Ұлыбританияда қысқа мерзімді жаза түрлері жойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания қылмыстық-атқару жүйесін реформалау аясында бір жылға дейінгі қысқа мерзімді бас бостандығынан айыру жазаларын жоюды және қоғамдық жұмыстарды қатаңдатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Великобритания откажется от коротких тюремных сроков
Фото: Alamy

Sky News мәліметінше, үкімет қыркүйек айында жазалау жүйесін түбегейлі өзгертетін заң жобасын енгізеді. Реформаның негізгі мақсаты – қысқа мерзімді түрмелік жазаларды азайтып, қамауда отырмайтындарға қатысты бақылауды күшейту.

Заң жобасы бойынша 12 айға дейінгі көпшілік түрме жазалары алынып тасталады. Ерекше жағдайларда ғана, мысалы тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінде мұндай жаза қолданылмақ. Оның орнына шартты жазалар кеңейтіліп, қоғамдық жұмыстардың мерзімі қатаңдатылмақ.

Шартты жаза мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылмақ.

Сонымен қатар, АҚШ-тың Техас штатындағы тәжірибеге ұқсас, жақсы тәртібі үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүйесі енгізіледі. Бұл тек үлгілі сотталғандарға қатысты қолданылады.

Алайда, террористер мен аса қауіпті қылмыскерлерге бұл жеңілдік жүрмейді.

Жаңа жүйеде қамаудан тыс жазалау түрлері де айтарлықтай күшейтіледі. Олардың қатарында стадиондар мен концерт залдарына баруға тыйым салу, барларға кіруді шектеу, есірткіге тест тапсыру міндеттемесі бар. Балама жаза ретінде жүргізуші куәлігінен айыру, белгілі бір аймақтан шықпау немесе нақты жерде тұру міндеті қарастырылмақ. Бұған дейін бұл шаралар тек жекелеген баптарда қолданылып келсе, енді кең ауқымды құқық бұзушылықтарға тағайындалуы мүмкін.

Ұлыбританиядағы реформаның басты себебі – түрмелердегі орын тапшылығы. Қазір елде жаңа түрме ғимараттары салынып жатыр. Олар қосымша 14 мың орынмен қамтамасыз етуі тиіс, оның 2,5 мыңы пайдалануға берілді.

Бірақ тек инфрақұрылымды кеңейту мәселені шешпейді.

Сарапшылардың айтуынша, реформа болмаса, алдағы айларда елде түрмелердің толып кетуі, сот процестерінің кешігуі және полиция тарапынан тұтқындаудан бас тарту жағдайлары орын алуы мүмкін.

Айта кетейік, Ұлыбритания заңсыз мигранттардың елге енуімен күреске тағы 100 млн фунт бөлмек.

Соңғы жаңалықтар