Ұлыбританияда автокөлік ұрлығы 75%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияда ұрланған автокөліктердің бір бөлігі Біріккен Араб Әмірліктері мен Грузияға жөнелтіліп, сол жерлерден басқа елдерге қайта сатылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ұлыбританияда автокөлік ұрлығы 75%-ға артты
Фото: pixabay

Соңғы он жылда Ұлыбританияда көлік ұрлығы 75%-ға өсіп, жылына шамамен 130 мың оқиғаға жеткен. Бұл мәліметтер Қорғаныс саласындағы Корольдік біріккен зерттеулер институтының «Ұлыбританиядағы ұйымдасқан автокөлік ұрлығы: үрдістер мен сын-қатерлер» атты баяндамасында келтірілген.

Ұрлықтар толқынының артында жоғары технологиямен жабдықталған қылмыстық синдикаттар тұр. Олар заманауи цифрлық құралдарды пайдаланып, шынайыға өте ұқсас құжаттарды қолдан жасайды, көліктердің сәйкестендіру нөмірлерін өзгертеді, шетелге көлік тасымалдаудың тиімді халықаралық сызбаларын қолданады және бұл ретте британдық құқық қорғау органдарының әлсіз әрі үйлестірілмеген әрекеттерін тиімді пайдаланады.

— Автокөлік ұрлығы енді ұсақ, кездейсоқ қылмыс емес. Бұл — ішкі және халықаралық аспектілері бар, табысы жоғары, тәуекелі төмен, ұйымдасқан ауыр қылмыстың бір түрі, — деп жазады зерттеу авторлары.

Ұлыбританияның беделді сараптамалық орталығы дайындаған есепте көлік ұрлығы ел экономикасына жыл сайын шамамен 2,3 миллиард доллар шығын келтіретіні және бұл жағдай 2021 жылдан бері автосақтандыру сыйақысының 82%-ға өсуіне себеп болғаны айтылған.

Құжатта Ұлыбритания порттарынан Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Кипр және Конго Демократиялық Республикасы сияқты елдерге үздіксіз автокөлік ағымы жүріп жатқаны сипатталады. Бұл елдерден көліктер көршілес мемлекеттерге сатылады. Ұрлықтан бастап шетелге жөнелтуге дейінгі бүкіл процесс кейде бір тәуліктен аз уақытты алады.

Құқық қорғау жүйесінің жауабы әлсіз әрі ретсіз болып отыр, бұл статистикадан көрінеді: 2024 жылы автокөлік ұрлығына қатысты айып тағылған істердің үлесі небәрі 2,6% ғана болды. Бұл көрсеткіш он жыл бұрын 9,2% болатын.

Мұндай құлдыраудың басты себептерінің бірі — кадр тапшылығы, оның салдарынан мамандандырылған бөлімшелердің жұмысы әлсіреп отыр. Мысалы, Лондонда бұрын автокөлік қылмыстарын тергеумен айналысқан бөлімше ондаған қызметкерден бірнеше офицерге дейін қысқарған.

Бұған дейін Ұлыбританияда дүкен тонаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті 2024 жылы бөлшек сауда секторына 2,8 миллиард доллар шығын келтіргені хабарланған болатын.

Айта кетейік, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Ламми Тегеранды Ормуз бұғазы мәселесі бойынша келіссөздер үстеліне қайта оралуға шақырған еді.

Соңғы жаңалықтар