Ұлыбританияда дрон иелері міндетті тест тапсыруға тиіс

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа ереже Ұлыбританиядағы жарты миллион адамға әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ұлыбританияда дрон иелері міндетті тест тапсыруға тиіс
Фото: Caa.co.uk

Мыңдаған британдық Рождество мейрамында дрон алды, алайда енді жаңа иелерге оларды  ұшырмас бұрын міндетті теориялық тест тапсыру қажет болады.

1 қаңтардан бастап салмағы 100 граммнан асатын дронды немесе авиамодельді ұшырмақшы болғандардың барлығы Ұлыбритания Азаматтық авиация басқармасының онлайн емтиханынан өтіп, дрон операторы куәлігін алуға міндетті. Бұған дейін бұл талап тек көлемді құрылғыларға ғана қолданылған.

Сонымен қатар, 100 граммнан асатын дрон иелері авиация басқармасына тіркелуі қажет.

Жаңа талап Ұлыбритания бойынша шамамен 500 мың адамға қатысты болуы мүмкін деп есептейді.

Ереже кәмелетке толмағандарға да қатысты, бірақ олардың жасы ескеріліп, әртүрлі талап белгіленген. 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер емтиханды өздігінен тапсыра алады және дронды басқара алады, алайда олардың ата-анасы немесе қамқоршысы авиация басқармасына тіркелуі тиіс.

13 жасқа дейінгі балалар да дрон операторы куәлігін алуы керек, бірақ тест тапсыру кезінде олардың жанында ересек адам болуы қажет. 12 жасқа дейінгі балалар тек 16 жастан асқан адамның бақылауымен дрон басқара алады, олардың ата-анасы немесе қамқоршысы да тіркелуі қажет.

Басқарма атап өткендей, қажетті құжаттарсыз ұшу заң бұзу болып саналады және бұл айыппұлға немесе ауыр жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

— Дрон көбіне Рождествода сыйлыққа беріледі, жаңа ереже күшіне енгеннен кейін барлық пайдаланушы тіркеліп, дрон операторы куәлігін алып, қауіпсіздік талаптарын орындауы керек, — деді авиациялық басқарма өкілі Джонатан Николсон.

Пайдаланушыларға сондай-ақ әр ұшырудан бұрын әуе кеңістігін пайдалану шектеулерін тексеру және әуежай мен тікұшақ қонатын алаңдардан қауіпсіз қашықтықты сақтау ұсынылады, бұл әуе кемелері үшін қауіп тудырмау үшін қажет.

Айта кетейік, енді дрондар мен ЖИ заңсыз құрылыс нысандарын анықтайды

Соңғы жаңалықтар