Ұлыбританияда суық қарумен жасалатын қылмыстар саны артқан

Ұлыбританияда суық қарумен жасалатын қылмыстардың саны көбейді. Лондонда қала шетінде де, орталығында да жүру қауіпті, пышақтап кетуі мүмкін. Жасөспірімдер қылмыстық топ мүшелерін бауыздап қана қоймай, көшеде кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың да өмірін қиюда. Британиялық БАҚ бұл жағдайды эпидемия деп бағалап отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Eliane Andam
Фото: www.nypost.com

Жақында Лондонның оңтүстігіндегі Кройдон ауданында жан түршігерлік оқиға орын алды. Мектепке бара жатқан 15 жасар оқушыны автобустан түскен сәтінде 17 жастағы жігіт бауыздап, қашып кеткен. Элианн Андамға көше жүргіншілері алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, өрімдей қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Бүгінде оқиға орнында гүл шоқтары мен тілек жазылған хаттар жатыр. Қайғы жұтқан жергілікті тұрғындар дұға етуден басқа амалдары жоқтығын айтады.

“Тығырықтан шығудың жолын ұсына алмаймын. Қолымнан тек дұға ету ғана келеді. Мұндай қылмыстың қайталанбауын тілер едім”, - дейді Лондон тұрғыны.

“Қызымды енді күнде қолынан жетектеп жүруіме тура келеді. Ол бесінші сыныпта оқиды. Өміріне қауіптенемін”, - дейді тағы бір көше жүргіншісі.

Статистикаға сәйкес, өткен жылы Англия және Уэльс полициясы суық қарумен жасалған 45 мың қылмыс тіркеген. 260 адам пышақталып, қайтыс болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп.

Ал пандемияға дейін бұл көрсеткіш одан да жоғары болған. Суық қарудың қолданылуымен болған қылмыс Лондонда көп тіркеледі. Садик Хан қалаға басшылық еткелі бері 150 баланың өлімі пышақтан болған.

“Мен үшін басты мәселе - лондондықтардың қауіпсіздігі. Бұл өте маңызды. Өз басым тұрмысы төмен отбасында туып-өскен соң қылмыс жолына түсуім мүмкін еді. Бірақ жастармен жұмыс істейтін орталықтардың және мұғалімдердің арқасында аман қалдым. Қатаң үнемдеудің нәтижесінде жастар саясатына инвестиция аз құйылып жатыр. Сондықтан жастар арасында қылмыс көп деп ойлаймын”, - дейді Лондон мэрі Садик Хан.

Суық қарумен жасалатын шабуылдардың нақты бір себебі жоқ, бір-бірімен байланысы да жоқ. Мұндай қылмыстар Лондонның орталығында да, шеткі аймақтарында да тіркеліп жүр.

Сарапшылардың пікірінше, өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығының дұрыс болмауы, кедейшілік және есірткі суық қарумен жасалатын қылмыстың көбеюіне себеп болуы мүмкін.

Британ заңдарына сәйкес 18 жасқа толмағандарға өткір заттар сатуға тыйым салынған. Өзімен бірге алып жүру заңсыз болып саналады.

“Бірақ интернеттің дамыған заманында жастарға суық қару қолжетімді. Олар көшеден де сатып ала алады. Бір-біріне сыйлайды. Сондықтан қала мэрінен мұны болдырмаудың нақты жоспары керек. Қазір қатты қажет болып тұрғаны сол”, - дейді Полиция және қылмыс бойынша Лондон ассамблеясының мүшесі Шон Бейли.

Элианн Андам - осы жылы пышақталған 15-ші жасөспірім. Өткен жылы дәл осы ауданда тағы бір баланың суық қарудан қаза болғаны белгілі. Қылмыстың алдын алу үшін белсенділер көбірек басқосулар өткізіп, проблемаларды бірге талқылауға бекініп отыр. Бірақ жан түршігерлік оқиғалардың тағы да қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды.

Соңғы жаңалықтар