Ұлыбританияда Лейбористер жеңіске жетті
ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбританияда өткен Жалпы сайлауда Лейбористер жеңіске жетті. Бұған дейін бірнеше жыл оппозицияда болған партия көп дауыс жинады. Енді оның көшбасшысы Кир Стармер премьер-министр болуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Лейбористер парламенттің Қауымдар палатасындағы 650 орынның 400-ден астамына қол жеткізді. Консерваторлар 110-дай дауыс жинап, антирекорд орнатты. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері олар мұндай деңгейге түспеген. Үшінші орында Либерал-демократтар. Жеңімпаз партияның көшбасшысы Кир Стармер өзгерістердің уақыты келіп жетті деп мәлімдеді.
«Біз өмірдің жаңа парағын ашамыз дедік және дегенімізге жеттік. Бүгін біз келесі тарауды бастаймыз: билік партиясы жасаған бейберекетсіздікті тоқтатамыз, өзгерістер әкелеміз, ұлтты жаңарту міндетіне кірісеміз және елімізді қайта қалпына келтіре бастаймыз. Сіздерге рахмет», деді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Жаңа премьер-министр Кир Стармер 61 жаста. Англияның Лидс университетін азаматтық құқық мамандығы бойынша үздік аяқтаған. Бірқатар заң кеңселерінде жұмыс істеп, патша адвокаты дәрежесіне дейін көтерілген. Саясаткер бас мемлекеттік айыптаушы ретінде прокуратураны да басқарған. 4 жылдан бері Лейбористер партиясына жетекшілік етіп келеді.
«14 жыл билікте отырып, елдің тоз-тозын шығарған Торилердің жеңілгеніне қуаныштымын. Лейбористердің көп дауыс жинағанына ризамын»,- деді Лондон тұрғыны.
«Бұрынғы билік партиясы түк бітірмеді, тек елді тонаумен болды. Біз халыққа адал қызмет етіп, қамқорлық жасайтын басшының келгенін қаладық»,- деді тағы бір Ұлыбритания азаматы.
Осымен Тереза Мэй, Борис Джонсон, Лиз Трасс және Риши Сунак басқарған Торилердің дәуірі бітті. Сунак жеңіліс үшін әріптестерінен кешірім сұрады. Енді ол үшінші Чарльз патшаның қабылдауында болып, қызметінен босату туралы өтініш білдіреді. Монарх өз кезегінде Кир Стармерге үкіметті басқаруға ұсыныс жасайды. Ал Риши Сунак оппозиция көшбасшысына айналады. Бірақ ол партияны басқаруды жалғастырғысы келе ме, жоқ па әзірге белгісіз.
We said we will stop the chaos. And we will.
— Keir Starmer (@Keir_Starmer) July 5, 2024
We said we will turn the page. And we have.
The work of change begins today. pic.twitter.com/nROZuPdxNj