Ұлыбритания Visa мен Mastercard-қа балама төлем жүйесін әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Лондон Вашингтон тарапынан болуы мүмкін қысым аясында балама ұлттық төлем жүйесін әзірлеу жұмысын жеделдетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Осы аптада Ұлыбританияның ірі банктерінің басшылары америкалық Visa және Mastercard жүйелеріне балама болатын ұлттық төлем жүйесін құру мәселесі бойынша алғашқы кездесуін өткізбек.
Бұл бастама Лондонның АҚШ президенті Donald Trump қаржы инфрақұрылымын Еуропаға қысым жасау құралы ретінде пайдалануы мүмкін деген алаңдаушылығынан туындап отыр.
The Guardian басылымының жазуынша, келіссөз үстеліне алғаш рет Barclays, NatWest, Lloyds, Santander және Nationwide Building Society өкілдері жиналады. Жиынға Barclays басшысы Vim Maru төрағалық етеді. Салааралық үйлестіруді UK Finance қауымдастығы қамтамасыз етеді, деп жазады The Telegraph.
Кездесуде жаңа заңды құрылым — DeliveryCo компаниясын құру мәселесі талқыланады. Ол болашақта Visa мен Mastercard-қа бәсекелес жүйені іске қосу үшін құқықтық рәсімдерді әзірлеуге, басқару моделін қалыптастыруға және қаржыландыру тартуға жауапты болады.
Өткен жылдың наурыз айында реттеуші орган — Payment Systems Regulator елдегі карточкалық транзакциялардың 95 пайыздан астамы Mastercard пен Visa арқылы жүзеге асатынын мәлімдеген еді.
Қолма-қол ақшаны пайдалану күрт азайған жағдайда бұл үстемдік ерекше сезіліп отыр. Қазір Ұлыбританияда құны 1 мың фунттан асатын қызмет үшін қолма-қол ақша қабылдайтын сатушыны табу барған сайын қиындап келеді.
— Егер Mastercard пен Visa ажыратылса, біз 1950-жылдарға қайта оралар едік. Сондықтан бізге егемен төлем жүйесі қажет, — деді жобаға қатысы бар басшылардың бірі The Guardian басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл — банк карталары экономикада үстемдік құрмаған, бизнес толықтай қолма-қол ақшаға тәуелді болған кезеңді меңзейді.
Мысал ретінде Ресей келтіріледі. АҚШ санкциялары енгізілгеннен кейін Visa мен Mastercard ел ішіндегі операцияларға қызмет көрсетуді тоқтатып, халықтың бір бөлігі әдеттегі төлем тәсілдерін уақытша пайдалана алмай қалған.
Ресми Лондон бұл бастаманың негізгі мақсаты — жүйенің тұрақтылығын арттыру, киберқауіптерден қорғану және ақаулар туындаған жағдайда резервтік арна қалыптастыру екенін атап өтеді. Алайда оны АҚШ тарапынан болуы мүмкін қауіптермен тікелей байланыстырудан әзірге тартынып отыр.
Өткен жылы Ұлыбритания Қаржы министрлігі бөлшек төлемдерге арналған жаңа буын инфрақұрылымын құру жоспарын таныстырса, Bank of England оны әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құрған. Жаңа жүйе 2030 жылға қарай іске қосылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Британия міндетті цифрлық жеке куәліктен бас тартқан еді.