Ұлыбританияда қауіпті вирустың жаңа штамы табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігі (UKHSA) Англияда mpox вирусының (маймыл шешек) жаңа штамы табылғаны туралы хабарлады, деп хабарлайды Sky News.

Ұлыбританияда қауіпті вирустың жаңа штамы табылды
Фото: Pixabay

Инфекция жақында Азиядан оралған адамнан анықталды.

UKHSA мәліметінше, геномдық тестілеу жаңа штамда mpox вирусының екі қосалқы түрінің элементтері бар екенін аңғартты. 

Агенттік дәрігері Кэти Синка вирустық эволюция табиғи процесс екенін және одан әрі талдау лның болашақта қалай өзгеретінін жақсы түсінуге көмектесетінін атап өтті.

Оның айтуынша, ауру әдетте жеңіл өткенімен, ауыр асқынулар тудыруы мүмкін. Осы орайда вакцинация вирус жұқтырмаудың, аса ауыр зардаптардан қорғаудың тиімді шарасы болып қала береді. Вакцинация және гигиена сияқты профилактикалық шаралар инфекцияның таралуына жол бермейді.

Мpox-тың алғашқы белгілері: көпіршіктер, дақтар немесе жаралар, тері бөртпесі. Сондай-ақ ауруды жұқтырған адамның басы, бұлшық еті және арқасы ауырады. Бөртпе әдетте аурудың алғашқы күндерінде пайда болады.

Вирус зақымдалған теріге тікелей жанасу арқылы таралады. Инфекция жақын байланыс арқылы жұғады. Ол киім немесе төсек-орын сияқты заттармен таралуы мүмкін.

Бұған дейін Германияда кәріз суларынан полиомиелит туындататын вирус табылғаны туралы жаздық. 

Соңғы жаңалықтар