Ұлыбританияда науқастарға 20 жыл бойы АИТВ және С гепатитін жұқтырғандардың қаны құйылған

АИТВ
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM - Үкімет басшысы Риши Сунак медицина тарихында бұрын-соңды болмаған сорақы жағдайға “Масқара болған күн” деген баға берді. Өйткені 20 жыл бойы мыңдаған британиялыққа иммун тапшылығы вирусы мен С гепатитін жұқтырғандардың қаны құйылып келген. Араларында емі жоқ дертке душар болып, қайтыс болғандар көп, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

70-ші жылдардың басында Ұлыбританияда гемофилияны емдейтін жаңа қан препараты қолданыла бастады. Ол науқастарға ауруханада жатып қан құйғызудың орнына еркін жүріп емделуге мүмкіндік берді. Препарат АҚШ-тан тасымалданды. Ал оған қажет плазма донорлары жазасын өтеушілер, жезөкшелер және есірткі тұтынушылар болған. Бұл Адам иммун тапшылығы вирусын және С гепатитін жұқтыру қаупін едәуір арттырды.

“Өкінішке қарай, қолында билігі бар дәрігерлер, қан құю қызметіндегілер және бір-бірін ауыстырған үкіметтер науқастардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоймай инфекцияның таралуына жол берді. Олар вирустардың қан арқылы жұғатынын біле тұра салғырттық танытты”, - дейді Инфекция жұқтыру жағдайларын тергеу жөніндегі комиссияның төрағасы Брайан Лэнгстафф.

Ауқымды тергеу ісі 2017-ші жылы Тереза Мэй билікке келген кезде басталды. Ұзақ зерттеулерден кейін комиссия 2,5 мыңнан көп беттен тұратын есеп жариялады. Нәтижесінде 30 мыңнан астам адамның қан арқылы инфекция жұқтырғаны белгілі болды. Қорқыныштысы, 3 мыңға жуық науқас жан тапсырған. Ал кейбірінің ауруын анықтау, тіпті, мүмкін болмаған. Сорақысы мұның бәрін Ұлттық денсаулық сақтау қызметі қаржыландырып отырған. Құрбан болғандардың отбасылары мен тірі қалғандар жылдар бойы әділеттілік іздеп, шарқ ұрған.

“Мен бүгін инфекция жұқтырып, қайтыс болған бауырым Расселді еске алу үшін келдім. Осы күнді 30 жыл бойы күтіп, енді жеңілдеп жатырмын. Бүгін осында жиналған қарт адамдардың азабы артта қалады деп үміттенемін”, - дейді марқұмның туысы Даниэлла Эдгертон.

Егер шенеуніктер ықтималды тәуекелдерді болдырмау үшін әрекет еткенде апаттың алдын алуға болар еді дейді биліктегілер. Премьер-министр Риши Сунак мұндай жағдай ешқашан қайталанбауы керек деп мәлімдеді. Ол зардап шеккен отбасылардан кешірім сұрап, өтемақы төлеумен шектелу аздық ететінін атап өтті. Бүкіл жүйені түбегейлі қайта қарау қажет, деді ол.

“Бұл Ұлыбритания мемлекеті масқара болған күн. Бүгінгі тергеу нәтижесі ондаған жылдар бойы моральдық тұрғыда күйрегенімізді көрсетеді. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінен бастап, мемлекеттік қызметке дейін, бір-бірін ауыстырған үкіметтердегі министрлерден бастап, барлық деңгейлерде біз сенім артқан мамандар мен мекемелер үшін кешірілмес жағдай”, - деді Ұлыбритнияның премьер-министрі Риши Сунак.

Қан арқылы инфекция жұқтырған әрбір адам екі миллион фунт стерлингтен астам өтемақы ала алады. Ақшалай көмек науқастардың отбасылары мен жақындарына да беріледі. Төлемдер балалары мен ата-аналарына да тиесілі. Өтемақының жалпы көлемі шамамен 10 миллиард стерлинг фунтын құрауы мүмкін. Жәбірленушілер ақшаның маңызды емес екенін айтады.

“Өтемақы мені қанағаттандырмайды. Кінәлілердің қылмыстық қудалауға ұшырағанын қалаймын. Сонда ғана тынышталамын. Дәрігерлер жауапкершілікке тартылуы керек”, - дейді науқастардың бірі Стю Маклин.

Гемофилияны емдеуге арналған қан препараттарынан басқа да мемлекеттер зардап шекті. Дегенмен Финляндия сияқты кейбір елдер оны кеш пайдалана бастады. АҚШ-та қан плазмасын жеткізумен айналысқан компаниялар жәбірленушілерге соттан тыс миллиондаған доллар төледі. Франция мен Жапония сияқты елдерде саясаткерлер мен фармацевтикалық компаниялар немқұрайлылық танытқаны үшін сотталды.

Соңғы жаңалықтар