақында билікке келген оппозицияның тағы берекесі қашты. Жаңа үкімет сотталғандарды қайда жіберерін білмей дал, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Санаулы күндерден кейін түрмелерде бос орын қалмайын деп тұр. Яғни, полициядан бастап, сотқа дейінгі қылмысқа қарсы күрес машинасының істен шығуы мүмкін. Сондықтан Лейбористер қылмыскерлерді күзден бастап, бостандыққа жіберуді жоспарлап отыр. Басқа амал жоқ.
Ұлыбританияның жаңа үкіметі тағы бір күрделі сынақтан өтуге білек сыбана кірісті. Биліктегілер қыркүйек айынан бастап жазасын өтеушілерді мерзімінен бұрын босату тәжірибесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Әділет министрі Шабана Махмудтың айтуынша, тығырықтан шығарар басқа жол жоқ.
«Түрмелеріміздің түгі қалмады. Айтар сөзім жоқ. Ең сорақысы, бұрынғы үкімет бұл туралы білді. Қазір ер кісілерге арналған абақтылар 99 пайызға дейін толған. Бұл көрсеткіш шамамен соңғы 18 ай бойы осы деңгейде сақталып тұр», - дейді Ұлыбритания Әділет министрі Шабана Махмуд.
Үкіметтің кейінгі мәліметтеріне сәйкес, қазір сотталғандардың саны 90 мыңға жуық және бірнеше апта ішінде түрмелер түгел толып кетуі мүмкін. Одан кейін полиция бөлімшелеріндегі уақытша ұстау абақтыларын пайдалану қажет болады. Нәтижесінде тәртіп сақшыларына көшелерді патрульдеу қиынға түспек.
«Үкіметтің заңға уақытша өзгеріс енгізуден басқа амалы жоқ екенін мәлімдеймін. Жеңіл жаза түрлерін өтеушілер түрмеден ертерек шығарылады. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың ең төменгі шегі өтелген мерзімнің 50 пайызынан 40 пайызына дейін қысқарады», - дейді Ұлыбритания Әділет министрі Шабана Махмуд.
Жаңа ішкі істер министрі де күрмеуі көп мәселені мұра ретінде қалдырып кеткен консерваторларды айыптады. Қазір 6 жаңа түрменің құрылысы жүріп жатыр. Қосымша 20 мың орындық абақты салу жоспарланған. Өйткені үкімет 20 мың полицейді жұмысқа алуға бекініп отыр.
«Консерваторлар соңғы айларда ғана емес, біраз жыл қатарынан жауапкершіліктен жұрдай болған. Түрмелердің шамадан тыс толып кету мәселесін тез арада шешу мүмкін болмайын деп тұр», - дейді Ұлыбритания Ішкі істер министрі Иветт Купер.
Жаңа үкіметке мұндай қадамға бару оңай болмады. Жоспардың қауіпті екенін олар толық түсінеді. Бірақ ауруын жасырған өледі, дейді лейбористер. Барлығы 5 500-ге жуық адам бостандыққа жіберілмек. Қоғам белсенділері де билік партиясының бұл шешімін қолдап отыр.
«Бұл дұрыс шешім. Өйткені біз біраз уақыттан бері дағдарыстамыз. Және одан шығу үшін еш әрекет жасалмағаны қынжылтады», - деді Түрмелерді басқарушылар қауымдастығының президенті Том Уитли.
Бірақ бір жарым жылдан кейін қайта қаралатын жаңа жоспармен мүлдем келіспейтіндер де бар. Бостандыққа шыққандар қайта қылмыс жасаса немесе босату шарттарын бұзса, түрмеге қайта тоғытылуы мүмкін. Бірақ оған қарамастан қылмыскерлердің құрбандары өздерін жайсыз сезінетіндерін айтады.
«Қылмыскерлер түрмеден ерте шығарылса, олардан қорлық көргендердің зәресі ұшады. Алаңдаушылығы артып, ішкі жаралары қоза түседі», - деді Лондондағы жәбірленушілердің құқығын қорғау бойынша комиссар Клэр Ваксман.
Ұлыбритания жазасын өтеушілердің саны бойынша Батыс Еуропада көш бастап тұр. Пандемиядан кейін олардың саны тіпті артқан. Өйткені сот отырыстарының кешігуі жиілеп, қамауда ұстау мерзімі ұзарған. Сондай-ақ ауыр қылмыс жасағандарға жазасының кем дегенде 65 пайызын өтеу талабы күшейген. Сарапшылар да, билік өкілдері де құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді және түрмеге тоғытудың орнына балама ретінде шартты жазалар енгізіп, мәжбүрлеу жұмыстарын қолдану тәжірибесін кеңейтуді ұсынып отыр.